Өзбекстан елшісін қабылдады
ШҚО әкімінің орынбасары Ерлан Аймұқашев Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті
Кездесу барысында Ерлан Аймұқашев Шығыс Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басты бағыттары – түсті металлургиялық зауыт өнеркәсібі, "Азия-авто" көлік шығару өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және өзге салалар туралы әңгімеледі. Елшіні өңірдегі экономиканы, саясатты және қоғамдық сананы қамтитын жүйелі жаңғыру үдерісімен таныстырды.
- Қазақстан мен Өзбекстанды сан ғасырлық туыстық қарым-қатынас, ортақ мәдениет, шынайы достық пен өзара ынтымақтастық байланыстырады. Шығыс Қазақстан облысы да Қазақстанның бір бөлігі ретінде сіздермен серіктестік орнатуға дайын, - деді ШҚО әкімінің орынбасары Ерлан Аймұқашев.
Өз кезегінде Өзбекстан елшісі де дипломатиялық диалогтан шеткері қалмады. Саидикрам Ниязходжаев әлемдегі 7 ірі титан өндірушілердің қатарына кіретін Өскемен титан-магний комбинатының жұмысын бағалады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сыртқы сауда айналымы қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында аймақаралық ынтымақтастық форумы ұйымдастырылмақ.
- Қазақстан экономика, индустрия, туризм, тіпті, қауіпсіздік мәселесінде де Өзбекстан мемлекетін қолдап келеді. Күзде Өзбекстан-Қазақстан аймақаралық-экономикалық форумы өтеді. Оған Қазақстанның басқа облыстары мен көрші мемлекеттің 14 өңірінің әкімшілігі және екі мемлекеттің іскер қауымы қатысады. Осы жиынға Шығыс Қазақстаннан да кәсіпкерлерді шақырамыз. Бұл бауырлас елдердің ынтымағын одан әрі нығайтады, - деді Өзбекстан елшісі.
Аталған шаралардың көздегені - ШҚО мен Өзбекстан арасындағы туризм саласын дамыту. Қазірдің өзінде Өзбекстанда қазақ кәсіпкерлерінің қаржыландыруымен 206 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, 2017 жылы екіжақты сауда-саттық 31 пайызға өсіп, 2 миллиард долларға жеткен. Биылғы 6 айда сауда айналымы тағы артып, 1,4 миллиард долларды құрады. Енді 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 3-тен 5 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.