Қолжетімсіз баспана жыры біте ме?
"Өз үйім - өлең төсегім" дейтін қазаққа бұл заман "Өзгенің үйі - өз төсегім" дегізді. Бұл күнде баласын үйінде өсіріп-жеткізу үшін бір баспанаға зар болған халық қаншама?! Құс екеш құс та балапан басу үшін алдымен ұя салады. Сол секілді үйсіз қазақты өсіп кетеді деуге келмес
Бір үйге зар болған қазақтың қолын баспанаға жеткіземіз деген жобаның бірі "Қолжетімді баспана" бағдарламасы еді. Бұл бағдарламаның өзге артық-кемін айтпағанда, қазақ үшін ең қолжетімсіз жері - Астана мен Алматы қаласы үшін 2 жыл тұрақты тіркеуде болу міндеті еді. Яғни, үйсіз қазақтың үйлі болуына жасалып жатқан жасанды кедергі. Себебі қазір бұрынғы далалық көшпенділік - қалалық көшпенділікке ауысқан заман. Екінші кедергісі - бастапқы жарна, кем дегенде, 30%-ды құрау керек болды. Тіпті, кейбір банктер аталмыш бағдарламамен 50%-дық алғашқы төлемді талап еткен. Енді мемлекет басшысының биылғы "5 әлеуметтік бастамасы" аясында "7-20-25" бағдарламасы бойынша бірқатар банктер арқылы жеңілдетілген несие беріле бастады. Елдегі 6 қаланың тұрғындарына баспана алуға мүмкіндік туды. Олар - Астана, Өскемен, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай және Орал қалалары.
- Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы және басқа да ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстанның әрбір азаматы қатыса алады. Бағдарлама қатысушысының кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен тұрақты расталған кірісі болуы тиіс және қатысушының басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Бағдарлама бойынша Қазақстанның кез келген өңірінен Алматы, Астана, Атырау қалаларынан ең максималды 25 млн теңгеге, қалған өңірлерде 15 млн теңгеге баспана сатып алуға болады, - дейді Ұлттық банктің ШҚО-дағы филиалының директоры Айнагүл Жолдыбалина.
Қазіргі таңда "Баспана" несие ұйымы екінші деңгейлі "Центркредит", "Халық", "Еуразия", "Цесна", "АТФ", "РБК" және "Тұрғын үй құрылысы жинақ банктерімен" келісімге қол қойды. "Сбербанк" пен "Форте банк" бағдарламаға қызығушылық танытып отыр және техникалық жұмыстарды аяқтағаннан кейін "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы жөніндегі келісімге қол қоюға дайын.
- Бағдарламаны іске асыру басталып кетті. Қазіргі таңда аймақта өтінімді қабылдау және қарауды "Центркредит банкі" және "АТФ банкі" жүзеге асыруда, - деп қуанышты хабарды жеткізді филиал директоры Айнагүл Құмарқызы.
Жаңа бағдарламаға сәйкес, несие өсімінің мөлшерлемесі жылына комиссиясыз және қосымша ақысыз 7 пайыздан, тұрғын үй құнының бастапқы жарнасы 20 пайыз, кредиттің ең ұзақ мерзімі 25 жыл. Енді бағдарлама бойынша үй беріле бастағанда, өңірдегі үй бағасы шарықтап кетпей ме деген заңды сұрақ туындайды. Сондай-ақ, берілетін несиенің пайызы 7 пайыздан да төмен түссе, халық үшін нағыз тиімді болмақ.
- Сыйақы мөлшерлемесі аталған сан бойынша жүзеге асырылады. Оның мөлшерінің өзгеруі туралы жоспар әзірге жоқ, - дейді Ұлттық банктің ШҚО-дағы филиалының директоры.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев тұрғын үй бағасының өзгеру-өзгермеу ықтималдығы туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, бағалық коньюнктураның өзгеруі ұсыныс пен сұранысқа тікелей байланысты.
- Ең маңызды әлеуметтік институт - отбасы институты. Отбасы - өмірдің барлық біліктілігін қамтитын орта. Ал отбасының дамуы үшін оған алдымен үй керек. Бұл бағдарламаның арқасында әрбір қазақстандық өзінің кішігірім мемлекеті - отбасын сақтап қалады деп сенемін, - дейді ШҚО-дағы үздік әлеуметтанушылардың бірі Элеонора Столярова.
Анықтама: www.baspana72025.kz сайтынан барлық қажетті ақпаратты алуға болады. Сондай-ақ + 7 (727) 227-20-25 тегін нөмірі бойынша call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 7-20-25 бағдарламасының мобильді қосымшасы әзірленуде, ол жуық арада App Store мен Play Маркет арқылы көшіріп алу үшін қолжетімді болмақ.