Усть-Каменогорск
пасмурно
+14°
  • Усть-Каменогорск
    +14°
  • Алматы
    +17°
  • Нур-Султан (Астана)
    +10°
  • Актобе
    +11°
  • Форт-Шевченко
    +12°
  • Атырау
    +12°
  • Караганда
    +9°
  • Кокшетау
    +8°
  • Костанай
    +8°
  • Кызылорда
    +18°
  • Павлодар
    +12°
  • Петропавловск
    +5°
  • Тараз
    +16°
  • Уральск
    +12°
  • Шымкент
    +17°
$
445.95
-0.83
482.96
-1.04
¥
61.66
-0.11
4.82
-0.02
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Тарбағатайлық балуанның мерейі үстем болды

Тарбағатайдың Ақсуат ауылында биыл алтыншы мәрте қазақ күресінен әлемдік турнир өткізілді. Биылғы бозкілем бәсекесінде әлемнің 23 елінен келген 40-тан аса балуан бақ сынасты

Барқытбелдің баурайында емші-шипагер, қазақ халық медицинасының негізін қалаушы тәуіп Ырғызбай Досханаұлы атындағы қазақ күресінен халықаралық гран-при турнирін өткізу ауыл халқының жыл сайынғы дәстүріне айналған. Алайда биылғы жарыстың ерекшелігі мен қазақ күресінің мәртебесін көтеруге қуат берер артықшылығы бар. Ол - Дүниежүзілік күрес одағының бұл әлемдік турнирді биыл бірінші рет ресми түрде халықаралық күрес турнирі ретінде мойындап, айрықша көңіл бөлуі.

- Қазақ күресін әлемге таныту үшін, Азия чемпионаты, тіпті, Олимпиада ойындарына қосу үшін түрлі турнир жарыстарды ұйымдастыруға күш салудамыз. Биыл Дүниежүзілік күрес одағы Ырғызбай Досханаұлы атындағы қазақ күресінен әлемдік гран-при жарысын өзінің күнтізбелік кестесіне тұңғыш рет ресми жарыс түрі ретінде енгізіп отыр. Бұл турнир - Қазақстан Барысы, Еуразия Барысы сынды коммерциялық жобалар сынды емес, маңызы зор, қазақ күресінен ұйымдастырылатын халықаралық жалғыз гран-при бәсекесі. Бұған Еуропа мен Азияның ең мықты палуандары қатысып отыр, - дейді Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының бірінші вице-министрі Серік Төкеев.

Ал аталмыш турнирді өткізу туралы бастама көтерген әрі жарыстың басты ұйымдастырушысы Бәделхан Камалханұлының айтуынша, бес жыл үзбей өткізілген жарыстың тарбағатайлық жастарға берген пайдасы мен үлгі-өнегесі мол.

- Қазақ күресінің көркем әдістерін шетелдік балуандардың еркін меңгеріп, оның техникалық қыр-сырын кеңейтіп жатқаны қуантады. Еуропа мен Азияда түрлі әлемдік додаларда өнер көрсетіп жүрген самбо, дзюдо, грек-рим күресінің жарық жұлдыздары, енді міне, қазақ күресінен бақ сынауға жиналып отыр. Бұл қазақ мәдениетін, қазақ ауылын әлемге паш ету. Онсыз да күрестен кенде емес тарбағатайлық жастардың соңғы жылдары белбеу күресіне деген қызығушылығы артқаны байқалады. Біріккен белбеу күресі қауымдастығына келіп, қатысуға тілек білдіргісі келген жастар көп, - дейді Дүниежүзілік Қазақ күресінің вице-президенті Бәделхан Камалханұлы.

Бозкілем балуандары Тарбағатайға ат басын тіреген күні бірінші болып Ырғызбай Досханаұлының кесенесіне барып, мұражайымен танысып, ас ішті.

- Әлемдік турнирді туристік мақсатта пайдалануға тырысып жатырмыз. Шет елдің азаматтарын қазақ мәдениетімен таныстырып, киелі орындардың қасиетін насихаттағымыз келеді. Бұл турнирдің Тарбағатай туризміне де әсер еткені байқалады. Өйткені бұрындары Ырғызбай атаның кесенесіне зиярат етіп келушілердің саны жыл сайын үш мың адамнан аспаған болса, қазір он мың турист келіп, қасиетті орынмен танысып қайтатын деңгейге жетті, - дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.

Белбеу күресінің ішінде самбо мен дзюдоның қимыл әдісі қазақ күресіне етене жақын. Шетелдік спортшылардың айтуынша, қазақ күресінің әдіс-тәсілі қиын емес, үйренуге жеңіл.

- Қазақ күресінің ерекшелігі де сол - партерде жатып емес, татамиде тік тұрып белдесетіндігіміз. Ұлттық күрестің ережесі ауыр емес, тек біз үшін жат күрестің түрі десем болады, үйреншікті емес, - дейді чехиялық Илья Юдчина.

Бұл жолы қазақ ауылына әлемнің Рустам Арсланов, Бека Берденешвили, Мухсин Хиссамуддин, Яба Мумладзе сынды апайтөс балуандары келіп қатысты. Дүбірлі додаға жеті қазақ балуаны, алты өзбек, үш қырғыз, екі тәжік, екі түркімен және екі моңғол, екі грузин балуаны қатысты. Бозкілемде қазақ пен өзбектің, грузин мен түркіменнің балуандары айқасқанда халықтың делебесі қозып, тақымы терледі.

Түйе палуандар арасында қазақ жігіттерінің бәсіресі бекем бола алмады. Үш балуанның екеуі бозкілемде әп дегенде-ақ жер искеп, бұған дейін бұл турнирде қола алған Талғат Әміренов финалға жақындағынымен, орыс палуанына есе жіберіп қойды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы турнирге әлемдік жарыстың аурасын сезініп, жолдары ашылсын деп жас палуандарға көп жолдама берілген. 80 келіге дейінгі салмақта төрт қазақ балуаны өнер көрсетіп, оның екеуі қарсылас шақ келтірмеді. "Өгіз" балуандар арасында өзбек пен қазақтың күресі жұртшылықты сүйсіндіріп, арқасын қоздырды. Финалдық кездесуде екі қазақ балуаны екі өзбек балуанын жерге алып соғып, жұртты сүйіндірді. Ал соңғы тартыста Қуаныш Мұратов пен Ғабит Дәулетбаев ұзақ белдесіп, тарбағатайлық балуанның бағы жанды. Қуаныш Мұратов бұл турнирдің осымен екінші мәрте "алтынын" алып отыр. "Өгіз" балуандар арасында екі қазақ бірінші және екінші орынды ағалы-інілі боп бөліссе, үшінші орынды өзбек балуаны Камаллиддин Рассулов қанағат тұтты. Түйе палуандар арасында қос кәсіби, әдіскер спортшылардың өзбекстандық Мухсин Хиссамуддин мен грузиялық Яба Мумладзенің белдесуі халыққа көзайым болды. Бұл жолы атан күшті ала шапанды ағайын айлакер, епті грузинді қапыда ұстап, бозкілемге жамбасын қаптырды. Басты бәсекеде тағы да Мухсин ортаға шығып, атан жілікті, 170 келі салмақтың "иесі" Рустам Арслановты аз ғана басымдықпен жеңіп, былтыр бұйырмаған алтынды биыл қанжығаға байлады.

Турнирдің бұл жолғы жүлде қоры 8,5 млн теңгені құрады. Бас түйе палуан 3 млн теңгенің сертификатын алса, екінші орынның иесі 1,5 млн теңге, үшінші орын алған споршы 1 млн теңге ақшалай сыйлық алды. Ал өгіз балуандар 500 мың мен 1,5 млн теңгенің аралығында сыйақы алды.

- Өзге ұлттың палуандары қазақ күресінің керемет көркем әдістерін бір адамдай біліп, меңгеріп алған екен. Қазақ палуандарының өзіне дес бермей жатты, - дейді Халықаралық қазақ күресі федерациясы әкімшілік комитетінің төрағасы Марат Мәзімбаев.

Жарыс кезінде алғаш рет тарбағатайлық балуан Мақсат Мазбаевтың Қазақстан Барысында Шығыс Қазақстанның намысын қорғайтындығы белгілі болды. Ақсақалдар жас спортшыға бата беріп, ақ жол тіледі.

Осы орайда айта отырайық, қазақ күресінен Ырғызбай Досханаұлы атындағы байрақты бәсеке осыдан алты жыл бұрын облыстық жарыс ретінде өткізілген, келесі жылы республикалық, ал 2015 жылы әлемдік гран-при сайысы ретінде қарқын алып, енді, міне, биыл Дүниежүзілік күрес одағының күнтізбесіне енгізілген тұңғыш қазақстандық жарыс түрі болып отыр. Аз ғана ауылдан басталған бастама әлемдік дәрежеге көтеріліп, ұлттық жекпе-жек өнерінің дамуына қарапайым ғана ауыл халқының ауызбіршілігі зор ырыс-берекеге бастап отыр.

Следующая →