Усть-Каменогорск
ясно
-12°
  • Усть-Каменогорск
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -3°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +8°
  • Атырау
    -2°
  • Караганда
    -4°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

45 жастан кейін жұмыс табу қиын ба?

Әр адамның физикалық мүмкіндігі әр түрлі. Кейбір қарт кісілердің жасы алпысты алқымдаса да күш-қайраты өзінде

Әрине, жасы келген шақта еңбек ету-етпеу әркімнің өз қалауында. Алайда жасы зейнетке жетпеген, екі қолға бір күрек сұрап жүрген азаматтарды, әсіресе, әйелдер қауымын неліктен жұмыс берушілер жұмысқа алуға құлықсыз?


45 жастан аспауы тиіс

Жасы елуді еңсерген азаматтардың жұмыс табуы қиын. Бұған екі қолға бір күрек таба алмай, талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүргендер дәлел. Өйткені, жұмыс беруші егде жастағыны емес, жастарды жұмысқа қабылдағанды жөн көреді.

- Талай бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне барғанмын. Ұсынылған мамандықтар тізімінен өзіме қажеттіні тапсам да, жұмысқа алмады. Себебі, талапқа сай келмейді екенмін. Дәлірегі, жұмыс берушілер 45 жастан аспағандарға ғана жұмыс ұсынады, - дейді 50 жасында өзгенің баласын бағып күнін көріп отырған Күләш Ахметова.

Иә, көше бойындағы бағаналар мен аялдамаларға жапсырылған немесе әлеуметтік желілерде "50-ден асқандар мен зейнеткерлер үшін жұмыс" мазмұнындағы хабарландырулардан көз сүрінеді. Десек те, оның барлығы тұрақты жұмыс деп айту қиын. Осындай хабарландырудың бірнешеуіне қоңырау да соғып көрдік. Нәтижесінде басым көпшілігі желілік маркетинг, пирамада сынды жұмыстар болып шықты.

- Қарапайым қызметте жүріп зейнетке шығу қалыпты құбылысқа айналу керек еді. Алайда қазір орта жастан асқанда мекеме басында отырмасаң немесе жеке кәсібің болмаса, жұмыс табу қиын. Дәл қазір жасың 45-тен асты деген сөз - "өлдің Мамай, қор болдың" деген сөз. Көп жағдайда жұмыс берушілер жұмыс іздеушінің жасына шектеу қояды. Ол аз болғандай, әйелдердің зейнет жасы да "өмір жасынан" артығымен алыстап барады, - дейді тұрақты жұмысы бар 56 жастағы Гүлмира Жылысова.

Гүлмира Жылысованың 46 жастағы Назира есімді сіңлісі де жұмыссыз. Назира ханымның айтуынша, хабарласқандардың барлығы ауыр жұмысты ұсынады.

- Еден жуудың да машақаты көп. Тек қана еден жуып қоймайсың, гүл суарасың, одан қалды аула жұмыстарына араластырады. Шелектеп су көтеруге денсаулық та келмейді. Біздің жастағы азаматтарға кеңседе отырып, жазатын жұмыстар көп болса ғой, - дейді Назира Жылысова.

Жасы 45-50-ден асқандардың екі қолға бір күрек табуы қаншалық қиын процесс екеніне көз жеткізу үшін жұмыс іздеушілер жүгінетін арнайы газеттерді бір шолып шығу жеткілікті. Мәселен, қара күшті қажет етпейтін бухгалтер, экономист, заңгер сияқты іс-қағаздар мен есеп-қисап мамандықтарының шекарасы 22-45 жасты құрайды. Елу жас деп көрсеткен мекемелер некен-саяқ. Дүкендегі сатушылыққа 25-35 жас аралығында шектеу қойылады. Кейде, тіпті, білікті әрі тәжірибесі мол маманның өзі жасының үлкендігіне байланысты далада қалады. Жұмыс тауып берумен айналысатын мекеме қызметкерлерінің айуынша, кейде жұмыс берушілер жасқа байланысты шектеулерді не үшін қоятындарын өздері де білмейді. Қалыптасып кеткен үрдіс ретінде жалғасып келеді.


Елуден асқандар еңбекке жарамсыз деп кім айтты?

ҚР "Халықты жұмыспен қамту" Заңына сәйкес, 16 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтардың жұмысқа орналасуға толығымен құқығы бар. ҚР Еңбек кодексі бойынша, ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына және басқа да белгілер бойынша кемсітуге болмайды. Алайда көптеген қазақстандықтар жұмысқа қабылдау барысында ашық кемсітуге тап болуда.

- ҚР "Еңбек Заңына" сәйкес, 45-50 жастағы адамдар санаты мақсатты топ болып табылмайды. Бірақ олар экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар ғой. Жұмыс берушілердің аталған жастағы азаматтарды жұмысқа алмау мәселесі жұмыс берушінің ҚР Заңы алдындағы жеке жауапкершілігі болып табылады, - дейді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова.


Мемлекет қандай бағдарлама ұсынады?

Дәл осы сауалды ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысы Елена Старенковаға қойған едік.

- Мемлекет 45-50 жастан асқандарды жұмыспен қамтып, қоғамды мазалаған мәселенің шешімін табудың оңтайлы жолын қарастыруда. Бұл ретте 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Ол - нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Оның 2 бағыты бар: біріншісі, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, екіншісі, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, - дейді Елена Васильевна.

Бірінші бағыттың қатысушылары бір реттік ыстық тамақ, стипендия, жол жүру ақысы мен тұруға арналған материалдық көмекті ала алады екен. Бағдарламаның екінші бағытында да орта жастан асқан жұмыссыз азаматтарды қолдау көзделген.

- Егер сіз жеке бизнесті алғаш рет ашсаңыз, онда мемлекет сізге көмек ретінде кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытуды жүргізеді. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға сондай-ақ, бизнес жоспарды әзірлеуге жәрдемдесу кіреді. Осыған байланысты 45-50 жастағы азаматтардың жұмыспен қамтудағы мемлекеттік бағдарламаларды қолдануға толық құқықтары бар, - дейді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы.

Бұдан өзге, халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады. Аталған жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді.

Бүгінгі таңда қоғамдық жұмыстарға 912 азамат тартылған көрінеді. Басқарманың мәліметінше, 2017 жылы жоспар бойынша 659 адамның орнына 971 адам әлеуметтік жұмысқа жіберілсе, оның 539-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Мамандардың айтуынша, тұрғындар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына да қатыспайды. Себебі бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақысы аз.

Следующая →