Усть-Каменогорск
малооблачно
+8°
  • Усть-Каменогорск
    +8°
  • Алматы
    +17°
  • Нур-Султан (Астана)
    +10°
  • Актобе
    +11°
  • Форт-Шевченко
    +15°
  • Атырау
    +11°
  • Караганда
    +9°
  • Кокшетау
    +6°
  • Костанай
    +8°
  • Кызылорда
    +22°
  • Павлодар
    +8°
  • Петропавловск
    +6°
  • Тараз
    +16°
  • Уральск
    +10°
  • Шымкент
    +17°
$
441.58
+0.17
480
+2.22
¥
61.19
+0.07
4.86
+0.02
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Ел қорғаны - тәртіп сақшысы

2007 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 23 маусымды Полиция күні деп бекіткен болатын. Ал биыл полиция қызметінің құрылғанына 26 жыл толып отыр

Облысымызда бүгінгі таңда 5 мыңнан астам тәртіп сақшысы қызмет етеді. Жыл сайын облыс аумағында 15 мыңға жуық түрлі қылмыстар жасалады. Ол қылмыстардың жыл сайын 70 пайызға жуығы ашылып, қалғандарына іздеу жарияланады. Жыл сайын төрт мыңға жуық қылмыстың кім жасағаны білгісіз күйде қалады.

Ал бүгінгі кейіпкеріміз соттан, түрмеден қашқан қашқындарды іздеп, оны абақтыға қайта қамаумен айналысатын, Өскемен қаласы ІІБ-ның Криминалды іздеу бөлімінің басшысы Айдархан Дүйсембаевтың қызметі тікелей қылмыстың ашылу не ашылмауына байланысты.


Қылмыскерлер қол қусырып отырмайды

Полиция қызметіне он бес жылын арнаған полиция майоры іздеу барысында қашып жүрген жүздеген қылмыскерді тауып, жоғалған ондаған адамның мекенжайын анықтаған. Жедел уәкілдің айтуынша, іздеумен айналысатын полиция қызметкеріне, ең алдымен, логикалық ойлау мен төтенше жағдай кезінде саналы шешім қабылдай білу қабілеті қажет. Өйткені іздеуде жүрген қашқындар жай қылмыскерлер емес, олар қолдан сытылып шыққан, әккі, қуаяқ "кәсіби құқықбұзушылар".

- Із аңдушы полицей қылмыскерше ойлай білуі керек. Көбінесе, ауыр қылмыс жасаған, үй тонаумен, адам өлтірумен, қыз зорлаумен, алаяқтықпен айналысқан, бұрын да сотты, істі болған қылмыскерлер іздеуде жүреді. Тәртіп сақшыларының қолына түспей қалған, тіс қаққан қылмыскерлердің оңайлықпен ұстала қоюы екіталай. Оның үстіне, бұрын да қылмыс жасап әбден бой үйретіп алған жырындылар әрбір қылмысын ойластырып, жоспарлап жасайды. Ұсталмай кетудің амалын алдын ала пысықтап алады. Мұндай кәнігі, көп көрген айлакерлердің өзі өте ақылды, қу келеді. Технология дамыған сайын, ұры-қарының да әдіс-тәсілі күшейе түседі. Сондықтан біздің айламыз одан да асып түсуі керек, - дейді Айдархан Дүйсембаев.

Сондықтан іздеуде жүрген қылмыскерлердің көбі бір орында, бір мекенде тұрақтап қалмай, бір жерден екінші жерге қашып, табан іздерін жасырып жүреді. Полицейдің өмірінде ең ұзақ іссапар былтыр Орал қаласына барған кезде болған. Ол кезде елге арзандатылған несиеге үй сатып алып беремін деп талай тұрғынды қан қақсатқан алаяқ әйел ұсталған. Ал оны ұстау үшін бір айдай уақыт кеткен.

Басқа қалаға, басқа елге қашып кететіндер көп көрінеді. Мұндайда оларға халықаралық іздеу жарияланып, өзге елдің тәртіп сақшыларымен байланыс орнайды.

- Іздеу тобының полицейлері іссапарда көп жүреді. Он күннен бір айға дейін жұмыс сапарында жүретін кездер болады. Отбасым, балаларым менің бұл жұмысыма үйреніп қалған. Алматы, Астана қалаларына жиі барамыз, Өзбекстан мен Ресейге де барып қайтатын кездеріміз болады. Өскеменде ауруханада кісі өлтіріп, Өзбекстанға қашып кетіп, жалған құжат жасатып алған, кейін Ташкентте де адам өлтіріп қолға түскен шығысқазақстандық қылмыскерді ұстаған сәттеріміз болды. Өзбекстанда қылмыс жасап, Өскеменге қашып келген қылмыскерлерді де ұстаған жағдайлар басымыздан өтті. Іздеу жұмыстары бір өңірмен ғана шектеліп қалуы мүмкін емес, өйткені қылмыскерлер полицейлерден қашып құтыламын деп ойлап, бір орында тұрақтап қалмауды жөн көреді, - дейді полиция майоры.


Түптің түбінде ұсталады

Тәртіп сақшысының айтуынша, іздеуде жүретін де, іздеуде жүріп табылатын да қылмыскерлер көп. Айына, кем дегенде, 5-7 адам ұсталады. Ал осы айда Айдархан Абдуллаұлы іздеуде жүрген сегіз бірдей қылмыскерді ұстаған.

- Іздеу жарияланған қылмыскердің ісі ол табылмайынша, абақтыға қамалмайынша жабылмайды. Көбі ұсталмаймын-ау деген дәмемен қашады. Алайда он жыл, жиырма жыл жүріп ұсталатын қылмыскерлер болады. Өмірінде бір рет қылмыс жасап, қашып құтылған азаматтар түптің түбінде, әйтеуір, бір тұтылады. Бір жерден жаңсақтық жіберіп, орға құлайды. Өмір бойы қашып жүре беру деген болмайды. Бірде болмаса, бірде ұсталады. "Өтіріктің арты бір-ақ тұтам" демекші, қанша қаскүнем қылмыскер болмасын, жазасыз кетпейді, - дейді полицей.

Әдетте, өзге өңірде жүріп қылмыс жасаған ізделуші саусақ ізімен болсын, дактилоскопиялық сараптамалармен болсын, әйтеуір, табылады. Басқа аймақта жүріп қылмыс жасаса, бірден мәліметтер деректор қорына жіберіліп, қармақтың ұшы судың бетіне қалқып шығады.

- Байланыс телефондары арқылы да бақылау орнатып, қылмыстық топтың мекенжайын анықтауға тырысамыз. Мұндай операциялардың барлығы құпияда болады, - дейді Айдархан Абдуллаұлы.


"Гастрольдік" ұрылар көп

Қылмыстардың ішінде өршіп тұрғаны, көп жасалатыны - бұл ұрлық. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жасалған қылмыстардың 70%-ы ұрлық пен барымташылықтың үлесіне тиеді екен.

Ал Айдархан Дүйсенбаевтың айтуынша, ұрлықпен айналысатындардың көбі - "кәсіби" ұрылар.

- Полицейлердің арасында "гастрольдік ұрылар" деген түсінік кең тараған. Яғни, бірнеше қаланың азаматтары жиналып, топ құрып, бір қаладан екінші бір қалаға барып, ондағы үйлер мен мекемелерді тонап, олжалы болған соң, тағы бір қалаға безіп қоятын қылмыскерлерді осылай деп атаймыз. Ондай ұрылар бір күні Өскеменде жүрсе, енді бір күні Астанада не Алматыда, Көкшетау не Талдықорғанда жүреді. Бірде Астана мен Көкшетау қалаларын тонаған өскемендік қылмыскерлерді ұстағанбыз. Әдетте, мұндай ұрылар 3-5 адамнан құралып, бір топ құрып, әрекет етеді, - дейді полиция майоры.

Әр ұрының, қарақшылық топтың әдіс-тәсілі, айла-амалы бар екен. Біреуі есікті бұзып кірсе, бірі пластик терезені ашудың түрлі амалын біледі.

- Есікті не терезені қалай бұзып кіргеніне қарап, қай қылмыстық топтың оқиға орнында жұмыс жасағанын анықтаймыз. Ұрылардың арасында қолғап киіп үйді тонаған соң, не оң қолдың, не сол қолдың қолғабын шешіп, тастап кететіндері болған. Олар сол арқылы "бұл үйді мен тонадым" дегендей ишарат білдіріп, полиция қызметкерлерін әжуалағысы келеді, - дейді тәртіп сақшысы.


"Жақсы" полицей және "жаман" полицей

Тәртіп сақшысы, ең алдымен, психолог, адам психикасының қыр-сырын түсінетін маман бола білуі керек. Голливуд фильмдерінде америкалық коптардың адам психологиясымен қалай "ойнап", қалай санаға "шабуыл жасайтындығын", сол арқылы адам жан-дүниесін қалай иіп, "дерек сындыратындығын" талай көргенбіз. Әсіресе, полицейлердің "жақсы" полицей және "жаман" полицей рөліне еніп, адаммен сөйлесуі, сол арқылы қандай да бір ақпарат шығаруға тырысуы - нағыз психологиялық тактика. Мұндай амалды біздің полицейлер де қолданатын көрінеді.

- Полиция қызметкерлері серіктесімен бірге жүреді. Қылмыс болған орынға келіп куәгерлермен, іздеуде жүрген азаматтардың жақын туған-туыстарына барып әңгімелесеміз. Мұндайда полицейлердің бірі "жақсы" полицей рөліне еніп, ізделушінің туған-туыстарына тілектестік танытып, аяушылық білдіріп, қандай да бір мағлұмат алуға тырысады. Бұған көнбесе, онда "жаман" полицейдің кезегі келеді, - деп сырымен бөлісті полиция майоры.

Следующая →