Жағажайлар шомылу маусымына дайын ба?
Облыстағы бірде-бір жағажай алаңы суға шомылу маусымына дайын емес. Ал жыл басынан бері төрт адам суға кетіп көз жұмған. Оның ішінде екеуі шомылу маусымы басталғанда-ақ суға шомылуға барып, жан тапсырған
Былтыр облыста жазғы үш айлық шомылу мезгілінде 46 адам суға кетіп көз жұмған еді. Ал алдыңғы жылы күн райының салқын болуына байланысты суға кеткендердің саны біршама аз болған. Биыл ауа райының қалай болатындығы белгісіз. Дегенмен синоптиктер маусым айында күн ыстық болатынын айтып отыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің шомылу маусымы ашылар алдында жағажай мен суға шомылатын орындарды тексеріп шығатыны белгілі. Алайда бұған дейін де жағажай алаңдарын реттеуге немқұрайлы қарайтын кәсіп иелері адам өмірін сақтауға, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құлықты емес екендігін тағы бір дәлелдеп отыр.
- Қазіргі уақытта облыста үш қалалық жағажай мен Ұлан ауданында, Сібе көлінде үш жабдықталған жағажай бар. Алайда Өскемен қаласының құтқарушы мамандарының айтуынша жағажайлардың бірде-бірі тұрғындарды қабылдауға дайын емес, - дейді ШҚО ТЖД.
Барлық жағажайлардың кемшілігі бір: ол - жүзуге болатын аймақтың белгіленбеуі, балалардың шомылуына арналған бөлек орынның дайындалмауы.
- Балалардың шомылуына арналған орынның тереңдігі 1,2 метрден терең болмауы тиіс әрі белгілеп қоршалғаны дұрыс. Кенсіз материалдар комбинаты маңындағы жағажайдың жағдайы қиындау. Өйткені жағажайдың иесі жоқ, былтыр кәсіпкердің жерін сот тартып алған. Былайша айтқанда, бұл маңда жағажай бар да оның қауіпсіздігіне жауап беретін жан жоқ. Суы лай, маңайы қоқысқа толып кеткен, - дейді Өскемен ТЖБ бөлім басшысы Валентин Литвиненко.
Ал Семей қаласында жағдай мүлдем қиын. Өйткені қалада ресми ашылған, тұрғындардың шомылуына арнайы жабдықталған бірде-бір жағажай жоқ.
- Аудан және қала әкімдері азаматтардың қауіпсіздігіне көңіл бөліп, қоғамдық орындарды дамыту үшін жағалау маңын жабдықталған жағажайға айналдыруы тиіс. Қауіпті орындарды белгілеп, оған белгі орнату да әкімдердің міндетіне кіреді, - дейді ШҚО ТЖД бөлім басшысы Азамат Қапышев.
Алакөл жағалауының біраз бөлігі бос жатыр. Демалыс базалары жағалауды жалға ала отырып, ондағы қауіпсіздік жағдайларын да қамтамасыз етуі керек.
- Ал Алакөл маңындағы жағалау телімдері демалыс базаларының міндеті бекітілмегендіктен, Үржар ауданы әкімдігі мен кейбір демалыс базаларынан басқа адам тағдырын ойлайтын ешкім жоқ, - дейді ШҚО ТЖД Шығыс өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Анатолий Рожков.
Жыл басынан бері облыста суға шомыламын деп жеті адам өлім құшқан. Оның ішінде бесеуі - шомылу маусымы ашылғаннан бері жазатайым өлім құшқан. Қаза тапқандардың арасында біреуі - бала. Баланың өліміне де ата-ананың өзі кінәлі. Көлігін мұздың үстіне шығарған көлік иесі ішінде баласын қараусыз қалдырып кеткен. Ал бүлдіршін көліктен түспек болып, байқаусызда суға кетіп қалған.
Өткен сенбі күні Жарма ауданындағы қолдан жасалған су қоймасына шомылуға барған 33 жастағы ер азаматтың сүйегі табылды. Ал құтқарушылар жігіт жасындағы азаматтың суға кетуіне ішімдік себеп болғандығын айтады.
- Қайтыс болған - Өскемен қаласының тұрғыны. Ол Жарма ауданының Әуезов кентіне іссапармен барған. Жиналған азаматтар қосылып ішімдік ішіп, ауылдан жарты шақырым жерде жатқан су қоймасына барып шомылмақ болған. Қолдан жасалған су қоймасында шомылуға болмайды. Оның үстіне, азамат ішімдік көп ішіп қойғандықтан, суға батып кеткен. Құтқарушылар батып кеткен азаматтың сүйегін бір жарым сағат бойы іздеді, - дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Тағы бір 24 жастағы жігіт Өскемен қаласындағы жағажайда суға түспек болып, өлім аузынан қалды. Салқын күнде суға шомылмақ болған мас жігіттің бұл күні жолы болды. Ертістің ағын суына төтеп бере алмаған тұрғынды құтқарушылар аман алып қалған.
Құтқарушылардың айтуынша, суға кетіп қайтыс болғандардың 70%-ы мас болғандар.
- Жағажай маңы қоғамдық орын болғандықтан, бұл маңда да ішімдік ішуге тыйым салу қажет. Ал Төтенше жағдайлар департаментінде мұндай құқық жоқ, - дейді Анатолий Рожков.
Қалай десек те, бейбіт заманда азаматтардың жазымыштан жазатайым жағдайға ұрынып жатқаны құтқарушылардың жанына батады. Сондықтан мамандар тұрғындарды барынша абай болуға шақырып отыр.