Өскеменде жылуы жоқ үйлер әлі де бар
Облыс орталығында 48 жанұя мүлдем жылуы жоқ баспанада тұрып жатыр
Қалада жылуға қосылмаған үйлер әлі де бар. Өскемендегі Аблакетка кентінің Челюскина көшесінде орналасқан 2 қабатты алты үйдің тұрғындары 1957 жылдан бері пеш жағумен келеді. Ол жекеменшік пәтерлер болғандықтан, тұрғындар өздері ақша жинап, жылу мен су жүйесін ретке келтіріп алуға тиісті. Ал тұрғындар болса, шара қолданбады деп тұтынушылар кооперативінің жетекшісі мен Өскемен қаласының әкімдігін кінәлап отыр. 27-ші үйдің тұрғыны Нина Щуканың соңғы үміті облыс әкімінде болғандықтан, тұрғындардың арызын жинап, басшының атына хат жолдайды.
- 10 жыл бойы әкімдікке шағымданумен келеміз. Алайда ешқандай нәтиже жоқ. Әсіресе, кішкентай балалары бар отбасылар және қарттар мен мүгедек жандарға қиынға соғып тұр. Тұрғындардың жылу сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған соң, шарасыздан облыс әкіміне және БАҚ-қа жүгіндік, - дейді бастама көтеріп жүрген Челюскина көшесінің байырғы тұрғыны Нина Петровна.
Ол апаттық жағдайдағы үйде 83 жастағы зейнеткер жалғыз тұратынын атап өтті. Олар қыс мезгілінде "буржуйка" пештерін қолданып, екінші қабатқа көмір тасуға мәжбүр болады. Қыстың қақаған аязында отын-көмір тасу да егде тартқан адамға оңай емес. Зейнеткерлер отын-көмірді тасуға, оны 2-ші қабатқа көтеріп шығару үшін адам жалдайды. Мұндағы тұрғындардың айтуынша, жылына әр үйге 6-7 тоннадай көмір кетеді екен. Бұл тамызықты қоспағанда. Шенеуніктер де бюджеттің жұқалығын айтып, тұрығындардың сан мәрте бетін қайтарған көрінеді. Аблакетка ауданының тұрғындары осылай деп дабыл қаққан соң облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі келді.
- Алаңдамаңыздар, биыл ешқандай отын-көмірді сатып алудың қажеті жоқ. Ертеңнен бастап тұтынушылар кооперативі мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы жұмыстарын бастайды. 1 қыркүйекке дейін барлық қажетті жұмыстар аяқталады. Ал мен 2 қыркүйек күні өзім тағы да сіздерге келіп, жұмыс нәтижесін көремін, - деп аймақ басшысы Даниал Ахметов 60 жыл бойы шешімін таппаған мәселеге нүкте қойды.
Айта кету керек, жобаның жалпы сомасы 22 миллион теңгеге бағаланып отыр. №3 қазандық уақытты үнемдеу үшін тендерсіз өз қаражаты есебінен жұмысты бастамақшы. 190,5 метр желі жүргізу жоспарланған, яғни, барлық екі қабатты алты үйдегі 48 пәтер толық жылумен қамтамасыз етіледі.