Жұмысшыларды жалақыдан қаққан
Биыл төрт айдың ішінде жұмысшыларына жалақы бермеген 103 кәсіпорын 361 млн теңге шамасындағы берешегін қайтарған. Әлі төрт кәсіпорын 27 млн теңге қарызын қайтара алмай отыр
Жылдың басынан бері кәсіпорындардың жұмысшыларына бермеген 368 млн теңге шамасындағы қарыз жалақысы анықталған. Еңбек инспекторлары мен прокуратура қызметкерлері бірігіп, берешектің 90 пайызынан астамын қайтарта алған.
Следующая →
- Жыл басынан бері бізге 816 адамнан арыз-шағым келіп түсті. Жұмысшыларын қанағаттандыра алмаған бірнеше кәсіпкерге 27 млн теңге шамасында айыппұл салынып, 232 нұсқама беріліп, ескерту жасалды. Барлығы үш мыңнан аса жұмысшының еңбекақысы қайтарылды, - дейді ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.Ал 27 млн теңге қарызын қайтара алмай отырған төрт кәсіпорын иелері жұмысшыларына жалақы төлеуден бас тартып отырған жоқ, тек қаржылық жағдайы мүмкіндік бермей жатқан көрінеді. Алтын қазумен айналысатын екі кәсіпорынның біреуі банкротқа ұшыраса, 4 млн қарызы бар енді бірі қазір жұмыс жасай бастаған. Банкротқа ұшыраған компанияға жаңа басшы келген соң, жұмысшылар толықтай жалақыларын алмақ.
- Семейде орналасқан тағы бір мекеменің банктегі есепшоты бұғатталып қалған екен. Есепшот ашылған соң, жұмысшыларымызға еңбекақы береміз деп отыр. Ал Өскемен қаласында қосалқы мердігер болып тіркелген компанияның техникалары қазір сатылымға қойылған. Содан түскен қаржыдан еңбекақы төленеді. Қарыз мекемелердің барлық жұмыскерлері қазіргі таңда басқа жерлерге жұмысқа орналасқан, - дейді бас инспектор.