Усть-Каменогорск
малооблачно
+8°
  • Усть-Каменогорск
    +8°
  • Алматы
    +17°
  • Нур-Султан (Астана)
    +10°
  • Актобе
    +11°
  • Форт-Шевченко
    +15°
  • Атырау
    +11°
  • Караганда
    +9°
  • Кокшетау
    +6°
  • Костанай
    +8°
  • Кызылорда
    +22°
  • Павлодар
    +8°
  • Петропавловск
    +6°
  • Тараз
    +16°
  • Уральск
    +10°
  • Шымкент
    +17°
$
441.58
+0.17
480
+2.22
¥
61.19
+0.07
4.86
+0.02
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Облыста бекіре неге өспей жатыр?

Облыста бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру жұмыстары тоқтап тұр. Ал олардың Ертіс өзенінен құрып кеткеніне ондаған жыл болған

Қазақстан - сирек кездесетін асыл тұқымды бекіре балықтары таралған аймақ. Олардың кейбірі Қызыл Кітапқа енген. Каспий теңізі мен Жайықта бекіре, мекіре, шоқыр сынды тұқымдастары таралса, Ертіс пен Бұқтырмада сібір бекіресі мен сүйрік таралған. Бекірені Каспий мен Жайық жағасында өсіру мен шабақтандыру жұмыстары жіті қолға алынғанымен, Ертіс назардан тыс қалып отыр. 

Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының деректеріне жүгінсек, Ертісте кездесетін сібір бекіресінің екі түрі бар. Оның бірі тек Ертісте ғана өсіп-дамитын жергілікті түрі болса, екіншісі - Солтүстік мұзды мұхитқа барып уылдырық шашатын жартылай өтпелі түрі. 
- Бұрын Бұқтырма су қоймасы мен Қара Ертістің бас жағында кездесетін сібір бекіресінің жергілікті түрі 1980 жылдары-ақ жойылып кеткен. Ал бекіренің өтпелі түрі Ертіс өзенінің барлық жерінде кездеседі. Алайда су электр стансалары кесірінен уылдырық шашатын алаңдары азайып, олар да ығыстырып кетті. Қазір Ертістің Семейден төменгі жақтарында шоғырланған, - дейді ғылыми-зерттеу институтының Алтай бөлімшесінің директоры Сымбат Ануарбеков.
Ал сүйрік балығы бұрын Зайсан мен Қара Ертіс өзенін мекендегенімен, кейінірек бұл балық та азайып, Бұқтырмадан құрып, қазір тек Ертістің төменгі айрығында ғана тіршілік етеді. Бұл асыл тұқымды балықтардың құруына себеп болған басты жағдай - су электр стансаларының жаппай салынуы. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап салына бастаған су дамбылары бекіренің уылдырық шашып, ұрпақ өргізуіне тұсау салды. Өйткені бекіре уылдырық шашу үшін солтүстікке, мұзды мұхитқа қайтады. Ал кері жол тартайын десе, жолда өзен бойындағы дамбылар өткізбейді. 
- Су электр стансалары өзен суын ластап, бекіре мекендейтін ортаның сапасын нашарлатты, - дейді Сымбат Мұхаметбекұлы.
Қазір сібір бекіресінің санын қалпына келтіру үшін жасанды өсіру әдісі қолданылып отырғаны белгілі. Алайда бұл жұмыстар тоқтап тұр.  2010 жылы Павлодар облысында Ертіс өзеніне мың жарым дана бекіре балығы жіберілген. 
- Ал Шығыс Қазақстанда 2012 жылы 70 мыңнан астам сібір бекіресі Қара Ертіске жіберілген, - дейді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев.
Бекіренің табиғатта ұрық шашып, көбеюі де қиындау. Өйткені асыл тұқымды балықтар тек жеті-сегіз жылдан кейін ғана уылдырық шашып, көбейеді. Мамандардың айтуынша, бекіре балығы көбейсін десек, онда оны жыл сайын өзенге жіберіп отыру керек. 
- Біз Ертіс өзеніне тек бір рет қана бекіре балығын қолдан өсіріп жібердік. Алайда ол ұрықтанып, шабақ өсіру үшін жеті жылдай уақыт керек. Демек, бекірені көбейту үшін оны жеті жыл бойы кезең-кезеңімен жіберіп тұру керек болатын, - дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының бас маманы Фархат Байбазаров.
Осыдан алты жыл бұрын Ертіске жіберілген бекіре қазіргі күнде бірең-сараң кездесіп қалатын көрінеді. 
- Былтыр тексеріс кезінде Семейдің төменгі жағынан бірнеше бекірені қолға түсірдік. Біз жіберген жылдары ұзындығы 25 см болатын бекіре қазір өсіп, 80 сантиметрге дейін ұзарған, - дейді инспекция басшысы Санақбек Кітапбаев.
Бүгінгі таңда аумақтық инспекция бекірені өсірудің бірыңғай мемлекеттік бағдарламасын жасау керектігін айтып, асыл тұқымды балықтарды көбейту мәселесін жоғары мінберде көтеруді ойлап отыр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қазір министрлікке ұсыныс дайындау үстінде. 
- Бекірені өсіруге мемлекеттің өзі қолдау танытпаса, еш нәтиже шықпайды. Бекіренің шабақтары өте қымбат. Оны кез келген кәсіпорын өсіре алмайды. Ал бізге қаражат бөлінсе ғана әрекет ете аламыз, - дейді Фархат Байбазаров.
Әзірше облысымызда бекіре балығын өсіруге көңіл бөліп отырған бірді-екілі кәсіпкер бар. Бекіренің еті мен уылдырығы өте бағалы екендігін түсінген кәсіпкерлер оны өсіруге кірісе бастаған. Бүгінде бұл шаруамен "OstFish" пен "Кузьмич" ЖШС-лары айналысуда. Мәселен, Ұлан ауданында тоғаны бар "OstFish" кәсіпорнының бекірені өсіре бастағанына екі жылдай уақыт болған. Биылдың өзінде балықтың етін сатылымға шығарып үлгерген. Ал келесі жылы уылдырықты сатылымға шығаруды ойлап отыр. 

Кәсіпкерлердің айтуынша, бекіренің популяциясын көбейтуге болады. Ол үшін шабақтарды жіберетін орынды дұрыс таңдаған жөн.
- Егер бекірені өзенге жіберетіндей жағдай туса, Шүлбі СЭС-нің бас жағына бір бөлігін, төменгі жағына бір бөлігін жіберер едім. Сонда бекіренің уылдырық шашуына жағдай туады, - дейді "OstFish" ЖШС директоры Рашид Алшынбаев.
Қалай десек те, бекіренің популяциясын қалыптастыру мемлекет үшін аса маңызды. Өйткені асыл тұқымды балыққа деген сұраныс көрші елдерде жоғары. Бекірені өсіріп, мол пайдаға кенелуге болады...
Следующая →