Усть-Каменогорск
ясно
-12°
  • Усть-Каменогорск
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -3°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +8°
  • Атырау
    -2°
  • Караганда
    -4°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Құрылыста неге делдалдар көбейді?

Қазір қалаларда үйдің құрылысын, іші жөнделген пәтерлерді заңдастыру туралы жарнама-хабарламалар көбейіп кетті

Үйін жөндегісі келген азаматтарға да қаптаған жарнамаларға қарап жобалау құжаттарымды бір өзім заңдастыра алмаймын-ау деген ой келуі мүмкін. Ал мұндай қызметті ұсынған делдалдар 50 мың теңге мен 200 мың теңге арасында ақы сұрауы мүмкін. 

Алайда әкімдік мамандары болса, кез келген адамның мұндай делдал фирмалардың көмегіне жүгінбей-ақ үйдің құрылыс жобаларын заңдастыра алатындығын айтады.
 
Бүгінгі таңда делдал қызметтердің көбейгені белгілі. Әсіресе, баспанамен айналысатын қолжалғаушы атшабарлар көп. Құрылыста тер төгіп еңбек еткен жандарға қарағанда, ғаламтордағы жарнамалар ақтаратын риэлтор, алыпсатар, маклер сынды делдал өкілдер көп табыс табады. Мәселен, риэлтор-маклерлер жалдамалы бір пәтерді құр көрсеткені үшін 5-10 мың теңге шамасында қызметақы алады. Сол сынды баспаналарын өзгерткісі келген тұрғындардың да қалауын пайдаланған делдалдар енді Халыққа қызмет көрсету орталығы мен азаматтың арасында шабарман болуға кіріскен. 
- Азаматтарға мұндай делдал фирмаларға жүгінбей-ақ, қажетті құжаттарын жинап, өзі-ақ ХҚКО-ға барып, баспанасын заңдастыра алатындығын үнемі айтамыз. Делдалдардың ешқандай мамандығы да, білімі де жоқ. Үйдің қайта жобалау құжаттарын заңдастыру үшін азаматтың өзінен сенімхат пен құжаттар алып, жұмыс жасайды. Бұл - азаматтың қалтасына артық шығын. Мұны кез келген азаматтың өзі-ақ жасап алады, - дейді Өскемен қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Қайрат Құжамбетов.
Ол үшін келесідей құжаттарды алып, Халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. 
- Төлқұжат пен пәтер иесінің жазбаша келісімін, техникалық зерттеу қорытындысы мен үйдің техникалық паспортының көшірмесін, баспанаға жасалатын өзгерістердің сызбасын алып бару керек. Егер тұрғын үйдің жөнделетін бөліктері көрші үйдің бөлігіне де әсер ететін болса, онда көршінің нотариалдық жазбаша келісімін алған жөн. Қызмет көрсету тегін. Құжаттар қабылданған соң, 15 күннің ішінде заңдастырылғандығы жөнінде шешім шығады, - дейді Өскемен қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы Дәурен Қасымов.
Егер азамат аталған құжаттарды ұсынбаған не үйдің өзгертілетін бөліктері сейсмикалық, геологиялық және гидротехникалық талаптарға сай болмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорация қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тарта алады. 

Енді мәселенің барлығы осы жерден басталатын көрінеді. Өйткені азаматтар техникалық зерттеу жасату үшін бәрібір де коммерциялық фирмалардың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Мұндай фирмаларды ғаламтордан не жарнама арқылы іздеп табуға болады. Ал құрылыс не сәулет бөлімі мұндай жұмыстармен айналыспайды. Есесіне, лицензиясы бар жекеменшік фирмалар мен компаниялардың тізімін ұсына алады. 

Құрылыс саласындағы жекеменшік, коммерциялық компаниялардың көбейіп кетуіне де мемлекеттің өзі себепкер. Өйткені баспана салуға, оған жоба-сызба құжаттарын жасау, авторлық қадағалау, техникалық қорытынды шығару, қолданысқа беру сынды қызметтердің барлығын бұрында мемлекеттік ұйымдардың өздері істеген болса, қазір мұндай қызметтерден бас тартқан. 
- Жаңа баспана салғысы келген не оны өзгерткісі келген азамат қайда, қай мемлекеттік құрылымға барып жүгіну керектігін білмейді. Ақпараттандыру жұмыстары аз жасалған. Сондықтан құрылыс саласында жүрген фирмалар тұрғындарға көмектесу үшін әрі олардың уақыттарын үнемдеу үшін жоғарыда аталған құжаттарды жасаумен айналысады. Бізге жүгінген тұрғындардың көбі шаруаны неден бастарын білмейді. Біз оларды бағыттаймыз. Техникалық та, авторлық та бақылауды жасайтын - лицензиясы бар мамандар. Авторлық бақылау жасаушы маман үйдің қандай болу керектігін, қандай материалдан салынатынын жобалап сызса, техникалық бақылауды жасайтын маман салынатын үйдің заңнамаға қаншалықты сай екендігін анықтайды, - дейді "Нұр Сәт" фирмасының Арайлым есімді маманы.
Үй тұрғызғысы келген адам құжаттама жұмыстарын тындыру үшін мұндай фирмаларға 180 мыңнан 650 мың теңгеге дейін ақша төлейді. 

"Таяқтың екі ұшы бар" демекші, жаңа үй тұрғызғысы келген жандар құрылыс компанияларының делдалдығынсыз шаруа бітіре алмайды. Есесіне, баспана не пәтердің ішін өзгерткісі келген азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, құжаттарын бітіре алады. 
Следующая →