Усть-Каменогорск
ясно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    +3°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -4°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -5°
  • Кокшетау
    -8°
  • Костанай
    -8°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -10°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +4°
  • Уральск
    -5°
  • Шымкент
    +10°
$
498.55
+0.04
524.28
+1.44
¥
68.76
-0.05
4.75
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Көше жөнделді, бірақ атауы өзгермеді

Аудан, қала әкімдерінің халық алдында есеп беру шаралары облыстың барлық өңірінде басталғаны белгілі

Аудан, қала әкімдерінің халық алдында есеп беру шаралары облыстың барлық өңірінде басталғаны белгілі. Ал осы сейсенбіде Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев ЖМК, 19-шы ықшам ауданы мен 20-шы, 21-ші тұрғын ауданы, Үлбі мен Жыланды кентінің тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселесін тыңдады. Қызметіне кіріскеніне бір жыл да болмаған әрі халық алдына шығып, баяндама жасауды ұнататын жас әкім биылғы жылдың алғашқы есебін солтүстік жағалау тұрғындарынан бастады.

Қала әкімі алдымен былтырғы жылы жасалған жұмыстардың легін айтып, осы жылға жоспарлап отырған шараларға тоқталды.


Қандай жұмыс атқарылып, нендей жұмыс жасалуы тиіс?

Құрылыс жұмыстары, әсіресе, қаланың сол жағалауында қарқынды жүріп жатқандықтан, мұның барлығы ЖМК мен Алматы, Самар тас жолына жақын қоныстанған тұрғындар үшін аса маңызды.

Былтырғы жылы қала әкімі шағын аудандардың тұрғындарымен кездесіп, олардың мәселесін тікелей тыңдап, аймақтың жай-жапсарымен жақын таныса бастағаны есімізде. Соның арқасында әкім көше, жол, аула мен үй жөндеу, су мен жарық тарту сынды халықтың жамбасына батқан мәселелерді қолға ала бастады. Қаланың 73 ауласына жөндеу жасалып, кіреберіс жолдар кеңейтілді. 62 аула мен көшеге шағын сәулет құрылысы салынды. Қалада 23 шақырымға созылатын көше жолдары жөнделіп, 14 жол теліміне жаңадан асфальт төселді.

Қаланың маңызды көшелері жөнделе бастады. Атап айтқанда, қала мен Жібек маталар комбинаты ауданын жалғап жатқан алып Сәтпаев даңғылын жөндеу, Астана мен Протозанов көшесін кеңейту, Ертіс өзенінен Ахмер кентіне дейінгі жолды қайта салу жұмыстары басталып, осы жылы аяқталады деп күтілуде. Биыл жол жөндеу жұмыстарына 5 млрд теңге қаржы бөлінген.

- Сонымен қатар, Меновное мен Ахмер кенті арасында созылып жатқан Өскемен-Семей тас жолы жөнделіп, Абай мен Тәуелсіздік көшелері қиылысындағы жолдың үстіне көпір салынады. Карл Маркс даңғылынан Самар шоссесіне тікелей шығатын жол салынатын болады. Мыза көшесі мен Протозанов көшелері де жөнделіп, Қазақстан көшесіне өтетін Ертіс көпірі қалпына келтіріледі, - деді Қуат Тұмабаев.

Былтыр ЖМК ауданында мың балаға арналған бір мектеп салынып, қалада үш мектептің сырты жөнделсе, биыл мың балаға арналған қазақ тілінде білім беретін екі мектептің құрылысы басталады. Мектептер Ахмер мен Согра кентінде салынады. Биыл 950 бүлдіршінді балабақшамен қамту көзделіп отыр.

Әкімнің есебін тыңдап болғаннан соң, жиналған жұрт мәселе көтеріп, сауал қоюға кірісті. Тұрғындардың көбі құрылыс, жарықтандыру, аула жөндеу сынды коммуналды-тұрмыстық мәселелерді көтергенімен, арасында қазақтың руханияты мен мәдениетіне қатысты жүрекжарды ойларын айтқан азаматтар да болды. Қала басшысы бұл сауалдардың біріне жауап берсе, екіншісіне тұшымды жауап қата алмай, үнсіз тыңдаумен болды. Тұрғындарды мазалаған мәселелердің кейбірін атап өтуді жөн көріп отырмыз.


Жыланды мен Үлбі кенті қашан жарықтандырылады?

ЖМК ауданы маңындағы кент пен шағын ауылдарға жарық жеткізілмей жатқаны белгілі. Былтыр тек 20-шы тұрғын ауданға ғана жарық тартылған еді.

- Жыланды кентінің Бастау, Вольная, Автомобилистов сынды орталық көшелеріне жарық та, жол да тартылмаған. Бұл жұмыстар биыл жасалуы мүмкін бе? - деп сұрады Зоя Хасенова есімді тұрғын.

Ал әкім қалаға жақын тұрғын аудандар мен кенттерге көше жарықтары орнатылатындығын, оның ішінде Жыланды кенті де бар екендігін жеткізді.

- Біз биыл «Ақылды қала» жобасы аясында көшедегі жарықтандыру жүйесін жетілдіру үшін бірыңғай басқару орталығын құра отырып, Өскемен қаласындағы 17369 жарықшам, Семей қаласындағы 7659 жарықшамды ауыстыруды көздеп отырмыз. Ал ескі шамдарды шағын ауданның көше бағандарына орнатамыз, - деді бұған қатысты қала басшысы.

Ал көшені жарықтандыруға биыл 4,8 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Ол - Еуропа құрылыс және даму банкінен алынған қаражат. Жарықшамдар алдымен қылмыс көп жасалатын аула мен көшелерге орнатылмақ.


Аурухана биыл ашылады

ЖМК ауданына қарасты 200 орынға арналған аурухананың салынып жатқанына үш жыл болды, әлі бітпеген. Аурухананы салу жұмыстарының өткен жылы да аяқталмай қалуы облыс әкімінің ашуына тиген болатын. Аудан халқы бұл әлеуметтік нысанды да айналып өтпей, оның құрылыс жұмыстары қашан бітетіндігін сұрады.

- Аурухана биыл толықтай салынып бітеді. Тіпті, жазға дейін қолданысқа берілуі мүмкін, - деді қала әкімі.


20-шы ауданға ауыз су тартыла ма?

Өткен жылы бұл ауданға жарық тартылғаны белгілі. Алайда тұрғындардың айтуынша, ауыз су әлі тартылған жоқ. Есесіне, халық бұған қаржы бөлінгенін біліп отыр.

- Былтыр ауыз су тартуға 700 млн теңге бөлінді. Бірақ тұрғындар суды құбырдан емес, әлі жерден, бастаудан алып ішіп отыр. Мұны ауыз су деуге келмейді. Тұрғындар ауруға шалдығуы мүмкін, - деп мәселе көтерді аудан тұрғыны Қыдырғазы Баймұратов.

Ал қала басшысы бұл ауданға ауыз судың жылдың соңына дейін тартылып бітетіндігін айтып, тұрғындарды ауданға көптеп үй салуға шақырды.

- Жобаны жүзеге асыруға 900 млн теңге бөлінген. Осы жылдың желтоқсан айының соңына дейін су тартылады. Былтыр жарық тарту жұмыстарын төрт айдың ішінде бітірген болатынбыз. Сондықтан бұл қолымыздан келеді. Алайда жер телімдерін алған тұрғындар да әрекет етіп, үй салуды бастауы қажет. Қазір бұл тұрғын ауданда оннан астам үй ғана тұр. Жарық пен су тартып алдық делік, ал тұрғындар үй салмаса, мұның экономикалық тиімділігі қандай болмақ?! - деп жауап қатты әкім.

Ал үй салмаған тұрғындар әкімдікке келіп, Жеке тұрғын үй құрылысы арқылы жер үй салуға көмек ала алатындығын жеткізіп, үйді салудың бір шаршы метрі 120 мың теңгеге тең екендігін хабарлады.


Көше атаулары неге өзгермейді?

Сауал қойған азаматтардың көбі Елбасының қазақ тілінде жарық көрген "Рухани жаңғыру" мақаласын тілге тиек ете отырып, Өскеменнің қазақылануы мен халықтың тілі, мәдениетін дамыту мақсатында неліктен жұмыс жасалмай жатқандығын сұрады. Ал өңірге танымал ақын Әлібек Қаңтарбаев қалада КСРО-дан қалған көше атауларының көп әрі оның ұрпақ үшін ешқандай тәрбиелік мәні жоқ екендігін ашынып айтты.

- Елбасы не үшін "Рухани жаңғыру"  мақаласын қазақ тілінде жария етті? Өйткені билік басында жүрген қазақ азаматтары мақаланың мәнін, түпкі ойын түйсінсін деп жариялады. Өкінішке орай, мұны ұғынар басшы жоқ. Мәселен, қалада кезінде халықты репрессияға ұшыратқан "көсемдердің" есімі берілген көшелер әлі өзгертілмей келеді. Ресей бұл атаулардан баяғыда арылған. Әкімдікке бірнеше рет хат жолдадық. Келешек ұрпағымызға оларды не деп дәріптейміз?! - деді Жазушылар одағының өңірлік филиал төрағасы Әлібек Қаңтарбаев.

Ал қала әкімі биыл Карл Маркс даңғылы Қазыбек би есіміне, ал Киров атындағы саябақтың Қасым Қайсеновтің есіміне ауысатындығын айтып, қазақыландыру саясатының біртіндеп жүргізілетіндігін ескертті.

- Қазақыландыру бір күнде жасалатын дүние емес, біртіндеп жүзеге асады, - деді Қуат Мұхитұлы.

Қаламыздың тағы бір ақсақалы биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл, Оралхан Бөкейге 75 жыл, батыр Қасым Қайсеновке 100 жыл толатындығын айтып, әкімнен еліміздің көрнекі тұлғалары үшін мәдени шаралар өткізуін сұрады.

- Өскемен қаласы облыс орталығы әрі еліміздің өндірістік ірі қалаларың бірі болғандықтан, маңызы бар ағарту шараларын өткізу міндетті, - дейді Түсіпхан Түсіпбеков.

Следующая →