Кешенді гендерлік қатынас қағидаттары
Саяси, экономикалық, социомәдениеттік шешімдер ер мен әйелдің ойы мен мүддесін қатар ескергенде ғана демократия тұжырымдамасы шынайы және динамикалық мән мен сипатқа ие болады
Өнеркәсібі дамыған және әлеуметтік бағдар алған елдерде әйелдер өз құқықтары мен мүмкіндіктерінің ерлермен тең болуына іс жүзінде қол жеткізіп отыр. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында да белгілі бір дәрежеде ілгеріледі. Үкіметтің 2003 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын - ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамытуы мен мансап жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең жүзеге асырылуы үшін жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болуды айқындады. Гендерлік теңдік стратегиясы 2006-2016 жылдар аралығындағы кезеңде еркектер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттердің шешілуін көздейді. Осы аралықта еліміздің әр өңірінде гендерлік саясат төңірегінде түрлі шаралар жүзеге асырылып келеді.
Осыған орай, жақында Семей қаласының Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы Астана қаласындағы ЕҚЫҰ орталығымен бірлесе отырып, «Жергілікті өзін-өзі басқару саясатындағы және мәселелеріндегі кешенді гендерлік қатынас қағидаттары» атты семинар-тренингін өткізді.
Семинар-тренингтің басты мақсаты жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыстарын және әлеуметтік саясатты жетілдірудегі гендерлік аспекттерді қолдану кешенін оқыту болып табылады. Жиынға мәслихат депутаттары, әкімдер және әкімдердің орынбасарлары қатысты.
- Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, - дейді Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко. - Тәуелсіздік жылдарындағы демократиялық қоғам құрудың негізгі бағыттарының бірі гендерлік теңдікке қол жеткізу болды. Бұл тұрғыда Қазақстан аз уақыт ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Айта кетейік, қоғам қайраткері жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерінде және саясатында кешенді гендерлік қатынас қағидаттарын сақтаудың маңыздылығын айқындап берді. Ол Ұлттық комиссияның қойылған міндеттерді орындау аясында құрылғанын, бұл үшін елдің қоғамдық-саяси және экономиканың барлық салаларына әйелдерді мейлінше көбірек тарту қажеттігін атап өтті.
- Еліміздегі әйелдер саны халықтың жартысын құрайды, мемлекеттік қызметте де тең жартысынан көп үлесін алып отыр, - деді Елена Тарасенко.
Сонымен қатар, Ұлттық комиссия және Астана қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшылары жұмыс сапарлары барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның көшпелі отырысына қатысты. Ол жерде облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, ішкі саясат басқармалары басшыларының есептері тындалды. Сонымен қатар қонақтар Өскемен, Семей және Курчатов қалалары әкімдері орынбасарларының 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Гендерлік теңдік стратегиясы, 2014-2016 жылдарға арналған Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-демографиялық дамуының кешенді жоспарын іске асырудың барысы, мектепке дейінгі мекемелерде балаларды ерте дамыту үшін жағдай жасау, Әкелер кеңесінің жұмысы арқылы әкелер жауапкершілігін арттыру бағытындағы аймақтың білім беру ұйымдары жұмыстарының есептерімен танысты.
Назерке Нұрболатқызы