Аудан жастарына асқақ асулар лайық
Жастар - тәуелсіз еліміздің бүгіні мен ертеңін еңселендіруші, көшбасшылық, көрегенділік қасиетімен әлемдік ірі саясаткер деңгейіне көтерілген тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдайтын бірден-бір ізбасары
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар мәселесі Елбасының да, мемлекеттің де ең басты назарында болды. Бұл салада «Болашақ», «Жасыл Ел», «Жастар - Отанға», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жас мамандар қоры» сияқты көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып отыр. Жастар саясатын қалыптастыра отырып, мемлекет жастардың келешекте маңызды салмаққа ие болар халықтың бірден-бір белсенді тобы екендігін ескереді. Мұның өзі жастардың мемлекет құрылысындағы рөлі мен орнын жете бағаламауға жол бермеуді көздейді.
Көкпекті ауданында 14 пен 29 жас аралығындағы «арыстандай айбаттылардың» жалпы саны 6676 адамды құрайды. Әр ауылдық округте жастар ісі жөніндегі мамандар қызмет атқарады. Олардың жалпы саны 17, соның ішінде 14-і мемлекеттік қызметкер, 3-уі инспектор болып табылады. Әр тоқсан сайын аталған қызметтегі мамандардың жұмыс нәтижелері әзірленіп, әдістемелік бағыт сілтейтін қорытынды жиналыстар өткізіледі. Әлеуметтік бағытталған жастар саясатын жүргізу, олардың қоғам өміріне белсене қатысуын қамтамасыз ету және жас санадағы жалынды ойлардың шырағын жағып, бастамасын дамыту мақсатында ауданда түрлі іс-шаралар жоспары бекітілген. Сол жоспарлар шеңберінде мемлекеттік органдардың жастар бірлестіктерімен қызмет етуінің оң тәжірибесі болып табылатын белсенді, дарынды жастарды қолдауға әртүрлі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік және спорттық шаралар өткізіледі.
Биылғы жылы аудан көлемінде жастар мүддесіне атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, ағымдағы жылда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында аудан бойынша 59 іс-шара өткізілді. Оны ішінде патриоттық бағыттағы - 17, спорттық - 10 және 32 мәдени іс-шаралар болып табылады. Алғашқы бес айда «Көкпекті ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімі арқылы 14 жас жұмысқа орналасса, «Жастар іс-тәжірибесі» бойынша 6 жас азамат жұмыспен қамтылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша да жас мамандар қатары жыл сайын толықтырылып келе жатқанын атап өткеніміз жөн. Еліміздің жастары өміріне елеулі үлесін қосып жатқан «Жас Отан» ЖҚ жұмысы біздің өңірімізде де жандануда. Қазіргі таңда аталған ұйым қатарында ауданның 120 белсенді жастары бар. Биылғы жылы Көкпекті ауданының «Жас Отан» ЖҚ филиалы «Еркін пікір», «Жастар Отанға», «Таза ауыл», «Ұлттық КТК лигасы» және тағы басқа көптеген жобаларды жүзеге асырды. Жастар орталығы мен аудандық «Жас Отан» ЖҚ филиалының бірлесуімен, «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында «Үлкенге құрмет» акциясы ұйымдастырылды.
Биылғы жыл еліміз үшін атаулы жыл - Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы! Айтулы мерекеге орай жастар арасында жас ақындар мүшәйрасы, «Жас Ұлан», «Жайдарман-2016» фестивальдері, патриоттық флэш-мобтар сайысы ұйымдастырылды. Жыл басынан басталған «Жайдарман» ойындары көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. «Жайдарман - 2016» фестиваліне аудан бойынша 11 команда қатысып, соның ішінен 6 команда ақтық сынға жолдама алды. Ақтық тартыста өте жоғары деңгейде ойын көрсеткен «Тек қана жігіттер» тобы 1-орынға ие болды.
Салауатты өмір салтын насихаттау қаншалықты маңызды болса, жастардың спортқа ден қоюы соншалықты мәнді іс. Осы мақсатпен, көкпектілік аяқ доп шеберлерінің басын қосатын футболсүйерлер қауымдастығы құрылған болатын. Жастар арасында футболдан және де басқа спорт түрлерінен турнирлар, жолдастық кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айында Қорғаныс бөлімі және «Арлан» әскери-патриоттық клубымен бірлесе отырып Көкпекті орта мектебінде генерал-майор Д. Қалматаев кубогіне арналған «Болашақ - сарбаз» атты спорттық іс-шара өткізілді.
Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі, еліміздің ертеңдерінің мүддесіне атқарылатын істер мен алдағы уақыттағы жоспарлары жайлы Көкпекті аудандық Жастар орталығының директоры Азат Рахымбаев хабардар етті:
- Аудан көлемінде мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында атқарылатын нәтижелі жұмыстар жалғасын таба бермек. Атап айтар болсам, келесі жылдан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 100 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар, әр ауылдағы жастардың жұмыспен қамтылу деңгейін жастар ісі мамандары әр үйге кіріп, ақпараттар жинауда. Алдағы уақытта сол бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Жас отбасылардың тұрғынүймен қамтамасыз етілуін қадағалау, қолдау көрсету де назардан тыс қалмақ емес. Сол мақсатпен «Жас Отау» бағдарламасын жүзеге асыру жақын уақытта қолға алынатын болады.
Еліміздің көшін алға сүйреп, биікке жетелейтін қанаты - жігерлі де белсенді жастар қауымы. Олардың атқарып жатқан нәтижелі істеріне қарап, ауданның жастарына тек асқақ асулар лайық деп ой түйеміз.