Усть-Каменогорск
ясно
+20°
  • Усть-Каменогорск
    +20°
  • Алматы
    +19°
  • Нур-Султан (Астана)
    +23°
  • Актобе
    +19°
  • Форт-Шевченко
    +17°
  • Атырау
    +17°
  • Караганда
    +19°
  • Кокшетау
    +22°
  • Костанай
    +20°
  • Кызылорда
    +22°
  • Павлодар
    +19°
  • Петропавловск
    +18°
  • Тараз
    +20°
  • Уральск
    +15°
  • Шымкент
    +21°
$
443.44
480.51
¥
61.36
4.88
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Газета Газета

Баспана ала аламай жүрген ананың жан жарасы

Әр адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол - Ана

Балапанын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да - Ана. Ана деген сөзге лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын тілейді. Бірақ барлық аналардың тағдыры бірдей емес. Олардың ішінде баласының қамын ойлап, баласын қалай аяққа тік тұрғызып, жақындарынан кем етпесем деп ойлап, тапқан-таянғанын балаларының азығы мен киім-кешегіне жұмсап, баспанасыз жүргендер де қаншама. Сондай жандардың бірі Гүлжан Бөлекбаева. Ол 8 баланы жарық дүниеге әкелген батыр ана. Алтын алқа иесі атағына лайықтап оған баспананы тек газеттің беттерінде ғана атап берген. Ал шынайы өмірде ана балаларымен біреудің үйіне тіркеуге отырып, анда-мында сандалып жүр.


Баспаналы болу арманы


Гүлжан Бөлекбаева Зайсан ауданында тұрған. Балаларын алып қала жаққа көшуі зайсандық басшылықтан көңілі қалғандықтан болды.

- Зайсанда үйлері бар көпбалалы аналарға екінші, үшінші үйден беріп жатты. Мен баспанасыз бола тұра үй ала алмадым. «Алтын алқа» иегері ретінде маған үй беретіндерін қайталап айта берді. Көпбалалы отбасыларға арнап 2-3 үй тұрғызылды. Бірақ маған берілмеді. Өйткені мен уақытша тұрып жатқан үйді босатуым керек деген қағаз келді. Мен үйді босатып Өскеменге жол тарттым, - дейді ана.

Гүлжан Бөлекбаеваның Зайсаннан Өскеменге көшіп келуінің басты себебі, облыс орталығында адал адамдарды кездестіремін бе деген үміті болды.

- Мен 2008 жылдың наурыз айында Өскеменге көшіп келіп, баспана таба алмай, анда бір, мында бір тұрып жүрмін. Балаларымды да Меновнойда бір оқыттым, Бозанбайда бір оқыттым. Сөйтіп жүріп, Мамай батыр (бұрынғы Васильевка) ауылында біреуге жалынып отырып үйіне тіркеуге отырдым, - дейді Гүлжан Ниязбекқызы.

Жалғыз басты ана шарасыздығынан республикалық «Нұр Отан» филиалына хат жазып, өзінің қиын қыстау жағдайына басшылықтың назарын аударта алады.

- Сол кезде обыс әкімінің бірінші орынбасары болған Ермек Көшербаев Ұлан ауданының әкіміне «Сіздер мына әйелді қаңғыртпай үй берсеңіздерші» деп қоңырау шалады. Сол қоңыраудан кейін мен Ұлан ауданында тұрған тіркеуімнен шығып қаламын. Шыққанымды білмей, артынан естимін, - деп жан жарасымен бөлісті ана.

Тағы тіркеусіз қалған жалғыз басты шарана балаларымен қалада тұратын апайының бір бөлмелі пәтеріне барып тіркеледі.

- 3 жылдан асты апайымның үйінде тіркеудемін. Алайда өзім осы қаланың әр жерінде пәтер жалдап тұрып жүрдім. Көпбалалы ана ретінде үйге кезекте тұрмын. Бір ай бұрын кезегімді тексергенде 1767-ден 1732-ге түсіппін, - дейді Гүлжан Бөлекбаева.



Шарасыздықтың себебінен...


Бүгінгі таңда Гүлжан Ниязбекқызы Степное кентіндегі шаруа қожалықта сауыншы болып жүр. Өйткені бұл жердің баспанасы тегін. Жалақысы 25 мың теңге болса да, ол үшін баспананың болуы өте ыңғайлы.

- Мен 30 мың теңге жалақы алып, 13 теңге «Алтын алқа» иесі ретінде үстемақы алып отырған кезде 40 мың теңгеге пәтер жалдайтынмын. Сол кезге қарағанда қазір ыңғайлы. Ал балаларым осы жерден сабаққа барып отырады, - дейді ана.

Қаражаттың жетіспеушілігі Гүлжан Бөлекпаева үшін ауыр тиеді. Өйткені 5 баланы да киіндіріп, тамақтандыру керек. Олар өздерін достарының жанында кем санамас үшін ел қатарлы қажеттіліктерін қанағаттандыру тиіс.

- 4 баланы сабаққа дайындап, киіндіру үшін шамаман 100-150 мың теңгедей қаражатты қарызға алуыма тура келді, - деп атап өтті Гүлжан Ниязбекқызы.

8 баланы дүниеге әкелген батыр ананың үш баласы ұядан ұшып, қияларына қонды. Қазір ана 5 баласына қамқоршы, қорғаушы болып отыр. Бес баланың біреуі мектеп бітіріп қойды. Алайда қаражаттың тапшылығынан жоғарғы оқу орнына құжаттарын тапсырмай отыр.

- Қызыма мектеп бітірген соң, оны оқыта алмаймын деп ашығын айттым. Қазір ол маған қатты қиындық түсірмей, өзі анда-мында жұмыс істеп, өзін-өзі киіндіріп отыр. Ал қалған 4 баламды қарызданып отырып, мектепке жинадым, - деп ағынан жарылды Гүлжан Бөлекбаева.


Жан жарасын жасырған...


Көпбалалы аналарға жылына 50 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленетін бағдарлама бар. Алайда ол 50 мыңды алу үшін ананың денсаулығы сыр беріп, сырқат болуы қажет.

- Көмек алу үшін мен ауруым керек. Былтыр мен ондай анықтама қағаз ала алдым. Биыл мен ауырмасам, ондай қағаз жасата алмаймын да, - дейді Гүлжан Бөлекбаева.

Балаларын өсіп-жеткізу үшін ана түрлі жұмыстарды атқаруға мәжбүр болды. Соның салдарынан қыс мезгілінде суықтан бір қолы іске келмей қалған.

- Қанша ауырсам да балаларыма білдіртпеуге тырысамын. Кейде қатты ауырып оянып, күйбелең тіршіліктің тірлігіне айналып кеткен кезде ауырғанымды ұмытып та кетемін, - дейді ана.

Гүлжан Ниязбекқызының сөзіне сенсек, бірде Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығы баспанасыз екенін растау үшін құжаттарын жинатқызамыз деп саңдалтқызған.

- Маған Тургенев, 30 мекенжайындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік

бағдарламалар бөлімінен хабарласып, малымның және баспанамның жоқтығын растайтын құжаттарды жинауым керектігін айттын. Ондай жүрістердің барлығы шығын, бірақ аз да болса мемлекеттің әлеуметтік көмегін алу үшін соңғы ақшамды кетіріп, құжаттарды жинап, қоңырау шалған адамның алдына барғанымда, маған сен Степноеда тұрасын, ол Глубокое ауданына қарайды. Сондықтан сол жаққа құжат тапсырасын деді. Жиған құжаттарымды алып Ушан деген кентіне барып едім. Онда маған сіз қалада тіркеуде тұрсыз сонда тапсырасыз деп қайта қайтарды, - дейді шарасыз ана.

Бұл мемлекеттік мекемеде отырған мамандардың білімсіздігі мен білместігі ме, жоқ әлде әдейі жасаған әрекеттері ме Гүлжан Ниязбекқызы түсіне алмады. Бірақ балаларын өсіріп жеткізу үшін, олардың көңілдері тоқ, киімі бүтін болуы үшін бәріне дайын.

Ана - ұлы адам, қасиетті жан. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деген. Расымен, анасыз өмірді, әлемді елестету мүмкін емес. Әрбір жұмыр басты пенде бұл өмірге келгені үшін анасына қарыздар. Өйткені аналар балаларына өзінің қиналғанын білдіртпей, елден кем етпей өсіруге тырысады. Жақсы ғұмыр кешіп отырған ешбір адам өзін біреуден кем етіп көрсеткісі келмейді. Мұның барлығы шарасыздықтан. Ана шаршайды, қажиды, өмірден түңіледі. Бірақ балаларының бақыты үшін, шаттық күлкісі үшін аналар бәріне шыдап шығуға дайын.



Ақерке Рағызбаева

Следующая →