Қыз жасауын жасаумен айналысады
Қазағымыз «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дегендей қыздың жасауы қыз ұзатардағы ең үлкен мәселе
Қыз жасауы – атада балаға жалғасқан ұлы дәстүр
Заман талабына қарай бұл дәстүрде, яғни, қыз жасауына жатқызылатын дүниелер өзгеріске ұшырағаны анық. Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылының тұрғыны Ескермес Иманмадиева қыз жасауын дайындаумен айналысады. Арнайы тапсырыстар қабылдап, қалыңдықтардың көрпе-жастықтарын тігеді.
Барлығы ермектен басталды
Жасау дайындығын қыздың кішкене кезінен бастайды да, оған әке-шешесімен бірге туған-туыстары да өз үлестерін қосып, кем-кетігін толықтырады. Сонымен қатар жасау дайындауға қыздың өзін де кірістіріп, ісмерлікке тәрбиелеген. Жасауды апарар алдында ауыл болып жиналып, сыннан өткізіп, тыңғылықты дайындық жасайды. Қыздың жасауы ағайын-туыстың береке-бірлігі және әр үйдің мал-дәулетіне, хал-ахуалына байланысты әртүрлі мөлшерде болады.
Қазіргі кезде қыздың жасауына оюлы, сырылған көрпелерді арнайы тапсырыспен тіккізеді. Әрбір ана осы көрпелердегі ою-өрнек арқылы өзінің сүйікті қызына жүрегінің бір бөлшегін бөліп бергендей еңбектенеді.
- Алғаш көрпе-жастықты кестелеп, әрлеп тіге бастағанымда қыз жасауын жасаумен айналысамын деген ойымда да болған жоқ. Өзімнің ермегім ретінде бастаған өнерім бүгінгі таңда өз тұтынушыларын тауып, бағаланып отыр, - деді Ескермес Шәкенқызы.
Әрине, тігу, тоқу ісімен Ескермес Шәкенқызы бұрыннан айналысып келгендіктен ғана мұндай бастаманы бастауға бел буды. Мектеп табалдырығынан үйренген тігу, пішу әдістері уақыт өте өзінің пайдасын көрсетті.
- Негізінде менің анам тігу ісіне жақын болды. Сондықтан бұл менің бойыма қан арқылы дарыса керек. Кейін мектепте оқыған кезде бізге еңбек сабағында тігудің, тоқудың, кестелеудің негізін үйретті. Бейімің болса барлығын алып кетуге, үйренуге болады, - дейді Ескермес Иманмадиева.
Жасау жасаумен Ескермес ханымның айналысқанына 5-6 жыл болды. Бұл істі қолға алуына оның үйдегі бос уақыты иетермелеген екен.
- Үш ұлым, бір қызым бар. Барлығы ер жетіп, үйден жан-жаққа кеткеннен кейін, бос уақытым да көбейді. Уақыттың қадірін түсінгендіктен, оны босқа өткізбей, кесте тіге бастадым. Бұрын кесте тігумен айналыспаған едім. Бірақ ол қолымнан келді. Кейін көрпе-жастық, құрақ-көпшіктер тігіп, базардан орын алып сата бастадым, - дейді ол.
Сауда сәтті болып, ісін әрмен қарай дамыту үшін несие алып, өз ісіне алғашқы салымын да жасайды.
- Мен бұл іспен айналыса бастаған тұста ауылдық адамға «Даму» қорынан қолдау табу қиын еді. Өйткені кепілдікке ауылды жердегі үйлерді алмады. Сондықтан қарапайым несиеге жүгінуге тура келді, - дейді шебер.
Қыз жасауына сұраныс артып тұр
Кезінде жасауға берілетін 8-9 түрлі мал-мүліктердің (ақ отау, көрпе-жасау, киім, ыдыс-аяқ, көлік, сауын, сойыс малы, қару) арасынан киім-кешектің орны бөлек және әрқайсысы тоғыздан: тон, ішік, көйлек-көншек, шапан, қамзол, бешпет салынатын болған. Жасаудың мөлшері құдандалы екі жақтың өзара келісімімен әрқилы деңгейде болса да, жігіт жағынан берілетін қалыңмал, кәде, жыртысымен пара-пар болуы шарт еді. Бүгінгі таңда қыз жасауына кіретін төсек-орын, ыдыс-аяқтар дүкеннен сатылып алынса да, көрпе-жастықтарын тапсырыспен тіккізетіндер кездеседі.
- Қыз жасауына тапсырыс берген кезде де толықтай жасауды ешкім сұрамайды. Бірауіне махаббат көрпесі, біреуге жай жамбас көрпе, енді біріне оюлы құрақтар қажет болып жатады, - деп қосты Ескермес Иманмадиева.
Негізінен қазақта қыз жасауына 9 көрпе: 6 жамылғыш, 3 төр көрпе салынады. Оның ішінде біреуі «махаббат көрпесі», бір төр көрпе «құдағи көрпесі» болып кетеді.
- Көрпе тігудің оңай шаруалардың бірі емес. Әрине, қолынан келетін адам үшін ол жеңіл болады. Бірақ оны жасау үшін уақыт керек. Мен енді толық жасау үшін қанша уақыт жұмсайтынымды білмеймін, - деді шебер.
Көрпе-жастықтар тігуге қажетті барлық қажетті жабдықтарды Ескермес Шәкенқызы Алматы қаласынан алады.
- Алматы қаласынан балаларым жібереді, болмаса мен өзім барып қажетті жабдықтарды сатып аламын. Алматыға бару мүмкіндігім болмаса, жергілікті жердегі саудагерге жүгінемін, - дейді Ескермес Иманмадиева.
Епті адам кез келген бастаманы алып кетсе керек. Өйткені Ескермес ханымға құрақ-көрпе тігуді әдейілеп үйреткен адам жоқ.
- Құрақ, жапқыштарға, жастықтарға тігілетін ою-өрнектер, кестелердің барлығын ойдан жасаймын. Бір кітап ашып үйренген емеспін. Жасап отырған кезде қолдарым өзі әсем оюды қиып шығады, - деп бөлісті Ескермес Шәкенқызы.
Бүгінгі таңда қыз жасауын тапсырыспен жасату Тарбағатай ауданында кең таралған. Тіпті ауданның әр тұрғыны тапсырысты кімге жасауға болатынын да жақсы біледі.
Қазақтың ұлттық өнерін насихаттайтын қыз жасауын жасауға көп адам қызығады екен. Ескермес Иманмадиева «үйретші» дегендерге негізін үйретіп те жүр.
Әрбір қолөнер туындысы өз заманының материалдық мәдениетінің үлгісі және халық талғамының, әлеуметтік қоғамдық жағдайының, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақтылы көрінісі. Ескермес Шәкенқызының қазақ өнерін насихаттап жүргені көпшілік үшін үлгі боларлық бастама.