Усть-Каменогорск
ясно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    +3°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -4°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -5°
  • Кокшетау
    -8°
  • Костанай
    -8°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -10°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +4°
  • Уральск
    -5°
  • Шымкент
    +10°
$
498.55
+0.04
524.28
+1.44
¥
68.76
-0.05
4.75
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Газета Газета

Асабаға суырыпсалмалық керек

Сабыржан Шбекбаев, асаба, ақын, әнші. Өзінің суырыпсалмалығына иек артатын асабаның бүгінге дейін жүргізген тойларының ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды

Сабыржан Шбекбаев, асаба, ақын, әнші. Өзінің суырыпсалмалығына иек артатын асабаның бүгінге дейін жүргізген тойларының ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды.

- Адамның болмысына өнерді дарытатын туған жер дейді ғой. Әңгімемізді туған жеріңнен бастасақ?

- 1983 жылы тамыз айының үшінде Тарбағатай ауданы, Жаңаауыл жерінде дүниеге келдім. Бала шағым да осынау дархан Тарбағатайдың теріскей етегінде өтті. 11-сыныпты бітірген соң Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «музыка» мамандығына оқуға түстім. Абаш Кәкенов, Қабдеш Жұмаділов, Несіпбек Айтұлы, Қанипа Бітібаева, Жанат Әскербекқызы сынды танымал адамдарды дүниеге әкелген бұл дарынды өлке бізге де өнердің бір пұшпағын нәсіп етсе керек.

- Туған-туыстарың өнерге жақын адамдар ма?

- Атам мен ағам сөзге шебер, аузы дуалы адамдар еді. Ел арасында кесімді сөз айтып, бітімгер шешім шығарған шешен кісі болған. Адамға өнер ғарыштан келмейді ғой, ең бірінші, текпен, қанмен сіңеді. Әкем де әнші, суырыпсалмалық қасиеті бар азамат болған. Анамның да «әу» деп қоятыны бар. Әкемнің өзі мені бес жасымда домбыраға үйретіп, халық әндерін айтқызған. Адамның жас кезінде меңгерген дүниесі ешқашан санасынан өшіп қалмайды екен. Әкем өмірден жастай кетті. Дегенмен, қамшыдай ғана қысқа өмірінде өз өнегесін беріп кетті дей аламын.

- Әншілікке келуге өзің оқыған оқу орнының ықпалы мол болды ма?

- Университетте музыка мамандығы бойынша 4 жыл білім алдым. Ән айтудың техникасы мен әдіс-тәсілін үйретуде дәстүрлі әнші Серікбол Шыныбаев есімді ұстазымның ықпалы мол болды. Серікбол ағамыз мені ән байқауларына дайындайтын, баулитын. Біздің облысымыздың белгілі сазгері Оралхан Көшеров ағамызға ұқсайтын Дәнеш Рақышев есімді аты аңызға айналған Жетісудың жез таңдай әншісі болған. Дәнеш ағамыздың өнер жолына арналған «Дәнеш салған әндер-ай» атты байқауға алғаш рет 2002 жылы қатысып, байқаудың дипломанты атанғанмын. Содан бастап домбырамен ән айтудың қас шебері Дәнеш ағаның әдіс-тәсілдерін меңгердім.

Естеріңізде болса, сол жылдары қазақ эстрадасында домбырамен ән айту үрдісі сәнге айналған кез болатын. «Нұр-Мұқасанның», Тоқтар Серіктің, Мейрамбек Беспаевтың аты шыға бастаған уақыт еді. Біз де домбырамен ән шырқайтын өнер жұлдыздарына еліктей бастадық. Әнімді тыңдаған халық менің дауымды Мұқасан Шахзадаев ағамыздың даусына ұқсатып жататын.

- Асабалыққа келуіңе де әншілік әсер етті ғой деймін...

- Иә. Ең алғаш рет тойға әнші ретінде шығып, өнер көрсеттім. Халықтың өнерге, домбыраға деген сүйіспеншілігі зор ғой. Халықтың әнімді ұйып тыңдайтындығын көрген мен тойға үнемі шыға бастадым. Әлі жаспыз, барлығын қызық көреміз. Университетте жоғарғы курста оқитын жігіттер мені әрқашан өздерінің қасына ертіп жүретін. Олар тойға барса, мені де ала кететін.

Университет біз үшін оқу орны емес, өнер ордасы болды. Әнші, асаба жігіттермен көп араластым. Асабалыққа келуге жоғарғы курстың жігіттері көп әсер етті ғой деймін. Есептеп отырсам, асабалық жолда жүргеніме биыл 16 жылдың жүзі болған екен. Түсінген адамға бұл өте ұзақ мерзім. Менің білуімше, ешкім де бұлай ұзақ уақыт асабалықпен айналыспаған...

- Асабалық жолда жүріп, қандай өнер жұлдыздарымен таныстық орната алдың?

- Әу бастан еліктеп, құлағымыз елең ете қалатын Нұр-Мұқасан мен Музарттағы ағаларыммен танысқым келді. Таныса да алдым. Өте керемет, қарапайым жандар. Заттыбек ағамызбен, Айгүл Имамбаева әпкемізбен таныстым. Жерлесіміз Ринат Зайытовпен көп сұхбаттастым. Өлеңдерін алып, ән жазып көруге ұсындым.

Өмірқұл Айниязов өнердегі досыма, ақылшыма айналды. Бұл кісі - әлі күнге дейін домбырасын жанынан тастамаған дара жан. Көзқарасымыз, ой-пікіріміз бір арнадан шығады. Сондықтан өнердегі серіктес жандарға айналдық.

- Асаба - халықтың көңілін табуға тырысатын жан. Асабалықтың біз білмейтін қиыншылықтары қандай?

- Шындап келгенде, асабалық - өте қиын өнер, ауыр кәсіп. Қазіргі тілмен айтқанда психолог болуың керек. Қазақтың тойы бір болғанымен, тойға келген жұртшылығы әртүрлі. Тойдағы асабаның көңіл-күйі, көбінде, тойдың иесіне байланысты. Кейбір той иелері асабаның міндетіне көп араласпайды, тойға келген қонақтарының көңілін тауып, өз ісімен жүреді. Ал бір той иелері асабаның міндетіне араласып, шабытына тоқтау сала береді. Сөзін алалап, шабытын бөле берген той иесі ешқандай асабаға ұнап көрген емес. Шығармашыл адам болған соң, еркін көсілгің, көңілдендіргің келеді. Шынайы өнерлі адам халықтың сұранысына жұмыс жасамайды ғой, керісінше, халықтың өзін өнеріне елітіп әкетеді, тәрбиелейді. Асаба да халықты өзіне бағындыра білуі керек. Мұның барлығы үлкен ғылым. Асаба адам мәдениетті, этикасы қалыптасқан адам болуы керек. Әйтпесе, қадірің кетеді.

- Елді басқаруда қолданатын белгілі бір әдіс-тәсілдерің бар ма?

- Арнайы әдістерім жоқ. Тойға арнайы дайындалып, сөзімді жаттап келген кезім де болған емес. Барлығын шабыт пен суырыпсалмалық шешеді. Халықтың алдына шыққан соң, асаба адам ерекше көңіл-күйге ие болады. Халықтың назарын, жанарын сезінеді. Шабытына қолдау тапқандай болады. Домбыраны қолға алған соң, барлығы өзінен-өзі төгіле, ағыла түседі. Сол себепті осы күнге дейін өткізген тойларым бір-біріне ұқсап көрген жоқ.

- Жұбайың Айданамен бірге ән шырқайды екенсің. Бұл дуэт халыққа ұнайтын көрінеді.

- Өнер адамдары арасында Қарақат пен Қыдырәлі, Тоқтар мен Серік, Жанболат пен Жазира сынды өнер жұптарының халықтың көңілінен шыққаны соншалық – бірін екіншісіз елестету мүмкін емес. Осыны ойлаған жұбайымыз екеуіміз бірге ән айтуды ойластырдық. Халықтың көңілінен шығып жатса, бізге одан артық бақыт жоқ.

- Алдағы жоспарларың жайында біле отырсақ...

- Қазір тойда айтып жүрген алпыс шақты әнім бар екен. Нақтырақ айтсам, орындап жүрген. Алдағы уақытта өз әнімді жарыққа шығарғым келеді. Кез келген әншінің оны танымал ететін бір хит әні болады. Хит ән жазамын деп айтпай-ақ қояйын, алайда әншінің маңдайына біткен бір әні болады ғой. Қазір Алматыдағы Музарттың студиясында Дәнеш Рақышевтың «Жеңеше» әніне аранжировка жасатып жатырмын.

- Қазіргі жас асабалар жайында не айта аласыз?

- Жас асабалардың көбі домбырада ойнай алмайды, беташар жасай алмайды. Мұны үлкен кемшілік дер едім. Асабалық синкретті өнер ғой, яғни жан-жақты болуың керек. Терме айтатын, жыр жырлайтын асабалар жоқтың қасы. Жасы үлкен асабалар біртіндеп азайып жатыр. Ал домбыраны серік еткен жас серілер қалмай барады.  

Следующая →