Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Газета Газета

Науқас дәрігердің еміне емес, мейіріміне мұқтаж

Дәрігерлік – асқақ абырой, мәртебелі міндет. Өз өмірінен өзгенің өмірін жоғары қоятын қамқор жандар дауа іздегеннің көңіліне демеу, еміне шипа табады

Ұстаз үшін алғысын айтып, алдына келген шәкіртінен ыстық жан жоқ болса, дәрігер үшін ризашылығын білдірген емделушісінен артық құрмет жоқ. Оралғазы Жүнісов - денсаулық саласына 37 жыл ғұмырын арнаған Аягөз ауданының ардақты азаматы, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты ұйымдастырушы дәрігер, терапевт маман. Ол талай тұрғынның алғысын алған абзал жан.


Дәрігерлік бала күннен басталады...


Аягөз ауданының орталық ауруханасында жиырма бір жыл басқарушылық қызмет атқарған Оралғазы Құрмашұлы дәрігерлік мамандықты бала күнінен аңсаған. Кеңес одағы тұсында дәрігер, мұғалім, полиция сынды шоқтығы биік мамандықтарға деген жастардың қызығушылығы мол болатын. Оралғазы ағамыздың да дәрігер болуға деген арманы бала күнінен басталған.

- Ауданымызға өткен ғасырдың жетпісінші жылдары дәрігерлер көптеп келе бастады. Оған дейін ауылымызда фелдьшерлік пункт қана бар болатын. Кейін үлкен аурухана ашылып, іші дәрігерлерге тола бастады. Ақ халат киген адамдар бізге тансық көрінетін. Өзім де бала күнімде ауруханаға жатып шықтым. Сол кезде дәрігердің қамқорлығын көріп, бұл мамандыққа деген ерекше құрметім пайда болды. Содан бастап дәрігер болуға деген құштарлығым оянды, - дейді Оралғазы Жүнісов.

Алайда ол заманда дәрігер болғысы келген азаматтың арманы бірден орындала қоймайтын. Өйткені, медициналық оқу орындарына түсу үшін қажырлы еңбек, зор зейін, ерекше талап қажет болатын. Дегенмен, бала күнінен білімге құлшыныс-құштары мол Оралғазы Құрмашұлы 1971 жылы Семей медициналық институтына оқуға тапсырып, сүрінбей өткен.

- Мектеп кезінде химия, биология, физика пәндерін жақсы оқыдым. Дәрігерлікті таңдауыма да сол себеп болды. Алайда мектеп бітірген соң, апайым дәрігерлікті оқи алмайсың деп, Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтына «агроном» мамандығына оқуға түсірмекші болды. Өзім қаламаған мамандық болған соң ба, білмеймін, алайда оқуға түсе алмадым. Кейін Камчаткада әскери борышымды өтедім. Әскерден оралған соң, ауданда ұжымшарда жұмыс жасадым. Бірақ қолымнан ешқашан кітап тастамадым. Күндіз-түні медицинаға қатысты кітаптарды оқыдым. Содан не керек, тәуекелге бел байлап, Семейге оқуға аттандым. Бала күнімнен биология пәнін жақсы оқығаным оқуға түсуіме көп көмектесті, - дейді Оралғазы Құрмашұлы.

Медицина институтында он жыл білім алған жерлесіміз Жамбыл облысына қызметке жолдама алған. Еліміздің оңтүстігінде он жылға жуық қызмет еткен дәрігер өзінің туған жерін сағынып, Аягөз ауданына жұмысқа келген.

- Өзім Аягөз ауданы Тарбағатай ауданында туылғанмын. Оқуды тәмамдаған соң, 1981 жылы Жамбыл облысы Красногор аудандық ауруханасына терапевт дәрігер болып қабылдандым. Осы аурухананың бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары, терапия бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқардым. Жамбыл облысында он жылдай жұмыс жасадым. Өз ауылымды сағынып жүргендіктен, Аягөз ауданына қайтып оралдым. Мұнда Тарбағатай ауылының бас дәрігері қызметіне тағайындалдым, - дейді Оралғазы Құрмашұлы.


Ұйымдастырушылық қызметте 20 жыл...


Қазіргі таңда Аягөз аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің шаруашылық істерді ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Оралғазы ағамыз аталмыш қызметтің тұтқасын ұстағанына биыл 21 жыл уақыт болған екен.

- 1996 жылдан бері бір қызметте, бір кабинетте отырмын, - дейді Оралғазы Жүнісов.

Емшілікпен қатар ұйымдастырушылық істі де қатар алып жүру, аурухананың шаруашылық жұмысын жиырма жылдан артық уақыт бойы ұршықтай иіріп, асықтай алшысынан түсіру кез келгеннің қолынан келмесі анық. «Аурудың жайын баққан біледі, аңның жайын атқан біледі» демекші, аудандағы медицина саласының қандай деңгейде екендігін бес саусағындай білетін дәрігер ағамыз жоғары санатты ұйымдастырушы дәрігер атағына ие болған.

- Аягөз аудандық емдеу мекемелерінде 153 дәрігер және 500-ден артық орта буынды медициналық қызметкер жұмыс атқарады. Ауданда дәрі-дермек жеткілікті. Былтыр облыс ауыл-аймақтағы ауруханаларға медициналық құрал-жабдықтар алуға 1,5 млрд теңге бөлген кезде біздің аудан ЭКГ, УДЗ және жүрек кардиостимуляторы сынды жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік алды, - дейді Оралғазы Құрмашұлы.

Кез келген мемлекеттің әлеуеті оның медицинасымен өлшенеді. Денсаулығы мықты адамның тындырар тірлігі де мол болатыны сияқты денсаулық сақтау саласы дамыған елдің халқы да қуатты болады. Сол себепті Оралғазы ағамыздың да қазіргі ойы - аудандағы медицина саласын дамыту, оның тиімді жолдарын табу.

- «Ауданда, елімізде денсаулық сақтау саласын қалай дамытамын» деген ой мені өмір бойы мазалап келеді. Бұл саланың қыр-сыры тереңде ғой. Шертіп шешімін табу қиын. Облысымызда дәрігерлерді шетелге оқуға жіберу, медициналық құрал-жабдықтарды алу тәрізді жұмыстар жасалуда. Биыл ауданымыздың екі акушер-гинекологын шетелге оқуға жіберуді ойлап отырмыз, - дейді Оралғазы Жүнісов.


Тұңғыш немеремді дәрігерлікке беремін


Қырық жылға жуық ғұмырын дәрігерлік жолға арнаған Оралғазы аға қазірде бір ұл мен екі қыздың әкесі, сегіз немеренің атасы. Ұл-қызы дәрігерлік жолды таңдамаса да, Оралғазы Құрмашұлы тұңғыш немересін дәрігерлік мамандыққа оқуға жіберемін деп отыр.

- Балаларым заңгер, инженер және экономист мамандықтарының иелері. Бір қызым дәрігерлікке барамын дегенмен, денсаулығына байланысты бара алмады. Қарындасым да, келіндерім де дәрігер. Бауырымның баласы қазіргі таңда медицина саласында білім алып жатыр. Бұйыртса, тұңғыш немерімді дәрігерлік мамандыққа оқуға түсіремін, - дейді Оралғазы Құрмашұлы.

Дәрігер адамның тәнін ғана емес, жанын да емдей алады. Нағыз дәрігер - емделушінің жанын түсініп, мейірім танытатын жан.

- Адамға көмектесу - дәрігердің басты парызы. Оның жанын да, тәнін де емдей алуың керек. Науқас адам, ең алдымен, дәрігерден жылы сөз бен жан мейірімін күтеді. Ақ халатты азбал жанның емінен бұрын қамқорлығына мұқтаж. Дәрігердің үш қаруы бар. Ол - сөз, өсімдік және пышақ. Оның ішінде сөз - дәрігердің бірінші қаруы. Адамға сөзбен сенім сыйлау - бұл өмірдегі ең құдіретті құбылыс. Дәрігердің жылы сөзі мен мейірімді мінезі кез келген дерттің емі деп ойлаймын, - дейді Оралғазы аға.

Сондықтан да аудандық ауруханада пациенттермен жұмыс жасайтын арнайы комиссия құрған. Бұл комиссия науқастардың ем-домынан бөлек басқа да мәселелерін шешіп, моральдық қолдау көрсетеді.

Жас мамандарды баулу - тәжірибелі, абыройлы азаматтың өмірлік борышы.

- Дәрігер үнемі білімін толықтырып отыруы керек. Білімге адалдық қажет. Дәрігерді маман ететін - оның білімі. Сондықтан ауруханада жұмыс жасайтын жас дәрігерлерге көп оқу керектігін айтамын. Дәрігер анықталған ауруды не үшін емдегелі отырғанын жақсы түсінуі тиіс, - дейді дәрігер.

Ажалды алқымынан алған ақ халатты ардақ жандардың еңбегі қашанда халықтың абыройына бөлейді. Қырық жылға жуық ғұмырын адал еңбегіне арнаған Оралғазы Құрмашұлының қызметі табысты, жұмысы жемісті болуын тілейміз.


Қымбат Слямбеков


Следующая →