Суретті түсінуге тілмаш керек емес
Карикатура деп - өмірдегі жағымсыз құбылыстарды, адамның жеке бойындағы кемшіліктерді әшкерелеу мақсатында салынған әзіл-оспақ, әжуа-сықақ сурет
Аталған сурет жанрының еліміздегі ең беделді өкілі, каррикатура майталманы, әлемнің ең үздік 100 карикатурашылар қатарына енетін, халықаралық сурет байқауларының жеңімпазы Айдарбек Ғазизовтың Шығыс өңірінен шыққанын облыс жұртшылығы біле ме екен? «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі әрі бөлім меңгерушісі Думан Анаш «Еліміздегі карикатурашылардың барлығы Шығыс өңірінен шыққан, суретші ағаларымызды айтып, мақтанып жүреміз» дейді. «Егемен Қазақстан» газетінде 20 жылдан астам қызмет еткен, Күршім ауданының тумасы, еліміздің ең танымал карикатурашысы Айдарбек ағамыз 2016 жылы Италияда, 2012 жылы Қытайдағы халықаралық сурет байқауында бас жүлде алған. Әлемнің үздік карикатура суретшісі өзінің туған өлкесі Өскеменге келіп, өнерсүйер қауыммен кездесті. Кездесуде қойылған сауалдардың бірнешеуін оқырман назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
- Айдарбек аға, суретші бола тұра неліктен карикатура жанрын таңдадыңыз?
- Бірінші сыныптан бастап сурет сала бастадым. Кез келген баланың суретке деген құмарлығы ерекше келеді ғой. Ауылдың әрбір үйінде сол кезде бүкіл республикаға аты танымал «Ара» атты сатиралық журнал болатын. Сатирик-карикатурашылар шығаратын бұл журнал Қазақстандағы карикатура жанрының қалыптасып, қанат жаюына тікелей ықпал еткен. Әзілі аралас ерекше суреттер қашанда баланың назарын аударады. Содан болса керек, бала күнімнен «Арадағы» суреттерді өзім салып үйрене бастадым. «Арада» қызмет еткен Қазақстандағы үздік карикатурашылардың бірі Николай Казанцевті өзіме үлгі тұтып, оның мыңдаған суреттерін жинап жүрдім.
Бесінші сынып оқып жүрген кезімде мектепте «Найза», «Кірпі» атты қабырға газеттері жарыққа шығатын. Әсіресе, оқушылар апта ішінде орын алған айтулы оқиғаларға арнап сурет салып, «Найза» газетіне өткізетін. Бұл газетке менің суреттерім апта сайын жарияланатын. Оның үстіне, газеттің жанры да карикатураға жақын еді.
- Өміріңіз бен өнеріңізге үлкен өзгеріс әкелген жайт жөнінде айта отырсаңыз...
- Адам өмірінде оның шұғыл шешім қабылдауына шабыт беріп, ынталандыратын оқиғалар көп болады. Аудан орталығында суретшілік қызметте жүрген кезімде Досхан Жолжақсынов түскен «Даладағы қуғында» («Погоня в степи») атты фильмді көргенім әлі есімде. Бұл фильм маған қатты әсер етті. Өйткені Күршім ауданы, Балықшы ауылында дүниеге келген Досхан ағамыздың үлкен кинода рөл сомдауы мені шынайы тебірентті. Аядай ғана ауылда туған адамға да үлкен жетістіктерге жетуге болады екен ғой деген ой туды. Содан не керек, елге, әлемге танымал суретші болуым керек деп өзіме талап қойдым. Ол үшін Алматы қаласындағы Көркем өнер институтына оқуға түскім келді. Бұл институтқа оқуға түсу бақыты тек 30 жасымда ғана бұйырды. Өскеменде қорғасын комбинатында жұмыс жасап жүрген кезім еді. Екі баланың әкесімін. Тәуекелге бел буып, жанұяммен бірге Алматыға аттандым. Туған-туыстарым қарсы болды. Алайда алқынған шешімнің ақыры аяқасты болған жоқ. Ешқандай өкінішім жоқ.
- Сіздің суреттеріңіз шетелдің көптеген көрмелеріне қойылған. Бүгінгі күнге дейін қандай байқауларға қатыса алдыңыз?
- Суреттерім, шамамен, 45 мемлекеттің көрмесіне қойылған. Ұлыбритания, Ресей, Жапония, Иран, АҚШ, Румыния, Түркия, Қытай елдерін бөліп ерекше атай аламын. 2014 жылы Ресейде қырық бес мемлекет, 2016 жылы Италияда бес жүз суретші қатысқан байқауда бас жүлде алдым. Ал 2012 жылы Қытайда өткен екі мың суретші қатысқан «Алтын панда» байқауында бірінші орынды иелендім. Түркияда өткен әлемдік суретшілер байқауында қазылар алқасы мүшелігінде болдым. Қазылар алқасына әлемнің жеті елінен келген суретшілер тағайындалды.
- Өзіңізге қай байқаудың жүлдесі ыстық?
- Шынымды айтсам, Италияда алған жүлдемді мақтан тұтамын. Өкінішке орай, марапаттау кешіне бара алмадым. Ұлы Микеланджело мен Леонардо до Винчидің туған жері Италиядан алған жүлдем өзіме ыстық көрінеді. Өйткені, көркем сурет өнерінің отаны мені сыйлап, бағалап жатқаны мен үшін зор құрмет.
- Елімізде карикатура жанры қаншалықты дамыған?
- Елімізде әлемдік деңгейдегі байқауларға қатысып жүрген төрт-бес карикатура суретшісі бар. Олар Ғалым Смағұл, Нұрлан Тазабеков, Еркін Нұразхан, Игорь Кийко сынды белгілі карикатурашылар. Алайда елімізде шынайы карикатурашылардың аздығы қынжылтады. Мәселен, Түркияда мектеп оқушыларына арналған карикатура үйірмелері, Иранда балаларға арналған карикатура мектептері бар. Ресейде мұндай мектептердің бар-жоғын білмеймін, алайда халықаралық байқауларға Ресей атынан қатысатын 30-дан астам суретші бар. Иранда карикатурашылардың көп екенін байқадым. Егер Иранда сурет байқауы өтетін болса, оған міндетті түрде 500-ге жуық ирандық карикатурашы қатысады.
- Суретті қанша уақытта саласыз?
- Бұрындары үш сағатта бір сурет салатын едім. Қазір бір сурет салу үшін 10-15 сағат уақытым кетеді. Өйткені өнерге немқұрайлылық жараспайды. Кейде бір суретті үш ай жүріп саламын. Бірде поляк әріптесімнің Польшада өткен байқауға келген қазақстандық суретшінің карикатурасын «баланың суреті ғой мынау» деп менсінбегені бар еді. Намыстан жарылып кете жаздадым. «Бұл менің суретім емес пе?» деп сұрадым. Ол «Жоқ, сіздікі емес» деп жауап берді. Сырт көз сыншы ғой. Елімді әлдекімдердің кемсіткенін қаламаймын. Сондықтан салған суреттеріме аса тиянақтылық танытамын.
Сөзбен айта алмағанды суретпен жеткізуге болады. Сурет ұлттың тіліне тәуелді емес. Суретті түсіну үшін тілмаштың қажеті жоқ. Өйткені суреттің тілі әлемнің барлық халқына түсінікті. Сөзбен шұбатып айтқан ойды бір-ақ суретпен бейнелеуге болады. Сондықтан жан-дүниеңді салып бейнелеген суреттің айтары көп, көрсетері мол болмақ.
- Жастарға қандай кеңес бересіз?
- Тек талпыныс керек. Өзіңе талап қойып, еңбек ету қажет. Өнерің мен талабың бар ма, қапы қалуға тырыспа. Суретші болғым келгеніммен өзімнің өнеріме күмән келтіретінмін. Екіойлы болып жүрген кезімде барлық суретімді жинап алып, өзім ұстаз тұтып жүрген Николай Казанцевқа бардым. Суретші менің талабымды байқап, өнерімді жалғастыруды өтініп, өзінің батасын берді. Сондықтан әрқашан үйренуге, талаптануға, еңбектенуге тырысу керек дер едім.