Өскемендегі стрит-арт өнері қандай деңгейде?
Өскемен қаласын көріктендіру мақсатында биік қабатты үйлерге стрит-арт салу бастамасы көтерілгені белгілі. Идея авторы қала әкімі Қуат Тұмабаевтың өзі болатын
Креативті идеяларды жүзеге асыруды ұнататын қала әкімі Өскемен қаласына өзгеше бір тыныс әкелгендей болды. Дегенмен, граффити өнері Өскеменде қаншалықты дамыған? Көрші Семей қаласының өзінде алғашқы тапсырыспен орындалған стрит-арттың өзі 2008 жылдары салынған. Ал Өскемен қаласында биыл ғана орындалып отыр.
Граффити ойды жеткізу құралы
Граффити өнері алғаш рет өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап дами бастаған. Теңсіздік пен әділетсіздікті көрсету мақсатында гетто ауданның қалың қауымы хип-хоп арқылы өздерінің мәселесін, стрит-арт арқылы көзқарасын білдіріп отырған.
- Граффитиді қара нәсілділер өздерінің саяси көзқарасын білдіру мақсатында ойлап тапқан. Яғни, граффити - каррикатураға ұқсас жанр. Граффити салу арқылы әлеуметтік жағынан қорғалмаған жандар өздерінің мәселесін көтеріп, ойларын жеткізуге тырысқан, - дейді өскемендік граффитиші Денис Олегович.
Алайда қабырғаға сурет салу меншік құқығын бұзу болып саналады. Сол себепті алғашқы граффити-қозғалысының өкілдері Нью-Йорк қаласындағы метро вагондары мен пойыздарына сурет салумен айналысқан.
- Қабырғаға сурет салу алғашында вандализм саналды. Алайда көптің көңілінен шыққан бұл туындылар 80-90 жылдары шығармашылық бағыт ретінде қабылдана бастады, - дейді Денис Олегович.
Американың қараңғы көшелерінен бастау алған бұл өнер түрі кейін Еуропаға Ұлыбритания елі арқылы тараған. Кейін Германия, Италия, Франция, Испания, тіпті, Финляндия мен Швеция елдеріне де кең тарай бастаған.
Өскеменде граффити кенжелеп қалған
Дегенмен, Өскемен қаласында граффити өнерінің біршама кенжелеп қалғанын көше суретшілері де мойындап отыр.
- Қазақстанда екі үлкен граффити тобы бар. Оның бірі астаналық «Репас» болса, екіншісі, алматылық - «Тиграхауда» тобы. Ал Өскеменде, шынымды айтсам, граффити салумен айналысатын тек менің ғана тобым бар. Көршілес Павлодар мен Семейде бізге қарағанда граффити салу әлдеқайда дамып кеткен, - дейді жиырма төрт жасар граффитиші Денис Олегович.
Өскемен қаласында алғашқы граффитилер өткен ғасырдың 2000 жылдары салына бастады. Сол уақытта стрит-арт салумен әуестенген топтар пайда болғанымен, олар қазіргі таңда жоғалған.
- 2005-2010 жылдар арасында Өскеменде граффити фестивалі көп өткізілді. Бұл кезде қабырғаларға сурет салғысы келетін жасөспірімдер көбейді. Ертіс өзені жағалауы мен Пристань, Защита, ЖМК, Аблакетка аудандарында көптеген суреттер пайда болды. Мен де сол кезден бастап әуестене бастадым. Қазір де тапсырысқа сурет саламын. Бірақ тапсырыс өте аз, - дейді Денис Олегович.
Өскемен қаласы әкімдігі «Жастар орталығы» КММ ұйымдастыруымен арбат-фестивальдері де кейінгі жылдары өткізілмейтін болған.
- Қалада фестиваль ұйымдастыру тоқтап қалды. Мен өзім де жастар орталығына, қала әкімдігіне өз жобаларымды ұсынып көрген едім. Алғашында әкімдік ұсынысымды қабыл алғанымен, кейін қаржы бөлуден бас тартты. Соңғы тапсырысты өткен жылы жазда ғана орындадым. Өскеменде тапсырыс аз болғандықтан, Новосібір қаласына жол жүріп барамын, - дейді Денис Олегович.
Граффити - қаланы абаттандыру әдісі
Қаланы көрікті етудің мұндай ерекше әдісі қазіргі уақытта әлем елдері тарапынан зор сұранысқа ие.
Ал тұман басып, жыл он екі ай тұнжырап тұратын Скандинавия, Балқан түбегі елдері мен Исландия, Гренландия аралдарында тұратын халықтар күйзеліске «құштар» келеді. Финляндия, Дания сынды елдерде суицид жиі орын алады. Халықты күйзелістен шығару үшін ел үкіметі ғимараттардың сыртын жарқын түстерге бояй бастаған. Жарқын түс адамға жағымды көңіл күй сыйлайды. Португалия еліне қарасты Азов аралдарында жыл сайын граффити фестивалі өткізіледі. Португалия үкіметі фестивальге қатысушыларға сурет салуға болатын ғимараттардың тізімін береді. Ал суретшілер өздерінің шығармашылығын қосып, әртүрлі бейнелер жасайтын болған.
Әкімдік ғимараттың түсіне мән береді
Облыс басшысы Даниал Ахметовтың да ғимараттардың түр-түсіне аса мән беретіндігі жиі байқалады. Семей мен Өскемен қаласында салынып жатқан жаңа тұрғын үйлердің түсін қанық қылуға аса мән береді.
- Әсіресе, Өскеменнің ЖМК ауданында салынған үйлердің түсі тым қанық. Құдды өзге бір қалаға кіріп кеткендей боласың. Кәмпит түстес үйлер, - дейді қала тұрғыны Ерасыл Боранбаев.
Сол сынды қала әкімі де қаланың ескі ғимараттарын әсемдеу үшін граффити салуды қолға алған. Тоғыз қабатты үйге Талғат Жайлауовтың бейнесін салған әкімдік ендігі кезекте ұлттық нышандағы тағы бір стрит-артты салуға ниеттеніп отыр. Әлеуметтік желі қолданушылары мұны Абайдың бейнесі деп жорамалдауда.
- Жаңа стрит-арт екі аптадан кейін бітеді. Бұл - біздің екінші туындымыз. Мұны біз әлі де жалғастыратын боламыз. Алда күз мезгілі келе жатыр. Жауын-шашын көп болатындықтан, стрит-арт салуға кедергі келтіреді. Сондықтан жобамызды ендігі жазда жалғастыруымыз мүмкін, - дейді Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.
Өскеменде бұған дейін көзге көрінетіндей қалыпта үлкен стрит-арт салынбаған.
- Мұндай қабырға суреттері граффити салумен әуестенгісі келетіндердің қарасын көбейтпек, - дейді Денис Олегович.