Усть-Каменогорск
ясно
-12°
  • Усть-Каменогорск
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -3°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +8°
  • Атырау
    -2°
  • Караганда
    -4°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Жүз рет естігенше, бір көргенің артық...

Тарихы 2000 жылдардың тұсында басталған Шығыс Қазақстанның қазақ театры құлашын жайып, өркендеп келеді. Әсіресе, соңғы жылдары қарыштауы қалыпқа келіп, келісті де кесек туындыларымен тамсандырып келе жатқан бұл сахна режиссері Сахан Әкелеевпен сұхбаттасқан едік

? Өмір жолыңыздың басым бөлігі туған жеріңізден ит арқасы қиянда өтіпті. Арасынан қыл өтпейтін өміріңіз бен өнеріңіздің бастауынан сыр шетсеңіз...


- 1958 жылы Тарбағатай ауданы, Шілікті ауылдық округінің Тасбастау ауылында дүниеге келгенмін. Туған ауылдың топырағында аунап өсіп, сегіз жылдық мектепті бітіріп, кейін оқуымды Шілікті орта мектебінде жалғастырдым. Алғашқы білімімді бітіре салысымен Отан алдындағы борышымды өтеп келіп, Өскемендегі режиссерлік оқуды бір жыл меңгердім. Бір жылдан соң Қазақстанның халық әртісі, «қазақтың Станиславскийі» атанған, театр өнерінің атасы Асқар Тоқпанов Қазақ Ұлттық өнер академиясына шақырып, 1980 жылы актер бөліміне емтихан тапсырдым. Бір орынға тоғыз адам үміткер болған ортада оқуға іліндім. Оқудан соң әртүрлі жағдайлармен театрға бару бұйырмады. Заманның жүйесі сондай болғандықтан ба, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның опера және вокал бөліміне түсіп, Бекен Жылысбаевтың дәрісінен 7 жыл сусындап шықтым. Кейін 1991 жылдан 1993 жылға дейін университетте сабақ беріп, қолымыз босағанда операда өнер көрсеттік. 1993 жылы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери ансамбліне көркемдік жетекші маманы болуға ұсыныс түсті. Оның негізін салушылардың бірі ретінде 2004 жылға дейін түрлі қызметте болдым. 2013 жылы облыс әкімінің шақыруымен Шығыс Қазақстан облыстық драма театрына директор болып келдім.


? Актерліктен бұрын, вокал жолындағы өнеріңіз баянды болыпты. Бүгінгі таңда актерлік ауылынан алыстамаған шығарсыз?


- 2014 жылдан бері қазақ труппасында көркемдік жетекші, актерлік қызметін атқарудамын. Бүгінгі таңда Керей-Жәнібек, Ақан сері, Кенесары рөлдерін сомдап, төл мамандығымды қалдырмаймын. Қазіргі уақытта «Сергелдең болған серілер» қойылымымен 18-ші маусымды ашамыз.


? Өнер саласында жетекшінің болуы қалыпты. Бұл тұрғыда актерлікке сіз өз ниетіңізбен келдіңіз бе?


- Бұл салаға өзім келдім. Бес жасымнан ауыл сахнасына шығып өнер көрсеттім. Күй тартып, ән айтып, осы жолмен алпысқа да келіп қалдық.


? Әлемдік театрлардай ғасырлап кешкен тарихы болмаса да, Шығыс Қазақстан театры бүгінгі таңда адуында жетістіктер көрсетіп келеді. Бұл тұрғыда өлкеміздің өнер тарихын айта кетсеңіз...


- 2000 жылдары Жамбыл атындағы облыстық драма театрына қала әкімшілігінің араласуымен қазақ труппасы қосылған болатын. Қосылуы қисынды болса да, бұл театрда қазақ өнерінің ізі болмаған еді. Өзінің тұрақты штабы, гримерлері де болмады. Қиын кезеңде өз ісін жалғастырып, аяғынан нық тұрды деп сенімді түрде айтуға болады.


? Өңірдегі қазақ театрының өркендеуін Рүстем Есдәулетовтің есімімен байланыстырып айтуға бола ма?


- Рүстем өзінің албырт шағында, қысқа өмірінде театрда үлкен ізін қалдырып кетті. Бір тәулікте 24 сағат болса, оның 20 сағатын театрға арнайтын. Міне, сондықтан Шығыс театрының аяқтан тұру кезеңін Рүстем Есдәулетовтің есімімен байланыстырамыз. Рүстем өмірден озғаннан кейін 10 айдан соң біз келдік. Театрдың қайтадан күшейіп, бағының жануына үлкен күш салдық. Жаңа ғимарат салынып, былтыр облыс әкімінің қолдауымен 20 жас маманға үй берілді. Жастар театры құрылды. Биыл оның үшінші маусымы ашылды. Бүгінгі таңда әр өңірден жастар көптеп ағылып келуде.


? Бүгінгі таңда әуселесі зор қойылымдар ұсынып келесіздер. Оның ішінде «Шырмауықты» ерекше айтуға болады...


- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Бас прокуратураның рұқсатымен қылмыстық жазасын өтеу мекемелерінде «Шырмауық» қойылымын қойдық. Бұл шығарманы өзіміз тапсырыспен жаздырып, тіпті, атауын да өзіміз қойдық. Шырмауықтан шыға алмай, сандалып жүрген жастарға арналған еді. Бұл ретте діни кеңесшілердің арқасында, от ауызды, орақ тілді драматургиядан хабары бар жазушылардың араласуымен осындай керемет спектакль туындады. Тіпті, бұл шығарманы Алматы облысы да сұрап, ол жердегі студенттерге, спорт және туризм академиясында, жазасын өтеушілерге қойдық. Бір спектакльдің өзімен бүкіл республиканы араладық. Түрмеде бұл шығарманы көрген үлкенді-кішілі азаматтар көздеріне жас алып, қателескендерін мойындап еді. Осы қойылымнан кейін 40-қа тарта теріс ағымда жүрген жастар алған жолдарынан бас тартқан. Еңбегіңнің еш кеткені жаман, бірақ бұл жолда біз нәтиже көрсете алдық деп білеміз. Иә, бұл спектакльді көрсететін кезде «қорықпайсыңдар ма, қауіпті болар» дегендер табылды. Шешінген судан тайынбайды деп, аянбадық.


? «Шырмауықты» тамашалап шынымен адасып кеткендердің кейпін көресің. Адасқандар тек дінде емес, ділде де бар болар?


- Қазіргі қазақ жастарының арасында өз тілдерін білмейтіндер бар. Түрі қазақ, ойлау жүйесі, сөйлеу мәнері орысша. Ондайларды «қара орыс» дейтін бар. Құдайға шүкір, қазақ қарасы күн санап өсіп те келеді. Бұл тұрғыда әрбір қойылымда бір бастама бар. Оны жай ғана тамашалап емес, тамсанып, танысып, түсініп қайтсын деген мақсат бар. Сөзбен айтқан бөлек, тамашалау әрқашан бөлек. Жүз рет естігенше, бір рет көргенге не жетсін. Қоғамдағы мінді, жетіспеушілікті, насырға шапқан қоғам дертін, сыртынан көре алады. Осыдан кейін талқылау, бөлісу пайда болады. Ал ауруын жасырған өледі, жабулы қазан жабулы қалады. Алдағы уақытта адасқандар үшін «Жан дауа» деген есерткі залалы туралы қойылым ұсынбақпыз. «Жан дауа» жыл соңына дейін көрсетілуге тиісті. Оның сыры өзінде болмақ.


? Сұхбатыңызға рахмет!

Следующая →