Қыздарға әсемдік жарасады...
"Sulu-2018" премиясының қатысушылары сұлулық сырларымен бөліседі
"Sulu-2018" премиясының қатысушылары сұлулық сырларымен бөліседі.
"Sulu-2018" премиясы - бұл Өскемен және тегіс Шығыс Қазақстан облысының сұлулық индустриясындағы бірегей оқиға. Шаштараздар, бет әрлеушілер, қас сәндеу шеберлері, лэшмейкерлер, перманентті макияж бен тырнақ әрлеу шеберлері жарқын, сәнді әрі көзтартарлық образ жасай білу қабілеттерін сарапқа салады. Конкурсқа қатысушы әр маман өз ісінің шебері екенін дәлелдеуге мүмкіндік алады. Бірінші жыл сайынғы премияның ұйымдастырушылары Валерия Мачаликашвили мен Марина Маринкина сайысқа қатысушылардың өтініштерін әлі де қабылдап жатса, «Алдаспан» газеті сұлулық шеберлері жайында баяндаудан жалықпайды.
Қарлығаштың қанатындай қап-қара...
Табиғат әр адамды әр түрлі етіп жаратады. Бірі күлім көз, қиғаш қасты болса, енді бірін табиғат қалың қаспен жарылқай қоймаған. Алайда бүгінгі дамыған заманда ол олқылықтың да орнын толтыру оп-оңай. Қыз-келіншектер перманентті макияж, яғни, татуаждың көмегімен әп-сәтте қарлығаштың қанатындай қою қара, қиғаш қастың иесі болып шыға келеді.
- Перманентті макияж – қас формасы мен түсін өзгертетін, көздің қиығы мен формасын визуалды түрде өзгерте отырып, көзді үлкейте түсуге, ерін ассиметриясын немесе ерін жиектерінің түсін өзгертіп, «мінсіз ерін» жасауға мүмкіндік беретін түстік коррекция әдісі, - дейді алты жылдық жұмыс тәжірибесі бар перманентті макияж шебері Марина Измаилова. - Кең таралған қас татуажы – қарайту. Бұндай макияж бір жылдан астам уақытқа шыдайды. Сондықтан да өте ыңғайлы. Өйткені біршама уақыт өткеннен кейін қас түсін немесе формасын өзгертуге де мүмкіндік болады. Қарайту әдісі арқылы қас табиғи қалпын жоғалтпайды. Егер денсаулық жағдайыңыз жақсы болса, бұл үрдіске жасқанбай жүгінуге болады. Өйткені перманентті макияж онкологиялық және өзге де ауыр дертке шалдыққандар үшін зиян.
Маманның айтуынша, қасыңызға татуаж жасатқан болсаңыз, үрдістен кейін қасты әр сағат сайын хлоргексидин және (дәріханалардан табылады) вазелинмен сүртіп отыру қажет. Төртінші күні қабыршық пайда болады. Қабыршықты қолмен ұстап, алып тастауға болмайды. Сонымен қатар, моншаға баруға да тыйым салынады. Жалпы, бір апта қасқа тиісуге болмайды. Ал татуаж орны емделе бастағанда (шамамен үш апта) шеберге коррекция жасатуға бару қажет.
Қайырылған қалың кірпік арманыңыз болса...
Қайырылған әрі қалың кірпіктерге супер сүрмесіз-ақ та қол жеткізуге болады. Ол үшін кірпікті ламинацияласаңыз болғаны. Бұл әдіс кірпікке сән беріп қана қоймай, оларды сау сақтайды.
- Кірпікті ламинациялау әдісі кез келген қыз-келіншекке жарасады, - дейді бес жылдық жұмыс тәжірибесі бар кіптікті ұзарту және ламинациялау шебері Альбина Мустафинова. - Ламинациялау әдісі кірпікті ұзын, қайырылған, қалың әрі әдемі ете түседі. Ламинациялау барысында кірпіктер боялатындықтан сүрме қолданбауға болады. Ескере кеткен жөн, кез келген түсті таңдауға болады: қара, қоңыр, тіпті, жасыл немесе көк.
Бұл үрдістің әсері 1,5 айдан екі аға дейін сақталады. Үш үрдістен кейін кірпіктер ұзарып, қалыңдай түседі. Өйткені кірпікке табиғи құрауыштардан тұратын арнайы негіз жағылады. Кірпіктің әр талы тамырынан ұшына дейін сыртқы факторлардан қорғалады.
- Ең бастысы – бірінші күні кірпікке су тигізбеген жөн, - деп ескертеді маман. - Ал кейін моншаға түсуге де, бассейнге баруға да рұқсат. Алайда ламинациялауды көзіңіз сау кезінде жасату керек. Ал егер көздеріңіз ауырып жүрген болса немесе жүкті болсаңыз, ламинациядан бас тарқаныңыз абзал.
Стиліңізді өзгерткіңіз келе ме?
Кейде имидждіңізге өзгеріс енгізу үшін шаш үлгісі мен түсін өзгерту ғана жеткілікті. Бірақ нәзік жандылардың көбі шаш түсін кенет түбегейлі өзгертуден жүрексінеді. Ал осындай жандар үшін таптырмас әдістердің бірі – шашқа реңк беру.
- Шашқа реңк беру арқылы шаштың түсіне өзгеріс енгізуге болады, - дейді шаштараз-реңші, Constаnt Delight технологы Софья Шаблинскене. - Шашты осылайша бояу әдісі жас қыздарға да, егде жастағы келіншектерге де әдемі жарасады. Шебер шашты реңтендіру үрдісі барысында екіден бастап 10-15 түске дейін қолданып жатады. Алайда үй жағдайында бұл үрдіс сапалы шықпайды. Одан да өзіңізді маманның тәжірибелі қолына тапсырғаныңыз жөн.
8 жылдық жұмыс тәжірибесі бар маманның айтуынша, шаш түсін сақтау үшін түрлі реңкті тониктерді пайдалану дұрыс емес. Боялған шашты күту үшін кәсіби өнімдерді пайдаланған дұрыс. Ал тұрмыстық сусабындарды пайдаланбаған жақсы. Өйткені сусабынмен жуған сайын шаштың түсі өңін жоғалтады. Негізі шаш реңкі 1,5 ай уақыт шыдайды. Одан өзге, халықтық ем-домдарға да жүгінбеген жөн. Одан да боялған шашты арнайы бальзаммен нәрлендірген дұрыс. Кеңес: шашыңыздың түсін өзгерпес бұрын, өзіңіз таңдаған түс бейнеленген үш суретті тауып, шеберге көрсетсеңіз, ортақ шешімге дұрыс келетіндеріңіз анық. Сонымен қатар, шашыңызды бояр алдында шеберге өзіңізді қызықтырған сұрақтарды қоюға қорықпаңыз.
Бұған дейін елдің бәрі ақ шашпен алысып жүрсе, биылғы жылы күміс түс сәнге айналып отыр.
- 2016 жылдан бастап күл реңкті түстер сұранысқа ие. Тіпті, бұл түс 2017 жылдың басты тенденциясына айналды деуге болады, - дейді 13 жылдық еңбек өтілі бар шаштараз-реңші Татьяна Арапова. - Егер имиджіңізді толыққанды өзгерткіңіз келсе, шашыңызға жасыл, қызғылт, көк, күлгін сынды ашық реңтер беруге болады. Бұндай авангардты шешім креативті шаш үлгісін жақсы толықтырып, әдемі көрік беріп тұрады. Осы орайда айта кеткен жөн, алқызыл, қызыл реңктер жасыл немесе көк, күл түстерге қарағанда ұзағырақ сақталады. Ал ашық түсті шаштарды реңктендіруде шек жоқ, кез келген түсті таңдап, сынақ жасауға болады. Ұзын шаштарға кемпірқосақ іспетті реңктер жақсы жарасым табады.
Аппаратты маникюр жасатқан дұрыс
Ер адамды аяқ киіміне қарап, ал әйел адамды қолына ақарап бағалайды деген бар. Сондықтан да маникюр - әр қыз баланың өмір салтының ажырамас бөлігі.
- Көпшілігі тырнақты гельмен бояу және шеллак деген сөздерді естіген болар, - дейді тырнақ әрлеу қызметінің шебері Дарья Леонова. - Шын мәнінде, бұл екеуі де бір ұғым («Шеллак» - лак маркасының аты). Гель-лактың артықшылығы мол. Тырнақ мықты бола түседі де, маникюр үш аптаға дейін, кейде төрт аптаға дейін жүреді. Ал гель-лакпен қаптау алдында қолыңызға крем жақпаған жөн.
Тырнақ сәндеу маманы маникюрды аппаратпен жасатуға кеңес береді. Өйткені аппаратты маникюр тырнақ тілімшелері мен қол терісі үшін қауіпсіз болып табылады. Сонымен қатар, үрдістің зарарсыздығын ескере кеткен жөн, сол себепті ешқандай инфекция түседі деп қорқудың қажеті жоқ. Кескіш құралдар пайдаланылмайтындықтан маникюр жасау үрдісі нәзік келеді. Осы сынды гель-лакты да сұйықтықпен шешкеннен гөрі, аппаратпен шешкен жөн. Сұйықтықтың 90%-ы – ацетон. Кейбіреулер гель-лак зиян, сондықтан тырнақты біраз уақыттан кейін демалдырған дұрыс дегенге сенеді. Алайда, бұл олай емес. Тырнақ – өлі жасуша, ал тырнақты нәрлендіру үшін дәруменді ішке қабылдау керек.