Облыс туризмі қандай деңгейде?
Шығыс Қазақстан өңірі - елдің өзге аймақтарымен салыстырғанда туризмді дамытуға әлдеқайда ыңғайлы өлке. Өңірдің табиғаты мен тарихы туризмге сұранып-ақ тұр. Дегенмен тарихи қазынамыз бен табиғат сыйын қолдана алып жатырмыз ба?
Катонқарағай, Ұлан, Бесқарағай, Зайсан, Зырян, Көкпекті мен Абай аудандарына баратын туристердің саны көп. Жарты жылдың ішінде бұл аудандарға 169274 адам саяхаттап қайтқан. Тарихи жәдігерлер тұрғысынан Катонқарағай, Зайсан және Ұлан ауданының маңызы зор. Мұнда ежелгі сақ-үйсін қорғандары, будда ғибадатханасы орналасқан. Өңірде Берелдегі «Патша қорғандары», Шілікті обалары және Аблайкит бекінісі сынды 600-ден астам тарихи және археологиялық ескерткіш бар.
- Облыста туристерді тарихи, мәдени жағынан қызықтыратын бес орын бар: Берел қорғандары, Шілікті обалары, Аблайкит ғибадатханасы, Елеке сазы қорымдары, Қырықүңгір қорымы. Бүгінгі күні киелі, тарихи-мәдени, емдік-сауықтыру орындары бойынша 20-дан аса туристік маршруттар жасалған, - дейді ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сарсебаев.
Берел қорғандарының біріне былтырғы жылы саркофаг салынған болатын. Ендігі жылы да бір саркофаг орналастыру ойластырылып отыр. Зайсан ауданында табылған көне қола дәуірі кезеңіне жататын қорымның үстіне де саркофаг қойылмақ. Саркофаг шыныдан жасалып, ішіне мумия «жерленеді». Табытта жатқан мәйіт бұзылмайтын болады. Ал туристер көне дәуірдің тарихи жәдігерлерін көзбен көріп, қолмен ұстай алады.
Одан бөлек, Ұлан ауданында табылған Аблайкит ғибадатханасының бойына да туристер кешені салынуы мүмкін. Дегенмен, бұл әлі ұсыныс күйінде қалып отыр.
Елдегі өзен-көл атаулының 40%-ы, орман алқабының 70%-ы Шығыста орналасқан. Бұл жағажай мен экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Биыл Сібе көлдері мен Алакөлде біршама жөндеу, реттеу жұмыстары жүргізілгені белгілі.
- 2017 жылы облыстық бюджеттен 550 млн теңге Алакөл курорт аймағында көлдің жағасын абаттандыруға жұмсалды. Бақылаусыз орнатылған, ешқандай талаптарға сай келмейтін әрі тексерілмеген азық-түліктерді сататын дүкендер мен тамақтандыру орындары алынып тасталды. Бұл демалушылардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Олардың орнына қазіргі заманға сай ықшам дүкендер салынды. 330 көшет отырғызылды. Жаңа автобекет, 200 көлікке арналған автотұрақ салынды. 80 бейнебақылау камерасы орнатылды, екі полиция бөлімшесі, бір медицина бөлімшесі жұмыс істейді. Жағажайдағы барлық демалыс орындары мен қонақ үйлер санитарлық жағынан таза, өрт сөндіру қауіпсіздігін сақтаған, - дейді Жасұлан Бірлікұлы.
Алдағы уақытта Бұқтырма жағалауында үлкен жағажай салынуы мүмкін деген жорамал бар. Мұны Зырян ауданы әкімі Нұржан Тілеужанұлы айтып отыр.
- Бұқтырма жағалауына жыл сайын 400 мың адам демалуға келеді. Бұл - мемлекетке зор табыс әкелетін орын. Сондықтан Бұқтырма жағалауында үлкен демалыс базасын салуымыз мүмкін. Облыс аудандары ішінде тек Зырян ауданында ғана туризм бөлімі бар. Бұл мәселемен былтыр ғана құрылған туризм бөлімі айналысады, - дейді Нұржан Тілеужанұлы.
Облыста қыста демалушыларға арналып 7 тау шаңғы курорты мен 12 демалыс базасы салынған. Облыстың қысқы туризмді дамытуға мүмкіншілігі мол.
- Риддер қаласы маңындағы қардың қалыңдығы 2 метрден асады. Әрі бұл аймақта жел аз соғады, қар көшкіні болмайды. Алтайдың тау шатқалдарында қар жеті ай бойы жатады. Мұнда қысқы туризм нысандарын салуға болады, - дейді Жасұлан Бірлікұлы.
Туризм саласындағы мәселелердің бірі - мамандардың жетіспеушілігі болуы мүмкін. Мұны туризм саласында істеп жүрген мамандар айтқанымен, облыстық білім басқармасы тегін білім беру гранттарын бөлу кезінде терең мониторинг жүргізілгенін тілге тиек ете отырып, туризм саласындағы мамандарға сұранысы қалыпты екендігін жеткізді.
- Облысқа қандай мамандардың қажет екендігін анықтау мақсатында аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өзі терең зерттеу жасауға тапсырма берген еді. Алайда жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша туризм саласына мамандардың жеткілікті екендігін анықтады, - дейді ШҚО Білім басқармасы басшысы Нұргелді Әпжапаров.
Аймақ туризмін дамытуға қатысты көптеген ұсыныстар бар. Дегенмен, олардың қашан орындалатындығы белгісіз. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің аймақтағы туризмді дамытуға көп көңіл бөлетіндігі байқалады. Бұған биылғы Алакөл, Сібе көлдері маңындағы жөндеу жұмыстарына басшылық етуі себеп. Алайда туризм саласындағы ұсыныстарды қанағаттандыруға облыс қаржысы жете ме?
- Туризм кешенін дамытуға көп қаржы керек екендігі белгілі. Бірақ мұндай қаржы облыс әкімдігі қазынасында бар деп ойлаймын, - деген еді Аблайкит бекінісі маңында туристік кешен тұрғызуға ұсыныс жасаған археолог ғалым Карл Байпақов.