Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Бір-бірімізге ұстаз болдық

Өнердің егізі көп. Ақындық пен жазушылық егіз. Әншілік пен композиторлық егіз. Сурет салу мен қолөнер егіз. «Жігітке жеті өнер де аз» деген халқымыз мұның сырын жетік білген. Мұның барлығы абстрактілі тұрғыда айтылған мысал. Ал шынайы өмірде, Өскеменнің төрінде ән шырқап, халықтың шапағатына бөленіп жүрген қос егіз Ердос пен Елдос Бұланбекті мысалға келтіруге болады

? Қала және облыстың бірқатар өңірлерінде түрлі шараларға белсенді қатысып, той-томалақта да қазақы қоңыр үндеріңмен талайды тамсандырып, халыққа жақсы көңіл-күй сыйлап жүрсіңдер. Өнер жолын талқыға алмас бұрын. Өмір жолдарыңды баяндап өтсеңдер...

- Біз Катанқарағай жерінде, Қабырға деген ауылда дүниеге келгенбіз. Сол жерде 9 жыл білім алып, 11-сыныпты Алматы қаласында тәмәмдадық. Қазір Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын игерудеміз. Мектеп кезінен әдебиетке, ән мен жырға жақын болғандықтан осы саланы таңдадық.


? Егіз десе елең етпейтін жан жоқ шығар. Қос өмірдің қызықты екені айтпаса да түсінікті. Өнер жолына қалай аяқ бастыңдар?

- Иә, мұны мойындамасқа болмайды. Егіздігіміз бір жыр болса, бала күнімізде қызықты тіл сайыстарын, «Жайдарман», «Алдараспан», «Тамаша» сынды көңіл көтерер қойылымдарды қалт жібермейтінбіз. Олардың барлық көріністерін, интермедияларын үзбей көріп, көргенімізді, білгенімізді бірден жаттап алып, халықтың назарына ұсынып жүрдік. Абай атамыздың «болмасаң да ұқсап бақ» дегені осыдан болар. Өнер жолы да орайына қарай бұра бастады. Бір қызығы, біз қандай шара болмасын, «Жайдарман», ән байқауы, ақындар байқауы, көңілді кештердің бірінен қалмадық. Орын алмай жатсақ та, жатырқамай кез келген ортаға көңілді кіріп, көңілді шығып отырдық. Кейін тоғызыншы сыныпта жүргенде тойда өнер көрсетіңдер деп шақыра бастады. «Шешінген судан таймас» деп оны да көрдік. Міне, қазір түрлі ортада түрлі сайыстарға қатысып келеміз.


? Елдос, жуықта Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 65 жылдығына орай ұйымдастырылған айтысқа қатысқаның мәлім. Бұл сенің сөз бәйгесіне алғаш қадам басуың ба? 

- Айтысқа бірінші қатысқаным емес. Ердос екеуіміз бір мамандықтың жілігін шағып, майын татып жүрсек те әнге жуық екенімді мойындаймын. Өлең жазамын, айтыстарға қатысып тұрамын. Бұл қасиеттер әдебиет саласына үлесін қоспаса, кемітпейтіні анық. Осыған дейін туған жерімде де, Алматы қаласында да, жоғары оқу орнында да қазақтың төл сайысынан қалып көрмедім. Тек бұл жолғы айтыс мен үшін жоғарғы дәрежеде өтті. Себебі, өзімнің оқу ордамнан іріктелген, Семей қаласынан келген дарынды ақындармен тең отырып жарыстық.


? Өздерің айтып өткендей, «болмасаң да ұқсап бақтың» бағытында тәлімін берген, ұқсауға тырысқан үлгілі ұстаздарың болды ма?

- Кішкентайымыздан әнге бейім болдық. Мұны кейін өзгелер де, өзіміз де құдайдың берген дарыны деп бағаладық. Осы қасиетті сөндіріп алмайық, өшіріп алмайық деген деммен өстік. Арнайы дайындалып, дауысты келтіріп, вокалдық дәрістерге үйрететін ұстаз болмады. Өзімізге өзіміз ұстаз болдық. Айнадай айнымай тұрып, өз қателіктерімізді бағалап, оларды жөндеумен өстік. Егер табиғи тұрғыда айтсақ, әкеміз әнді тамаша орындайтын. Табиғаттың әкемізден дарытқан қасиеті деп те бағалауға болатын шығар. Мұнымен қоса, атамыздың да дауысы болса керек. Әкеміздің айтуынша, атамызды кезінде Алматыдағы филармонияға шақырған көрінеді. Қарапайымдылыққа бой алдырып, ол кісі ауылдың айналасынан асқысы келмеді. Міне, осы атамыз жақтан тараған Мейір Орынбаев ағаларымыз сахналық этиканы үйреткен болатын.


? Әнге сүйсіну бір бөлек. Бірақ, тойды егіз жандар жүргізсе мәре-сәре қызығы арта түсетін шығар. Мұндай ойға жүгініп көрмедіңдер ме?

- Қазір шілдехана, мерейтой сынды мерекелік жиындарды жүргізіп тұрамыз. Ал қыз ұзату өткізу үшін арнайы дайындық керек, тәжірибе керек-ті. Үлкен ағаларымыз, көзі қарақты ата-әжелеріміздің алдында ұятты болып қалмайық деген ойлар да келеді. Бір жағынан, бір сценарийді әрбір тойға тықпалай бермей, әрдайым жаңа қырдан көріне білу де жауапкершілікті қажет етеді. Мойындау керек, қазір бірі-бірінің сөзін, әнін, әрекетін ұрлап барады. Шынын айту керек, асабалық кейде ойыншық болып кеткендей көрінеді. Кейде ұятты қылыққа жол беріліп кетеді. Бірақ Өскеменде де тойды шоу қылып, өлең-жырмен, әзілмен өткізетін түрлі асабалар баршылық. Оларда тойды жүргізудің өз нұсқалары, қисындары бар. Әркімнің әр әрекетін сынға алатын болсақ, жөндеу мен жөнделуді өзімізден бастау керекпіз. Басқаға күйе жаға алмаймыз. Сондықтан, әлі жетіліп піспей тұрып, аяқты алшақ басқан ерте болар. «Әуп демей тұрып, суға секірмейді» деуші еді...


? Бойларыңдағы ерекше өнерді халық та мойындауда. Ендігі кезекте ән жазуды жоспарлап жүрген шығарсыңдар?

- Бұл да уақыттың еншісінде деп есептейміз. Кез келген істі бастамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керек. Ән жазу асабалықтан әлдеқайда қиын. Асаба болу үшін оқисың, үйренесің, игересің, жетілесің. Ал ән жазуда сен жоқтан бар жасайсың. Бұл, тіптен, оңай үрдіс емес. Әрине, жоспарда жоқ емес. Қазіргі таңда көптеген әндер шығарылуда. Ақшаң болса болды, дауысыңды да, әніңді де, сөзіңді де салып береді. Оның өзі бір үрдістен өтеді. Нағыз әнші болып қалыптасу үшін, сөзін, әнін, оның орайын жаза білуің керек-ақ. Иә, кейде шабытың шалқып үйде, серуенде жүргенде әсем әннің әуеніне салып кетесің. Айтып өткендей мұндайда музыкалық білім жоқ. Барлығын жадыңда жаттап қалмасаң, қалт жіберген сәтіңді қайтарып алу қиынның қиыны. Болашақта бұған қалам да, қаражат та, қауқар да жұмсала жатар дейміз.


? Қазіргі таңда махаббат туралы ән айтатындар көп-ау деймін. Бұл тұрғыда қос пікірлеріңді айта өтсеңдер...

- Махаббат туралы ән шырқайтын әнші де, композитор да жеткілікті. Бұрынғы Ескендір Хасанғалиев, Шәмші атамыздың әндері тойдан ысырылып бара жатқандай. Әрине, мұны біз тек Өскемен қаласы төңірегінде көрген тойларға қарап бағалаймыз. Бұрынғы ата-ағаларымыз тойда Шәмшінің әні шырқалмайынша тойды той деп бағаламайтындарын айтып отырады. Иә, махаббат туралы ән шырқайды, бірақ оның мағыналарынан айырылып барамыз. Қараңызшы, әннің айғайы көбейіп, сөзі азайды, қайталануы көбейіп мағынасынан айырылғандай сыңайлы. Шашына, көзіне қарап шығара салады, я болмаса, мағынасы жоқ «зың-зың» деген әндер де шықты. Сөздің мағынасы да, әрекеттің сипаты да жоқ сөздерді ән деу құр күбірмен теңесіп кеткенін мойындаймыз. Жоқ, бұл мүлдем ән жоқ деген сөз емес. Керісінше, көп әннің арасында іріктеу жоқ. Таңдау жоқ сияқты.


? Жоғарыда тойдағы кейбір әрекеттердің ұятты болып кететінін ескерттіңдер. Бұл тұрғыда асабалардың әрекетіне, әлде қонақтар әдебіне назар салу керек пе?

- Халыққа ұнау үшін, әзілмен әшекейлеймін деп артық сөйлеп кететін жағдайлар жоқ емес. Әсіресе, анекдот айту кезінде орын алып қалады. Мысалы, еркек пен әйелдің арасындағы жағдайды сипаттауда қисынсыз қателіктер кетіп қалады. Тойдағы бала да, шала да, ата мен әже де ерсі қабылдап қалуы ықтимал. Иә, тойда айтылсын, бірақ ұлттық тәрбиеден алыстамайтын болса игі. Ұлттық тәрбиемізді ұлықтайтын сөз сондай халық жиылған ортада айтылса, діліміздің нақышынан айырылматынымыз хақ.


Сұхбаттарыңа рахмет!

Следующая →