Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Кәдесыйды сату үшін жасамаймын

Сүйек ұқсату өнері – халқымызда көне дәуірлерден бері келе жатқан дәстүр. Тіпті, бұл өнердің тамыры сонау алғашқы қауымдық кезеңге дейін тереңдей түседі. Ғалымдар қазақ халқы сүйекті өңдеу мен одан жасалған бұйымдарды киелі санап, наным-сенімге балағандығын айтады

Бұған ел арасында ру мағынасында айтылатын «сүйек», «сүйектес», «сүйегі бір» сынды атаулар, «сүйек жаңғырту», «сүйекке түсу», «сүйек шатыс» деген салт-дәстүрлер, қаралауды білдіретін «сүйекке түскен таңба» ұғымы және «ақсүйек», «асық» тәрізді ұлттық ойындар дәлел бола алады. Әдетте, қазақ халқы асықты, бесіктің астына салатын шүмекті, шақшаны, тарақты, тұяқтас аспабын тек сүйектен ғана жасайтын болған.

Халқымыз сүйек пен мүйізден зергерлік бұйымдарды, ыдыстарды жасаған. Ал бүгінгі кейіпкеріміз сүйектен кәдесыйлар жасаумен шұғылданады. Самар ауылының тумасы Тоқтарбек Әлімжанов ағамыздың сүйектен бұйым жасауға бала күнінен ықыласы ауған. Шамамен, елу жылдан астам уақытын «сүйек өнеріне» арнаған.


Сүйек өңдеу – хоббиім

Бір қызығы, Тоқтарбек ағамыз он жасынан бастап сүйек бұйымдар жасаса да, оны кәсіп түріне, нәпақа жолына айналдырмаған.

- Сүйектен бұйымдар жасауды он жасымнан бастадым десем болады. Әр адамның өмір бойы шұғылданар сүйікті ісі, уақыт жұбатар, көңіл сергітер ермегі болады. Ал мен бала күнімнен сүйек пен мүйіз жинағанды жақсы көретінмін. Ауыл ақсақалдарды сүйектен бұйымдар дайындаудың кейбір әдіс амалын үйреткенімен, көп дүниені кітаптан оқу арқылы меңгердім. Сүйектен бұйымдар жасап, оны сатуды қолға алған емеспін. Бұл - менің хоббиім, - дейді Тоқтарбек Әлімжанов.

Сүйек бұйымдар - ел арасында таңсық дүние. Кейіпкеріміз қазіргі уақытта киізден, ағаштан, теріден жасалатын ыдыстар мен бұйымдар, тұрмыстық заттар көп болғанымен, сүйектен дайындалатын дүниелер сиреп баратындығын алға тартады.

- Облыста сүйектен бұйымдар жасаумен шұғылданып жүрген мен ғана. Ал ағаш пен теріден, жүн мен теріден ұлттық бұйымдар жасайтын қолөнершілер көп. Қазақта сүйек өңдеу өнері болғанымен, қазір бұл ұмытылып бара жатыр. Интернет желісінен сүйек ұқсатудың кейбір әдіс-тәсілдерін үйренейін деп қандай да бір ақпарат іздесем, ешқандай мардымды мағлұмат таба алмадым. Соған қарағанда, елімізде сүйек өнерімен айналысатындар аз-ау. Ал Ресейдің Алтай, Бурятия, Хакасия аймағында сүйек жасаумен айналысатын шеберлер көп. Сүйек бұйымдарын жасауды аталған өңірлерде жарық көрген кітаптардан, орыс тіліндегі интернет сайттарынан меңгердім, - дейді Тоқтарбек аға.

Шебердің бұл сөзіне қарағанда, елде сүйек өңдеу өнерін кәсіп қылғандар, шынымен де азайып бара жатқанға ұқсайды.


Сүйектен өнер туындысын дайындайды

Әуесқой шебердің облыстық құрылыс-этнографиялық және табиғи-ландшафтты мұражай-қорығында тоғыз туындысы қойылған. Атап айтқанда, «Алқызыл гүл», «Чара», «Қаламсап салғыш», «Махаббат», «Сұмпайы үйрек», «Алтын балық», «Көкек» сынды композициялардың мәні тереңде екендігін айтады шебер. Композицияларының көбі ертегі сюжетіне сүйенген. Оның желісін арқау ете отырып, өзінің ойын көрерменге жеткізуге тырысқан. Шебер сүйектен жай ғана тұрмыстық заттар жасап қоймай, ойы мен айтары бар өнер туындыларын дайындауға мән береді.

- Мәселен, көгершін құстың сүйіспеншілігін көрсету мақсатында жасалған «Махаббат» туындысы мен «Көкек» композициясы бір-біріне қарама-қарсы. Бірінде қос құстың бір-біріне деген, өзінің балапандарына деген мейірім, зор ғашықтық сезім бейнеленсе, екіншісінде жұмыртқасын өзге құстың ұясына тастап кететін өгей, сынық сезімнің бейнесі сомдалған. Композицияда қос көгершін жұмыртқасына қарап, еміреніп тұрса, көкек құс өз жұмыртқасынан жеріп теріс айналуда. Байқаған адамға санаға түйер ойы көп. Ал «Алқызыл гүл» мен «Сұмпайы үйрек» дат жазушысы Андерсонның ертегісінен алынса, «Алтын балық» Пушкиннің ертегісінен бастау алады, - дейді Тоқтарбек Жазылбайұлы.

Шебер сүйектен жасалған туындыларды, көбінесе, туған туыстары мен жақындарына сыйға тартатынын айтады.

- Бұйымдар жасауға туыстарым қолқа салады. Кейде жасап қойған бұйым мен заттарды өтініш етіп, сұрап алады. Ресейден, Грузиядан келген достарым да тапсырыс беріп, өзінің қалауындағы бұйымдарды жасап шығуын өтінеді. Мәселен, грузин халқы ритон атты ыдыспен шарап ішеді. Ыдыстың сыртқы пішіні мүйізден аумайды. Оны әртүрлі оюлармен сәндеп, жануар бейнесінде ойып жасайды. Грузиядан келген мейман қазақтың ұлттық нақышын қоса отырып екі ритон жасап беруімді өтінді. Оның біріне қазақтың жылқысын бейнелеп, өзіне табыстадым. Ал екіншісін иретілген жылан түрінде жасап, мұражайға қойдым. Тағы бір досыма сүйектен үлкен шақшақ жасап бердім, - дейді Тоқтарбек аға.


Сиыр сүйегі икемді

Бұйымдар жасауға төрт түлік малдың барлық сүйегі жарай береді. Десе де, сиырдың сүйегі әлдеқайда жұмсақ әрі игенге икемді келеді, шытынамайды. Ал қойдың сүйегі қаттылау.

- Сүйекті жазда емес, қыста жинаған дұрыс. Өйткені жазда мал көк шөппен қоректендіктен, сүйегі қатая түседі. Соғым сойылған кезде сүйектерді молынан жинап аламын. Оны жұмсарту үшін тұз салып екі сағат бойы суда қайнату қажет. Ұзақ қайнаған сүйектің кемігі де сыртқы шығып, жұмырлана түседі. Кейбір шеберлер жұмсартатын арнайы ұнтақтар бар дейді. Оны таба алмадым. Сүйекті өңдеп, пішінге келтіру үшін Қытайдан бұрғы машина сатып алғанмын. Кәдімгі тіс дәрігерлерінің құралдарына ұқсайды, тек үлкенірек, - дейді шебер.

Бір кәдесыйды жасауға он күн кетеді. Шебер сүйектен бұйым жасаудың ауыр шаруа екендігін әрі екінің бірі бұған шыдас бере бермейтіндігін айтады.

- Сүйекті желіммен жабыстыра алмайсың. Оны бір-біріне біріктіру үшін кетік жасап, сынадай бекіте білуің керек. Мен сүйек бекітуге болт қолданамын. Бұл - барынша заманауи тәсіл. Сүйектен жасалған бұйымды бояй алмайсың, ешқандай лак жарамайды. Тек жылтырату үшін аздап түссіз лак жағуға болады. Кезінде ата-бабаларымыз асықты қынамен бояғанымен, сүйекті қынадан алынған бояумен сәндей алмайсың. Сондықтан табиғи түсі қанық сүйектерді іздеу керек. Мәселен, сүйегі қара түсті сиырлар болады. «Алтын балықтың» тәжі мен қаламсаптың ұшын жасау үшін тегі бөлек «август» тұқымды сиырдың қара сүйегін қолдандым, - дейді Тоқтарбек Әлімжанов.


Үйренгісі келетіндер аз

Кейіпкеріміз сүйектен бұйым жасағысы келген шәкірттердің аз, қолөнер заттарын жасауға жастардың ниетсіз екендігін айтады.

- Қолынан іс келетін бірнеше баланы шеберханаға әкеліп, сүйекті өңдеу тәсілдерін үйреткеніммен, бір дәрістен кейін «сүйек өңдеу қолға зиян әрі иісі де мұрын жарады, істей алмаймыз» деп қайта келмеді. Халық арасында сүйек пен мүйізді кәсіп еткісі келетіндер жоқ. Егер «үйретіңіз, шұғылдануға әзірмін» деп көмек сұрап келген жан болса, аянбай көмектесер едім, - дейді Тоқтарбек Жазылбайұлы.

Жүрек қалауын ұлттық өнермен ұштастыра білген, ермегін игілікті іске иілдірген бүгінгі кейіпкеріміз алдағы уақытта «Түлкі», «12 қасық» сынды композицияларын жасауға ниет етіп отыр. 

Следующая →