Ұлан ауданында сүт фермалары ашылады
Ұланда биыл екі сүт фермасы ашылады. Ал ендігі жылы тағы да үш сүт фермасын ашу жоспарда бар
Бес сүт фермасы және үш сүт қабылдау орны ашылған соң, арнайы жүк көліктері фермаларға алынып, ауыл-ауылды аралап, сүт жинаумен айналыспақ.
- Бүгінгі таңда ауданда 5 сүт фермасы бар. Бұлардың ішіне «Украинка», «Багратион», «Қайрат» сынды белгілі шаруа қожалықтарының фермалары да кіреді. Биыл екі сүт фермасы жұмыс жасай бастамақ. Ендігі жылы тағы да үш сүт фермасын іске қосуды ойлап отырмыз, - дейді аудан әкімі Дәулет Батырбаев.
Биыл Бозанбай ауылында «Тоғанас» шаруа қожалығы сүт фермасын ашса, Айыртау ауылында «Режебалиев» шаруа қожалығында сүт фермасы ашылмақ. Бозанбайдағы қожалық ауыл маңында жаңадан сүт фермасын салып, оған қазынадан 24,5 млн теңге қаржы бөлініп, су мен жарық тартылған. Мұнда 120 сиырдың сүті сауылмақ.
- Ал Айыртауда Кеңес одағы кезінде 5000 бас ірі қараны ұстауға арналған орын болғанымен, ұжымшар қорасы құлап, керек-жарақтары ұрланып кеткен еді. Десе де, біз ауылдағы екі ферманың орнын сақтап қала алдық. Соның негізінде биыл бір сүт фермасын ашуды қолға алып, кәсіпкерге жеңілдетілген несие мен субсидия берілді. Сүт фермасы 100 сиырға арналған, - дейді Дәулет Бахитұлы.
Бұл сүт фермалары биыл қолданысқа берілсе, ендігі жылы тағы да үш сүт фермасы іске қосылмақ. Ауданда биыл екі сүт қабылдау орны ұйымдастырылса, ендігі жылы тағы да үш сүт қабылдау орнын іске қосу жоспарда тұр.
Аудан әкімі сүт фермалары ашылып, қабылдау орындары құрылған соң, ауданда сүт жинаумен айналысатын такси пайда болатындығын айтады. Такси ауылдарды аралап, тұрғындардан сүт жинап, фермаларға тасымақ.
Ұланда тоғыз айдың ішінде 49,6 мың тонна сүт өнімі өндірілсе, облыста барлығы 600 мың тоннадан астам сүт өнімі өндірілген. Аудан алдағы уақытта бұл көлемді әлі де арттыруды көздеп отыр.