Усть-Каменогорск
ясно
+4°
  • Усть-Каменогорск
    +4°
  • Алматы
    +18°
  • Нур-Султан (Астана)
    +8°
  • Актобе
    +17°
  • Форт-Шевченко
    +17°
  • Атырау
    +20°
  • Караганда
    +8°
  • Кокшетау
    +5°
  • Костанай
    +10°
  • Кызылорда
    +28°
  • Павлодар
    +3°
  • Петропавловск
    +3°
  • Тараз
    +19°
  • Уральск
    +15°
  • Шымкент
    +23°
$
443.85
-0.47
474.3
+0.97
¥
61.25
-0.06
4.8
+0.04
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Жастар қалай баспаналы бола болады?

Жастардың бас қатырып, балтыр сыздатар басты мәселесі - баспана мен жұмыс. Ел үкіметі қазынадан қаржы бөліп, жастарға баспана салып беруге ынта білдіріп, іске кіріссе де мардымды нәтижеге қол жеткізе алмай отыр

Ондаған жылдар бойы қордаланып келе жатқан бұл мәселенің жақын маңда беті бері қарай қоюы екіталай. Дегенмен, жастардың игілігі үшін жасалып жатқан үкіметтік бағдарламалар мен беріліп жатқан тұрғын үйлер баршылық.

Тұрғын үй жинақ банкінің мәліметтеріне сүйенсек, облыста барлығы 72 мың адам салымшы болып тіркелген. Ал оның ішінде 16 мыңы жастар болып шыққан. Мұның ішінде жасы 14-тен асқан жетім балалар да бар. Әдетте, жетім балалардың банктегі есепшотына көмек көрсеткісі келген кәсіпкерлер қаржы аударады. Яғни, облыстағы салымшылардың әрбір төртіншісі жас азаматтар мен азаматшалар болып отыр. Ал он алты мың жастың екі мыңнан астамы үй салуға қажетті соманың жартысын жинап қойған, яғни, оларға үй бере беруге болады. Алайда олардың талабына сәйкес тұрғын үй салынбағандықтан, жастардың баспанаға қолы жетпей жүр.

Қазіргі уақытта жастар екі бағдарлама бойынша баспаналы бола алады. Бұлар - «Жас отбасы» және «Жас маман» бағдарламалары. Оның бірі «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілген жас отбасыларға арналып аз несиге пәтер беру болса, екіншісі - «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша жалдамалы пәтерлер беру. «Жас отбасы» бағдарламасы 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр. Бүгінгі таңда Өскеменде 400-ден астам отбасы баспаналы болған.

- Бұл бағдарлама негізінде 2013 жылы 90 жас отбасы, 2014 жылы 135 отбасы, 2016 жылы 60 отбасы пәтер алды. Биыл 198 пәтерлі және 98 пәтерлі екі тұрғын үйді жас отбасыларға табыстағалы отырмыз. Бұған 718 өтініш келіп түсті. Балдық жүйе бойынша жеңімпаздар анықталып, пәтерлер беріледі. Пәтердің бір шаршы метрі 110 мың теңгеге тең, - дейді Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлері.

Жас отбасылар мен жетімдерге үй берумен айналысатын бұл бағдарлама келесі жылдан бастап тоқтатылатын көрінеді. Ал биылғы берілетін екі тұрғын үйге қоныстанған отбасылар бастаманың соңғы қарлығаштары болмақ.

- Бұл бағдарлама бойынша пәтер алған отбасылар жарна төлемейді. Сегіз жарым жыл бойы үкімет ұсынған пәтерде қоныстана отырып, Тұрғын үй банкіне салымшы ретінде тіркеледі. Кейін бұл пәтерді сатып алуға қажетті соманы жинай бастайды. Ал пәтер құнының жартысын жинаған соң, үйді өз атына аударады да, қалған соманы 4-5 пайыздық жеңілдікпен өтейтін болады, - дейді Өскемен қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ринад Ахметжанов.

Ендігі кезекте бұл шарт өзгертілген.

- Жас отбасылар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер алуын әлі де жалғастырады. Алайда шарт өзгерді. Енді жастарға банк салымшыларына қойылған талаптар негізінде пәтер берілетін болады. Мұның ішінде алғашқы жарнаны төлеу де енгізілген, - дейді директор.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша аз қамтылған отбасыларға арналып арнайы үйлер салынбақ әрі мұның бағасы әдеттегі пәтерден арзан болады. Ал мұндай әлеуметтік тұрғын үйлерден пәтер алған жастарға мемлекеттің өзі қолдау көрсетіп, пайыздың басым бөлігін (10 пайызын - мемлекет, 7-8 пайызын - жас отбасы) өтеп береді.

Аталған бағдарлама бойынша Өскемен қаласында ендігі жылы тағы да екі көпқабатты үй қолданысқа беріледі. Өтінім құжаттары келесі жылдың жазынан бастап қабылдана бастамақ. Құжаттарды әкімдікке бармай-ақ электронды үкімет порталында толтырып, жолдаса болады.

Ал екінші «Жас маман» бағдарламасы тікелей жұмысшы жастарға бағытталған. Жастар үйленген әрі ресми жұмысқа орналасқан, зейнетақы қорына ақша аударылып отырылуы шарт. Бағдарлама бойынша Өскеменде 276 отбасы пәтер алған.

- 2013 жылдан бері жас мамандарға арналып 60 пәтерлі бір көпқабатты тұрғын үй және төрт жатақхана салынып, қолданысқа берілді. 289 пәтердің кілті табысталып, 279 отбасы баспаналы болды. Қалғаны жетім балаларға берілді, - дейді Өскемен қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мәулихат Құсайынова.

Жалдамалы пәтер алған отбасылар бес жыл бойы шаршы метріне 98-100 теңгеден пәтерақы төлейді. Сонда, шамамен, ай сайын бес мың теңгеден ақы төленбек.

- Жатақхана аталғанымен, бұл - кәдімгі пәтер. Тек ауданы шағындау. Бес жылдан кейін отбасылар пәтерді босатып, мемлекетке қайтарады. Олардың орнына басқа жас отбасылар қоныстанады. Бұл уақытта олар үй сатып алуға жеткілікті қаражат жинап ала алады, - дейді Ринад Ахметжанов.

Бұл жерде айта кететін тағы бір мәселе - бұл өтініш білдірушілердің жас ерекшелігі. Әдетте, өтініш берілгеннен кейін біршама уақыт өтетіні белгілі. 29 жастан асып кеткен тұрғын баспаналы бола алмай қалам ба деп уайымдайды. Әрине, жас ерекшелігін 35-ке дейін көтеру туралы ұсыныс парламентте айтылса да, ешкім мұны заң жүзінде қабылдай қоймады. Дегенмен, мамандар егер жас отбасылар 29 жасқа дейін өтінім беріп үлгерсе, онда олар 30 жастан асса да, пәтер иесі атана алатындығын айтады.

- Мәселен, біз өтінімдерді 28 мамыр мен 4 шілде күндері аралығында қабылдадық. Өтініш қабылданған сәтте жас отбасылардың жасы 29-дан аспаса болғаны, - дейді Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлері.

Елдің кейбір өңірлері жастарды үймен қамтамасыз ету мәселесін өз күшімен шешуде. Мәселен, елдің батыс өңірлерінде «Жас отау» бағдарламасы болғаны белгілі. Алматы облысы Тұрғын үй банкіне 1 млрд теңге құю арқылы 35 жасқа дейінгі жастарға пәтер алуға көмектесті. Сол сынды біздің облыс та жастарға баспана беруді өз қолына алса деген ұсыныс бар. 

Следующая →