Алдыңғы қатардағы аудан
Экономика басқармасы ай сайын 19 қала мен аудандардың ішіндегі көрсеткіштерді жариялап тұрады
Бұл көрсеткіш 14 белгі бойынша бағаланады. Жарма ауданы биыл бұл көрсеткіштер бойынша тек алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Жарма ауданының ерекшелігі сол - бұл өңірде ауыл шаруашылығы мен өндірісі қаз-қатар дамыған. Шыны керек, тек бір бағытта емес, бірнеше саланың жүгенін ұстаған аудандар санаулы ғана. Бүкіл дүние жүзіндегі 10 алтын кен орнының бірі - Жарма ауданындағы Бақыршықты айта кетуге болады. Бұл тұрғыда Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов 9 ай көлеміндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысы бойынша есеп берді.
- 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы экономиканың барлық салаларындағы өнім өндірісінің және көрсетілген қызметтің көлемі 86 520 млн теңгені құрады, - дейді Нұрлан Батташұлы. - Жалпы көлемнің құрылымында өнеркәсіп саласында – 7 пайыз, ауыл шаруашылығында - 16 пайыз, инвестицияларға – 45 пайыз, құрылыс жұмыстарына - 22 пайыз, өзге салаларға – 10 пайыз тиесілі.
Инвестиция көлемінің анағұрлым артуы құрылыс жұмыстарының ұлғаюына оң әсерін тигізген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 9,9 есеге өскен.
Айта кетерлік жайт, Жарма ауданындағы халық саны – 43 584 адамды құрайды. Биыл дүниеге келгендер саны 354 адам болса, қайтыс болғандар саны – 196 адам. Ал өсім – 158 адамды құраған. Сол сияқты миграциялық алмасудың нәтижесінде 1 268 адам келіп, кеткендер саны – 2100 адам. Осылайша ауданда сальдо қалыптасып – 832 адамды құраған.