Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Қасқыр қаптағаны рас па?

Облыс тұрғындары өңірде қасқыр атаулының көбейіп кеткендігін айтуда. Ал табиғатты реттеу басқармасы аңшылық науқаны басталғанын, бұл маусымда 500-ден астам қасқырдың атылатындығын хабарлады

Биыл қыс қатты бола ма, кім білсін, бірақ қасқырдың қырғыны қаңтардың аязындай қарып, қырсығы белден басып тұр. Ауыл-аймақтың малын қырып, о заманда бұ заман, адамның өзіне қарай тура шабатынды шығарған. Әсіресе, Тарбағатай, Зайсан, Бесқарағай мен Катонқарағай халқына қасқырдың ызасы әбден өткен.

- Қасқыр жылдағыдай емес, көбейген. Оны көзбен көріп жүрміз. Бұл тауда мал баққаныма жиырма бес жыл болды. Алайда қасқырдың бұлай қаптағанын көрмеппін. Сай-сайда жиырма-отыздан топталып жүреді. Маңайдағы ауылдар шулап отыр. Әсіресе, Жетіарал, Ақжар, Ақсуат ауылдары маңында көп торуылдап жүргенге ұқсайды. Тайынша-торпақ, тай-жылқының бірінен соң бірін жарып, жеп кетіп жүр. Кеше ғана көршіміздің тұсауда тұрған бір биесін жеп кетіпті. Сүйектері жолда шашылып жатыр, - дейді тарбағатайлық шопан Бердібек Әміров.

Бұл жайында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы түз тағысының шекаралық аймақта көп жүретіндігін айтады.

- Қасқыр адам аз қоныстанған аумақта жиі ұшырасады. Ал Тарбағатай, Күршім, Зайсан, Бесқарағай сынды аудандардағы ауылдарда халық аз. Ауылдардың арасы алыс, мал көп. Шекаралық аймақтар таулы, адам аз қоныс тепкендіктен, бұл аумаққа қасқырлардың өзге өңірден ауып келуі мүмкін, - дейді басқарманың жануарлар әлемін қорғау бөлімінің бас маманы Архат Сапанов.

Қасқырдың өсуі - бөлек мәселе. Оны ату мен азайту - басқа тақырып. Бөрі басынған соң, оны сабасына түсіріп, санын реттеу қажет. Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аң ату науқаны басталғанын әрі қасқыр мен қарғаны тегін атуға рұқсат берілетіндігін айтады.

- Өйткені қасқыр, қарға, қорқау қасқыр бақылауда ұсталатын жануарлар тізіміне енеді. Егер аңшы елік пен арқар атуға рұқсат алып, жолда қасқырды кезіктірсе, онда оны тегін атуына болады. Ал оған қасқырдың жасы мен терісіне қарай сыйақы төленеді, - дейді инспекцияның аңшылық бөлімінің бас маманы Қарлығаш Нығметуллинова.

Алайда қарапайым тұрғындарға қасқыр атуға рұқсат берілмеген. Тек аңшы куәлігі мен қару ұстауға рұқсат қағаз, аң аулауға жолдама берілген аңшыларға ғана қасқыр атуға рұқсат берілген. Қасқыр ату кез келген қарулының құқығына берілмегендіктен, оның санын азайту да мүмкін болмай отыр. Оның үстіне, қасқыр оңай қақпанға түсе қояр жануар емес.

- Қасқырдың қулығы адамнан да асып түседі. Аңшыға оңай жолыға қоятын жануар емес. Мылтықтың иісін алыстан сезіп, аңшының кім екенін қашықтан біледі. Сондықтан оның маңайына жолай қоймайды. Қасақана кезікті дегеннің өзінде оны атып құлату тек әккі аңшының қолынан ғана келеді. Тауда жүрген қасқырды тас-бөктерді, сай-қораны орай қашады. Оқты оңай тигізбейді. Сол себепті тікұшақпен жүріп атқан жөн, - дейді Бердібек Әміров.

Ал табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы бір жылдың ішінде 340-тан астам қасқырдың ауланғанын, сәуір-маусым айларына дейін тағы да 505 қасқырдың атылатындығын айтады.

- Аңшылар қасқыр көп ауданға жіберіледі. Кейде тұрғындар да бөрінің қайда жүргенін хабарлап айтады. Қасқырға қатысты оқиғалар жиілеген жер басты назарда болады. Қазіргі уақытта аңшыларды қай аумаққа жіберу қажеттігі талқыланып жатыр. Кейін тендер ойнатылып, аң атумен айналысатын ұйымдар мен қоғамдастықтардың бірі жеңімпаз болмақ. Жеңімпаз ұйым өңірде ату жұмыстарын жүргізеді, - дейді басқарманың табиғат қорғау бағдарламасы бөлімінің басшысы Аяулым Еркінқызы.

Аңшылар әуелі әуеден бақылау жасап, одан соң қасқыр көп шоғырланған аудандарда ату жұмыстарын бастайды. Түз тағысын тікұшақ пен шаңғы арқылы аулауға жыл сайын 10 млн теңге бөлінетін көрінеді. Ал аңшыларға әрбір олжасы үшін 12 мың теңгеден жоғары сыйақы берілмек. Аңшылық куәлігі мен қару ұстауға рұқсаты бар тұрғындар да қасқыр атып, оның терісін құзіретті органдарға өткізу арқылы жоғарыда аталған қаржылай соманы иемденсе болады.

Қалай десек те, биыл қасқырдың қиыншылығы мұнымен бітпейтін сияқты. Басқармаға да, аңшыларға да, ауыл тұрғындарына да тыныштық болмайтын көрінеді. Өйткені алда қыс мезгілі, ал қыс - қасқырдың құтыратын кезеңі.

Следующая →