Усть-Каменогорск
ясно
+6°
  • Усть-Каменогорск
    +6°
  • Алматы
    +10°
  • Нур-Султан (Астана)
    +11°
  • Актобе
    +20°
  • Форт-Шевченко
    +21°
  • Атырау
    +24°
  • Караганда
    +8°
  • Кокшетау
    +11°
  • Костанай
    +13°
  • Кызылорда
    +20°
  • Павлодар
    +7°
  • Петропавловск
    +12°
  • Тараз
    +14°
  • Уральск
    +21°
  • Шымкент
    +17°
$
443.35
-0.87
475.54
-0.84
¥
61.18
-0.13
4.82
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Қазақ елі баяғыда-ақ бай болар еді...

Кәсіп ашу мен табысқа жетуге, ең алдымен, халықтың сұранысы мен елдің қолдауы қажет

Кәсіп ашу мен табысқа жетуге, ең алдымен, халықтың сұранысы мен елдің қолдауы қажет.

Өйткені халықтың саны мен оның әл-ауқаты ашылған кәсіптің өміршең болуына тікелей ықпал етпек. Халықтың сұранысын өтей отырып, елдің қолдауын да ұмытпаған жөн. Кәсіпте табыс табу бар да, ол табыстың бір бөлігін ел игілігіне жұмсау бар. Елдің қолдауы мен ел игілігі - ортақ түсінік. Ал ортақ түсініктің жалпыға ортақ атауы - салық. Бүгінгі кейіпкеріміз Зайсан ауданының белді кәсіпкері, «Құрмет белгісі», «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері, жақында ғана «Ресей Федерациясының құрметті азаматы» орденімен марапатталған, ауданның құрметті азаматы әрі жыл меценаты, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер, қажы Әбішева Шаһар Шөкейқызы елге салық төлеуде адалдық танытып, Қазақстан мен ТМД-ның үздік кәсіпкерлері қатарына енген. «Егер әрбір кәсіпкер салықты адал өтеп еңбек етсе, онда қазақ елі дәулетті елге айналар еді» дейді ауданға «Шаһар апа» есімімен таныс кейіпкеріміз.


Диқаншының қызы


Шаһар апаның әкесі Шөкей Сәкібаев - Одаққа белгілі диқаншы, бидай егуден рекорд жасаған жан. Зор денелі, батыр тұлғалы әкенің еңбекқорлығы мен даналығын ес білгеннен көріп өскен Шаһар апа ерте кезден-ақ еңбек етуді өзіндік мұрат тұтқан.

- Әкем соғыс біткен жылдары бидай егуден рекорд жасаған. Бидайдың әрбір гектарынан 35 тонна өнім алған. Ол кезде белгілі бір салада үлкен жетістікке жеткен адамдарды «стахановшы» деп атайтын. Диқаншының қызы болғандықтан, бидай мен тарыны қолмен түюді, одан тағам жасауды ерте күннен үйрендік. Бидай түю технологиясын әлі күнге дейін жетік білемін, - дейді Шаһар Шөкейқызы.

Шөкей Сәкібаев Зайсан аймағының Балықбай жотасына канал тартып, ерлік жасаған. Өйткені Балықбайдың төбесінде отырған елге егістік суаруға су қажет болған. Ал Шөкей ата жотаның етегінен канал қазып, оның суын жоғары, қыратқа қарай тартқан.

- Бұл тоған әлі күнге дейін егістік суаруға қолданылып келеді. Қазірде «Шөкей тоғаны» деген атау беріліп, мрамордан белгі қойылған, - дейді кейіпкеріміз.

Палуан денелі Шөкей атаның ерлігі мұнымен таусылған емес. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау заман ешкімге оңай болмады. Ал Шөкей ата ас-сусыз әлсіреп жүрсе де, жалаң қолмен қасқыр соққан екен. Ол кездің қасқырлары да елмен бірге ашығып, адамға қарсы шабуды шығарса керек.

- Бүгінде Сарытерек ауылында әкемізге арналған көше мен Алматыдан апорт әкеліп егілген алма бағы бар. Аталған ауылдың орта мектебінің бір кабинетін заманауи жабдықтармен жабдықтап, Шөкей атаның тұңғышы, ағам Тәшкен Сәкібаевтың атын бермекпіз. Өйткені орта мектептің сапалы берген білімінің арқасында Сәкібаевтар әулетінен жоғары санатты дәрігер, әскери қолбасшы, 19 әскери қызметкер мен белді кәсіпкерлер қалыптасып шықты. Ағамыз Ұлы Отан соғысына қатысып, Курск түбінде шайқасқан, Мәскеуді азат еткен. Өз ортасына сыйлы адам болған. Әулетімізден шыққан 19 әскеридің 15-і Тәшкен ағаның ұрпағы. Балаларын жастайынан әскери тәртіпке тәрбиелеген, - дейді Шаһар апа.


Бірнеше кәсіптің иесі


Шаһар Шөкейқызының бүгінде «Караван» атты шаруа қожалығы мен «Зайсан аудандық дезинфекция станциясы» деп аталатын медициналық мекемесі бар. Шаһар апаның мамандығы - дәрігер. Алғашында қызметін жедел жәрдем бөлімінде бастағанымен, кейін Зайсан аудандық профилактикалық дезинфекция станциясының бас дәрігері болады. Ал 1990 жылдары кейбір медициналық мекемелер мен дәріханаларды жекеменшікке беру жөнінде үкіметтік шешім шыққан соң, дезинфекция станциясын жекешелендіргенімен, мекеме қызметкерлерінің бірде-бірін жұмыстан қысқартпай, оларға жағдай жасаған.

- 1975 жылы ашылған бұл мекемені 42 жыл басқардым. Жеке меншікке өткеннен кейін де, мен оның атауын өзгерткен жоқпын. Қазірде мекеме өз күнін өзі көреді. Ауданның эпидемиологиялық жағдайын бақылауға аламыз. Тырысқақ, оба сынды өзге де толып жатқан індеттердің алдын алумен айналысамыз. 21 қызметкеріміз бар, - дейді Шаһар апа.

Бұл мекеме ашылғаннан бері ауданда жұқпалы індет тарап көрген емес. Қазақ КСР кезінде үш рет ең үздік медициналық мекеме атауына ие болған. Ал 1980 жылы кәсіпорын Құрметті облыстық кәсіподақ кітабына енгізілген әрі оның «Коллектив высокой культуры» атағына ие болған. Бас дәрігер Шаһар Шөкейқызына 1986 жылы салтанатты түрде «Құрмет белгісі» ордені мен «Еңбек ері» медалі табысталған.

Ал «Караван» шаруа қожалығы Зайсанда ғана емес, облыста тамырын тереңге жайған кәсіптің орталығы саналады. «Караванға» наубайхана, мал жайылымдары мен егістік алқаптары, мейрамхана, базар, мал базары, қысқы жәрмеңке-базары, қонақ үй, дүкен, бірнеше қойма тиесілі. Шаруа қожалығын Шаһар апаның ортаншы перзенті - Жұлдыз Ахметсәлімқызы ашқан. Алайда жас кәсіпкердің ғұмыры қысқа болып, ерте өмірден озған. Артында өзі құрған «Караван» шаруашылығы қалған.

- 1996 жылы шаруа қожалығы құрылмай тұрып, наубайхана аштық. Оған бидай, ұн қажет болғандықтан, 54 га жер алып, оны өңдей бастадық. Оның үстіне, қожалық ашу патент алу мен құжаттама, салық өтеу жұмыстарына да тиімді болды. Жер телімдерін үлкейтіп, көкөністің түр-түрін өсіріп, малмен де айналыса бастадық. Қазір 9 жер телімі бар. Алғаш ашқан наубайхана халыққа көп қызмет етті, елдің алды болып, бүкіл ауданды нанмен қамтыды. Алайда оны 16 жылдан кейін жабуға тура келді. Бұл кәсіптің халыққа берер берекесі көп болғанымен, өте ауыр, - дейді кейіпкеріміз.


Халыққа пайдалы кәсіп түрін ашқан


Шаһар Шөкейқызының жасы жетпіс сегізге келсе де, іскери ойлай білетіндігімен ерекшеленеді. Халыққа қолайлы, қажетті, пайдалы іс ашып, елдің сұранысын қанағаттандырғысы келеді. Елдің қамын жеу - кәсіпкер азаматқа қажетті қасиет. Шаһар апа Зайсан қаласында халыққа арнап, 2012 жылы мал базарын ашса, биыл қысқы жәрмеңке-базарын салған. Оның айтуынша, бұл базарлар кәсіпкерге ешқандай пайда әкелмейді, алайда тұрғындар үшін өте пайдалы. Сондықтан да оны ашу үшін жеке өзі қаржы бөлген. Ал сыйымдылығы 100 орынды қамтитын, қыста жәрмеңке өткізуге арналған базар облыста мүлдем жоқ. Мұнда жәрмеңке сенбі күндері ғана өтеді.

- Базар орнын ретке келтіруге 2,1 млн теңге жұмсалды. Жарық пен су, газ бен жылу тартылған. Қыста саудагерлер тоңады, көкөністер үсиді, ал сатып алушылар тауарды таңдай алмай дал болады. Жылы жерде сауда да сәтті жүреді. Сондықтан базардың халыққа тигізер пайдасы зор. Ет, сүт, көкөніс, балық етін сатуға бөлек-бөлек орындар дайындап қойдық. Базарда қасапхана мен зертхана да бар. Өнімдердің бағасы көтерілмеу үшін жалға алатын орынды арзанға береміз. Бұдан түскен табыстан базар жұмысшыларына еңбекақы төлейміз, өзге де коммуналды шығындар өтеледі. Ал қожалыққа бұдан табыс түсе қоймайды, - дейді Шаһар апа.

Халық игілігі үшін ашылған тағы бір орын - бұл мал базары немесе қасапхана. Мұнда күніне жеті-сегіз мал сойылатын көрінеді.

- Мал базарының тұрғындарға пайдасы көп. Мұнда малын сата алмай жүрген жандар келеді. Одан бөлек, мал базарында арнайы «Халал» сертификаты бар қасапшылар санитарлық жағынан таза жерде мал сояды. Ал малды үйде сойған тұрғындар кейде оны сата алмай қиналады. Қасапшылар Астана қаласында арнайы курстан өтіп келген, малдың көзінше пышақ қайрамайды. Малдың басын құбылаға қаратып, мұсылманша сояды, - дейді Шаһар апа.

Салық төлеуден үздік атанған


Қырық жылдан астам басшылық еткен «Зайсан аудандық дезинфекция станциясы» 2013 жылдан бері бес жыл қатарынан «Сала көшбасшысы» құрметті атағына ие болған. Биыл да «Сала көшбасшысы-2017» аталымын жеңіп алған. Облыс бойынша салық төлеуден үшінші орында. Ұжым басшысы Шаһар Шөкейқызына Еуропаның ғылыми өндірістік палатасы ұсынған «Жоғары сапалы кәсіби қызметі үшін» алтын медалі табысталған әрі Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина елдерінің үздік кәсіпкерлері енген «Лучшие люди» үлкен халықаралық энциклопедиясына кірген. 2017 жылы ғана Ресей Федерациясының құрметті азаматы атағы берілген.

Ал ұжымның белді қызметкерлері Гүлнұр Найзабаева, Ардақ Ғайсина, 40 жылдан астам қызмет еткен Гүлбаран Өкімбаева мен Бибігүл Батырханова 2015 жылы «Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ұлттық бизнес рейтингісінің қорытындысы бойынша үздік деп танылған ұжымның бұлай марапатталуына алым-салық төлеуде адалдық танытқаны себепкер болған. Салық төлеуден үздік атанғанына ұжым мүшелері де дән риза.

- Елі мен жеріне көмектесу - кәсіпкердің басты міндеті. Ал елге көмек берудің ең тиімді амалы - бұл салық. Ұжымдық салықты уақтылы төлеп тұрамыз. Бізде әрбір түбіртек салықсыз өтпейді, касса құр тұрмайды. Алымды әділ өтеген адамның ар-абыройы таза, қарыздан бойы ада болады. Адамға ақша қашанда жетпейді. Мүлік пен пұлдың артынан қанша қусаң да, ешқашан жеткізбейді. Қаржы жымқырған кәсіпкерлер жайында көп естіп жатамыз. Қымқырған ақша түптің түбінде өзінің жамандығы мен залалын көрсетпей қоймайды, - деп ағынан жарылды Шаһар Шөкейқызы.

Шаһар Шөкейқызы жолдасы Ахметсәлім Қасенұлымен елу жыл отасқан, үш құрсақтың анасы, алты немере мен екі шөберенің әжесі. Ахметсәлім Әбішев «ТМК-59» мекемесінде аға механик болып, облыс пен ауданда әртүрлі басшылық қызметті адал атқарған, қазір зейнетте. Үш баласы да кәсіпкер атанған. Аэлита Әбішева да, Серік Әбішев те өз кәсібін өркендетіп отыр. Ал үлкен немересі Айгерім Лондонда экономика мамандығы бойынша үздік білім алып, елге келіп, министрлікке қызметке орналасқан.

Еңбеққор, ерлігі мықты Шөкей ата мен Әлжия әжеден, қайратты, ерік күші мол, дана, мақсатшыл Шаһар ападан тәрбие алған ұрпақтың әлі де өсіп-өнері, елге қызмет етері айқын. Бүгінде Әбішевтер әулеті жөніндегі мәлімет-мағлұматтар мемлекеттік мұрағатта хатталып сақталған.


Следующая →