Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Ері тұрып, әйелі сөйлегеннен без...

«Қазақтың тойы бітпесін», «лайым үйлеріңізде той болсын» деп шын тілек білдіретін жандар – асабалар

«Қазақтың тойы бітпесін», «лайым үйлеріңізде той болсын» деп шын тілек білдіретін жандар – асабалар. Көптің қуанышын бөлісіп жүрген шығысқазақстандық асабалардың бірі әрі бірегейі – Мирас Садықов. Он жылға жуық тәжірибесі бар ақ ниетті, адуынды той жүргізушісінен сұхбат алудың орайы келді.

? Орда бұзарлық отыз жасқа келіп қалыпсыз. Жалпы, қай өңірдің тумасысыз? Биографияңыздан қысқаша сыр шертіп өтсеңіз...

- Күршім ауданы Теректібұлақ ауылында дүниеге келгенмін. Бұл Көкжал Барақ атамыздың тікелей ұрпақтары Өтейлердің елді мекені. Өңірдің бір ерекшелігі тек қазақ ортасы қалыптасып, әлі күнге дейін «баяғы жартас, сол жартас» болып, қаймағы бұзылмай сақталып қалған. Осындай ортада бала күнімізден тарихпен сусындап өстік. 11 жылдық мектепті сол жерден бітірген едім. Сол жылдары гуманитарлық деп аталған, бүгінгі педагогикалық колледжде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірдім. Артынша Павлодарда музыкалық педагогикадан жоғары білім алдым. Бірақ осы күнге дейін екі саланың да есігін қағып көрмеппін. Себеп те қарапайым – меніңше, шәкірт тәрбиелеу деген оңай жұмыстардың бірі емес.

? Өз салаңызда жұмыс істемегеніңізге қаймықпайтын да сияқтысыз. Асабалықты өнер деу орынды ма?

- Бәлкім, өнер адамы болғандықтан ба, ешкімге бағынышты болғым келмеді. Бойында өнері бар адамдар тәуелсіздікке құмартып-ақ тұрады ғой. Асабалықты да өнер деуім керек. Бұрынғы заманда да домбырасын құшақтап, беташарын айтып, біреудің қуанышын кереметтеп кескіндеп беру өнер саналған.

? Той-томалақтың сәттілігі той иесіне ме, әлде асабаға байланысты ма?

- Тойдың жаманы болмайды. Асабаның, әншінің, бишінің жаманы болатын шығар. Өз басым асабаның аса білімді болғаны дұрыс деп білемін. Қазақы дәстүрдің жілігін шағып, майын ішсе, тойдың иесінен артық біліп тұрса, түгел ойын түгендей алса игі болады. Көбі ақшаға тәуелді болып кетеді. Ақшасын алғасын, той иесінің дегенінен шыға алмай қалады. Асаба дәстүрдің әр тұсын білетін адам болғандықтан, оны той иесіне көрсете білуі керек. Ер адамға сөз беруден бастап, беташарда сәлем бергенге дейін барлығын өз атымен атаған жөн. Жалпы, тікелей қазіргі жұмысым болғандықтан, тойда көп жүреміз, көп дүниені байқаймыз. Қадір Мырза Әли ағамыз айтқандай «Тауыққа тентек қораз ұнайды, әйелге жуас еркек ұнайды». Қазір еркектер жуастанып, әйелдері билік айтқан заман болып кетті. Осындай олқылықтар тойда айқын көрініп қалады. Мұндай жағдайда, алдын ала тоқтау айтып, дәстүрдің дәлме-дәл орындалуын қадағалау керек. Той басқаруға шақырғанда өзіме артылған міндетті тура айтамын. Жалпы шыншылдықты жаным сүйеді. Кейбіреулер бұл тура мінезіме бағасын да бере біледі.

? Әр тойдың өз орайы бар шығар. Бір сценариймен бірнеше тойда бірдей басшылық ететіндер жоқ емес қой...

- Қарапайым мысал келтірейін. Журналистер жан-жақты білімді адамдар. Егер той иесі, осы мамандық өкілі болса, тойды басқару барысында сен олардың білімінен, қиялынан, көрген-білгенінен артық дүние ұсына алуың керек. Кең дүниені шарлап жүрген бұл сала мамандарына бұрын естімеген әзіл, көрмеген ойын ойнатуың керек. Басты мақсат - қандай жағдай болмасын, тойды қызықты білуің керек. Бізде отырған адамдардың біліміне қарап «тартынып қалатын», «білімі бізден егеш» деп қол қусыра салатын асабалар жоқ емес. Осылайша өздерін өздері қорқытып тастайды. Өз білімдерінің дәрменсіздігіне көздері жетеді. Білім деген туа бітетін байлық емес, оны іздесең, ол да сені іздейді. Асаба білім өткірлігін өзеуретіп өзгелердің алдында өзекжарды сөз айта алуы қажет.

? Халықтың көңілінен шыға білу оңай емес. Топталған сан түрлі талғамның талабын қалай анықтайсыздар?

- Біз де психолог шығармыз. Әр той бастала салысымен сол жердегі көңілдің ауанын аңғарып аламыз. Халыққа не керек? Осы сұраққа жауап берсек болды. Кейбір жиын көтеріңкі көңілді, өткір әзілдерді сүйеді. Кейбір адамдар сыпайы да салмақты мінезді, көркем, әсерлі әндерді тілеп тұрады.

? Асабалық көп жағдайда жастық шақпен, тасып тұрған қуатпен байланысқан. Пенденің де жасы артады, өседі, ақыл тоқтатады. Ал асабалықта тоқтау болу керек пе?

- Әрине 35-ке келіп, әлі күнге дейін мықтылығын жоғалтпай жүрген жігіттер бар. Бірақ 35-40 жасқа келген соң бұл жұмыспен қоштасқан дұрыс сияқты. Өйткені өзің қырықтасың, үйленіп жатқан жастар жиырмада. Сен оларға әзіл айтып, секіріп, ойнап беруің керек. Бірақ заманың кетіп, әзілің әшекей түсі мен құнынан айырылса, бұл дұрыс емес. Сондықтан басыңды қор қылып, ақшаның құлы болып жүре бермей, жемісін татып болғанда, қаулап келе жатқан жастарға жол беру керек. Әкем «заманның кеткенін мойындау» керек дейтін.

? Той сарыны мәдени тұрғыдан өзгеріс алып келеді дегенмен келісесіз бе?

- Бұрынғының жастық шағын еске алсақ, арақ ішкен, темекі тартқан жастар елестейді. Қазіргі жастардың арасында мұндай қылықтар кем де кем. Заман түзеліп қалды. Тойда құлап-сұлап жатқан адам кездестірмейсің. Халал тойлар көп, жастар ішпейді, тапқан табыстарына үй алып, жетістікке жетуді көздейді.

? «Заманның өткенін мойындау керек» дедіңіз. Дегенмен, өмір бойы жүрген ортаңыздан ауытқу қиын болмай ма?

- Қиын болады. Бірақ адам осы бастан психологиялық тұрғыда, моральдық тұрғыда дайындала беруі керек. «Біраз жылдан кейін кетем» деген мақсат қоя білген абзал. Қазір, шыны керек, көбі тойға ақша үшін ғана шығады. Пайданың басқа көздерін көре біліп, сосын қоштаса білу керек.

? Қазір жастардың арасында ерте үйленіп, ерте ажырасу деген белең алуда. Асаба ретінде бұл мәселе жөнінде не айтар едіңіз?

- Барлығы тәрбиеде жатыр. Біздің әке-шешелеріміз қызын ұзатқанда «үйге қайтып оралушы болма» дейтін. Бір ауылда тұрса да, босағасынан сығалатпайтын. Құдаларына табыстап, «еті сенікі, сүйегі менікі» дегенмен тынған. Қандай тәртіп пен тәрбие десеңізші?! Қазір ата-аналар ондай емес. «Ойбай, ішіме сыйған бала сыртыма да сияды. Өзіміз-ақ асырап аламыз» дейді. Еркек кіндіктілердің де әлсіздігін айта кеткен дұрыс шығар. Менің ойымша, әйелдерге мұндай ерік беріп отырған еркектердің де есесі кетіп барады. Бұл дәстүрдің әлсіреп бара жатқандығы. Тойда ата-аналары балаларына «бізден ақылдысыңдар» дейтін күн туды. Біз олардан мүлде ақылды емеспіз. Олардың тәрбиесінде «үйде отырып, бала көтеріп қалу» деген мүлдем болмаған. Әке-шеше баласын өзінен асыра сөйлетсе, қалай құтырмасын? Үйленем деп шештің бе, ата тәртіп - сүйекті сындырма. Бұл ер балаға да, қызға да қатысты.

? Қазір шоумен деген сынды асабалар шығуда. Бұл ретте асабалардың да өнері ауыспалы сияқты...

- Көрермен ауысады екен. Кезінде халық поэзияны, қазақы дәстүрлерді сүйетін. Қазір шоу мен ойындар, жарқ-жұрқ, тарс-тұрс еткен дүниелер белең алды. Өз заманы келгенде мұндай да бітеді. Өзгере келе мұның өзі неге апаратыны маған да қызық.

? Дәстүрге үлкен ден беретініңіз байқалып тұрады. Ал аралас ұлттардың тойында асабаның әрекеті де өзгеше болуы керек шығар?

- Пайғамбарымыздың «өзге ұлттан қыз алсаңда болады, өз дініңе кіргізе алсаңдар. Ал мұсылман емес ұлтқа қыздарыңды бермеңдер» деген сөзі бар. Мысалы, бірде облыстың бас имамы Ермек қажы ағамызбен сұхбаттасудың орайы келген еді. Той барысында келін орыс болып, алып жатқан жігіт қазақ болды. Сонда келіннің басына орамал таққызып, «служу қайын жұрту» деген ойындар ойнатқан едік. Ермек қажы «Тойға дінді тығып жібересіңдер, бірақ қатты керек емес. Дәмді жерінен дәмдеп жіберсеңдер болды» деген еді. Сондықтан да бұндай тойда аса абай болған жөн.

? Ізбасар тәрбиелеп көрдіңіз бе?

- Мұндай үлкен әңгімелерден қорқамын негізі. Өзің толып алмай жатып, өзгенің аузына салып бергенің, ертең елдің алдында ерсі көрінуі мүмкін.

? Қазір асаба көп дейді...

- Иә, «қазір қазаншы да, оператор да - тамада» дейді. Бірақ көш жүре түзеледі. Барлығы өз орнын табады. Кейін бұл әнді айтқан адам да өзге жұмыс тауып кете береді. Мықтыларды уақыт та, көш те өзі анықтайды.


Сұхбатыңызға рахмет!

Следующая →