2017 жылдағы жарқын жеңістер
Жаңа жыл қарсаңында өз оқырмандарымызға Шығыс Қазақстан облысының 2017 жылдағы жарқын жетістіктері мен жеңістері жайлы баяндауды жөн көрдік
Жаңа жыл қарсаңында өз оқырмандарымызға Шығыс Қазақстан облысының 2017 жылдағы жарқын жетістіктері мен жеңістері жайлы баяндауды жөн көрдік.
Бір жылда облыстың спорт саласындағы жетістіктері қандай? Шығыс өңірінің спортшылары қандай жетістіктерге қол жеткізді? 2017 жыл несімен ерекшеленді, несімен есте қалмақ?
Шығыс Қазақстан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұсынған ақпаратына сүйенсек, 2013 жылдан бері Шығыс Қазақстан өңіріндегі спорт нысандарының саны 101-ге артты. 2013-2014 жылдары 62, 2014-2015 жылдары 16, 2015-2016 жылдары 23 спорт кешені ашылды. Ал ауылдар мен қалаларда жалпы білім беру ұйымдарын спорт жабдықтарымен қамту көрсеткіші 78,9%-ды құрап отыр. Аталмыш мекемелерге спорттық жабдықтарды алу аудандық және қалалық білім бөлімдерінің бақылауында.
Облыста қазір барлығы 3187 спорттық кешен бар
Олардың 31-і ірі спорт кешені, 29 бассейн, 7 спорт манежы, 740 спорт залл, 28 шаңғы базасы. Өңірде 2017 жылы 1500-ға жуық әртүрлі деңгейлі спорттық шаралар өткізілді.
Халық саны 1000 адамнан асатын елді мекендерде облыс аумағында қазірде 236 маман тапшы. Атап айтсақ, Абай ауданында 12, Аягөз ауданында 5, Бесқарағайда 26, Бородулиха ауданында 6, Глубокоеда 24, Жармада 9, Зырян ауданында 7, Катонқарағай ауданында 18, Көкпектіде 22, Күршім ауданында 21, Риддер қаласында 9, Семей қаласында 28, Өскеменде 12, Ұланда 6, Үржар ауданында 27, Шемонаиха ауданында 4 маман тапшы.
Сондай-ақ, 2017 жылы Шығыс өңірінде бірнеше спорт нысандары салынған және оның бірнешесі жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.
Атап айтқанда, Абай ауданында мамыр айынан бері «Қарауыл спорт алаңы» кешенінде жөндеу жұмыстары жүріп, қыркүйек айында аяқталды. Аягөз ауылының Сарыарқа ауылында жергілікті бюджет қаражатына наурыз айынан бері спорт зал салынуда. Аталмыш зал шамамен жыл соңына дейін қолданысқа берілмек. Бесқарағай ауданында 2017 жылдың маусымында Жетізар және Өндіріс ауылдарында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2 шағын футбол алаңы салынды. Катонқарағайда Street Workout алаңы, орта білім беру мектебінің жанынан 2 спорт алаңы және 2 шағын футбол алаңы салынды. Бородулиха ауданында тамызда жергілікті қаражат есебінен салынған Street Workout алаңы ашылса, қырқүйекте Петропавловка ауылында спорт зал қолданысқа берілді. Сонымен қатар, Зенковка ауылында жыл соңына дейін «Коммунальник» ЖК қаражатына салынған хоккей модулі өз жұмысын бастайды. Зайсан ауданында 2017 жылдың ақпан айында Үлкен Нарын, Қаратал және Қарабұлақ ауылдарында жергілікті бюджеттен салынған 3 спорт модульдері қолданысқа берілді. Зырян ауданының Зубовск ауылында жергілікті бюджет қаражатына Street Workout алаңы қолданысқа салынып, қырқүйекте қолданысқа берілді. Көкпектіде маусым айында Street Workout алаңы салынып, тапсырылды. Аталмыш алаң жергілікті бюджет есебінен салынған. Тарбағатай ауданының Екпін ауылында мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында ағымдағы жылдың тамыз айында жасанды төсеніш жайылған шағын футбол алаңы қолданысқа тапсырылды. Сондай-ақ, Ақсуат ауылында орталық стадион қайта жөндеуден өтті. Семей қаласында биылғы жылы қалалық бюджеттің қаражатына 5 алаң салынды. Олар: Юность ауылында, Восход, Энергетик аудандарында, Ертіс жағалауы бойында Шмидт көшесі мен Сатпаев көшесінде. Шемонаиха ауданында жасанды төсеніш жайылған және аумағы тартанмен жабдықталған жүгіру алаңы бар футбол алаңы салынуда. Аталмыш алаң шамамен 2017 жыл соңында қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, қараша айында Жоғарғы Уба ауылында жасанды төсеніш жайылған шағын футбол алаңы мен хоккей қорапшасы тапсырылды. Ал ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша БЖСМ маңында демеушілер қаржысына ұзындығы 1200 м болатын роллер трассасы салынды. Келер жылы Семейде "Abay Arena" атты ірі спорттық кешен салынбақ.
Бүкіләлемдік Универсиада өтті
Ағымдағы жылдың 29-шы қаңтары мен сегізінші ақпан аралығында Алматы төрінде 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада өтті.
Қазақстан Универсиадаларға 1993 жылдан бастап қатыса бастады. Осы жылдар арасында жарыстарға 700 спортшы қатысып, 125 медаль жеңіп алды.
2011 жылғы 29 қарашада Халықаралық студенттік спорт федерациясы Алматыны 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы қабылдайтын қала деп жариялады. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде ең алғашқы болып қысқы Универсиада өткізді.
Қысқы ойындардың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. ХХVIII қысқы Универсиада ойындарының ашылу салтанаты әлем елдері спортшыларының дәстүрлі шеруімен жалғасты. Шеру кезінде 57 елдің делегациясы жүріп өтті.
Студенттерден құралған Қазақстан құрамасының Туын шаңғышы Дәулет Рахымбаев ұстап шықты. Аталған салтанатты шараға 1,5 мың әртіс пен мамандар қатысты.
Универсиада қонақтары мен қатысушыларына Қазақстан дамуындағы ең маңызды кезеңдер, елдің бай мәдениеті, сан алуан дәстүрі мен қолөнері, республика аумағында тұрып жатқан ұлттардың күшті рухы театрланған көрініс аясында баяндалды. Универсиаданың ашылу салтанаты дәстүрлі отшашумен аяқталды.
Өңірлік спортшылардың жеңістері
ШҚО әкімі Даниал Ахметов 24 сәуір күні облысымыздың үздік спортшыларын марапаттап, үлкен алғысын білдірді. Мұндай салтанатты шараның өтуіне шығысқазақстандық спортшылардың Алматы қаласында өткен Бүкіләлемдік Универсиада мен Жапонияда өткен Азия ойындарында ең үздік нәтижелерге қол жеткізуі себеп болған. Алматыда өткен қысқы Универсиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрамасының басым көпшілігін шығысқазақстандық спортшылар құраған. Облыс әкімінің сөзіне сенсек, биылғы жыл шығысқазақстандық спортшылар үшін өте табысты, жетістігі мол жыл болған. Оған қоса өскемендік «Казцинк-Торпедо» командасы Қазақстан тарихында хоккей спорты бойынша болып көрмеген жетістіктерге қол жеткізді. Жоғарғы хоккей лигасының финалына жетіп, плей-офф кезеңінде өнер көрсетті. Сонымен қатар, «Алтай» волейбол клубы әйелдер құрамалары арасында Қазақстан Суперкубогінің екі жыл қатарынан жеңімпазы атанды.
- Шығыс Қазақстан облысы спортшылары қашанда қысқы спорт түрлерінен үздік болатын. Биылғы жылы да өздерінің шеберліктерін тағы бір дәлелдеді. Зор жетістіктеріңмен бізді қуанта беріңдер. Шығыс Қазақстан жұртшылығы сіздердің ғана жанкүйерлеріңіз, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованы, 28-ші қысқы Универсиада ойындарында 2 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алған Галина Вишневская мен 28-ші қысқы Универсиада ойындарында 2 алтын медаль жеңіп алған Юлия Галышеваны, сонымен қатар «Торпеда» хоккей клубы мен «Алтай» волейбол командасы ойыншыларын жеке өзі марапаттады.
Алматы қаласында өткен қысқы Универсиада ойындарында Қазақстан барлығы 36 медаль ұтып алған, оның 13 медалін (7 алтын, 4 күміс, 2 қола) облысымыздың спортшылары қанжығалаған. Саппоро (Жапония) қаласында өткен 7-ші қысқы Азияда ойындарында Қазақстан 32 медаль жеңіп алған болса, оның 22 медалі (8 алтын, 10 күміс, 12 қола) шығысқазақстандық спортшылардың қанжығасына тиесілі.
Салтанатты марапаттау барысында барлығы 70-ке жуық спортшы (оның ішінде 33-і «Торпедоның» ойыншылары) мен жаттықтырушы марапатталды. Облыс басшысының құттықтауларына «Торпедо» командасының капитаны алғыс білдіріп, хоккей таяғын сыйға тартса, «Алтай» командасының волейболшысы Инна Матвеева финалда жеңіске жеткен «сәттілік сыйлаушы» волейбол добын табыс етті.
Азия чемпионаты: «Алтай» тағы да 4-орын алды
Өскемен қаласында талайдың тағатын тауысқан әйелдер клубы арасындағы Азия чемпионаты өтті. Алғашқы аяқ алысын үлкен қателіктермен бастаған, алайда кейінгі айқастарында жеңіске жете білген «Алтай» командасы плей-офф кезеңіне, кейін жартылай финалға жетіп, өз жанкүйерлерін зор қуанышқа бөлеген еді. Алайда ақтық айқастарда шалыс басып, қолы тиіп тұрған жеңістерден айырылып қалып жатты. Нәтижесінде «Алтай» командасы төртінші орынға, ал «Тяньцзинь Бохай Банк» командасы үшінші орынға жайғасты. Ал биылғы Азия Чемионатында Тайландтың «Суприм» командасы чемпион атанса, жапониялық « Хисамицу Сеяку Спрингс» 2-орынға жайғасты.
Айта кетейік, «Алтай» командасы 2016 жылғы Азия чемпионатында да 4-орын алған болатын.
«Гауһар лигасы» кезеңінде үшінші орын алды
Италияның Рим қаласында жеңіл атлетикадан 2017 жылғы «Гауһар лигасының» төртінші кезеңі өтті. 9 маусымда әйелдер арасында үш қарғып секіруден жарыстар ұйымдастырылды. Оған шығысқазақстандық жеңілатлетші Ольга Рыпакова да қатысты. Ольга Рыпакованың ең үздік нәтижесі оған үшінші орынды алып келді - 14,64.
Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды
Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында жеңіл атлетикадан өткен Әлем чемпионатында әйелдер арасында үш мәрте қарғып секіруден жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.
Бірінші мүмкіндігінде-ақ 14,45 метрге секірген 33 жастағы Ольга Рыпакова алғашқы үштікке ілікті.
Еске сала кетейік, бұдан бес жыл бұрын дәл осы Лондонда Ольга Рыпакова жазғы олимпиада ойындарының чемпионы атанған болатын. Сонымен қатар, Бейжің мен Рио-де-Жанейро олимпиадаларында қазақстандық жеңіл атлеттің қола жүлдені еншілегені белгілі.
"ALTAY ATHLETICS" клубы ашылды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен Қазақстандағы алғашқы "ALTAY ATHLETICS" кәсіби жеңіл атлетика спорт клубы құрылды.
Клуб мүшелерінің құрамына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, Варвара Назарова, Артур Гафнер сынды шығысқазақстандық жас спортшылар кірді. Сондай-ақ, ҚР жеңіл атлетикасына серпін беру үшін жобаның алғашқы бастамасында-ақ кениялық спортшылар клубқа мүше болды.
Кейбір спортшылар "Гаухар лигасында" жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, жүлдегер атанып үлгерген. Аталған клубты дүйім елге таныстыру салтанатында облыс әкімі спортшыларға деген сенімі мен үмітін білдіріп, сәттілік тіледі.