Усть-Каменогорск
пасмурно
+5°
  • Усть-Каменогорск
    +5°
  • Алматы
    +14°
  • Нур-Султан (Астана)
    +3°
  • Актобе
    +5°
  • Форт-Шевченко
    +7°
  • Атырау
    +10°
  • Караганда
    +4°
  • Кокшетау
    +2°
  • Костанай
    +1°
  • Кызылорда
    +19°
  • Павлодар
    +2°
  • Петропавловск
    +1°
  • Тараз
    +15°
  • Уральск
    +3°
  • Шымкент
    +18°
$
451.27
489.13
¥
62.69
4.87
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Бір жылда не өзгерді?

Биылғы жыл ел үшін есте қалар тарихи, мәдени, саяси оқиғаларға толы болды. Әлемдік маңызға ие халықаралық көрме өткізіліп, халықтың рухани-мәдени танымын жаңғыртар бағдарлама қабылданды. Білім беру, денсаулық сақтау мен қоғам өмірінде өзекті өзгерістер өтті. Солардың маңыздыларына тоқталып өтейік

«Рухани жаңғыру» мен латын қарпіне ауысу

Елбасы биыл сәуір айында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты көптің көңілінде жүрген күпті ойларға қозғау салып, оны жүзеге асыруды қолға алу жайлы бағдарлама жасауды ұсынып, мақала жариялады. Мақалада айтылған бастамалар елдің ұлттық рухын көтеріп, мәдени өмірі мен рухани болмысын жаңғыртуға бағытталған болатын. Мұнда бірнеше жобалармен қатар, латын қарпіне көшуді қолға алу жайлы айтылған. «Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Туған жер», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды бастамалар халықтың қолдауына ие болды. 
«Рухани жаңғыру» облыста біршама рухани-мәдени түлеуге атсалысар шаралардың басталуына себеп болды. Мәселен, рухани жаңғыруды желеу етіп, өңір-өңірде айтыс, ұлттық спорт түрлерінен жарыс, дәстүрлі ән сайысы, тарихи орындарға археологиялық зерттеу жүргізу, мәдени мұражайлар ұйымдастыру сынды жұмыстар қолға алына бастады. 
Елбасы өз мақаласында қазақ жазуының тарихына тоқтала келіп, 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін сөз етті. Бұл тарихи сәт бағдарламаға айналып, 2025 жылға дейін латынға көшудің алғышарты мен әліпби формасын жасауға тапсырма берілді. 



ЭКСПО-2017 көрмесі өтті

Елде 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі өтті. Тоқсан үш күнге созылған көрмені барлығы 4 миллионға жуық адам келіп тамашалаған. Көрмеге 110-нан аса мемлекет қатысып, 170-тен астам елден турист келген. Табиғи қуат өндірудің түрлі тәсілдері ұсынылып, 140-қа жуық ғылыми жаңалық табыс етілді. Мәселен, Қытай балшықтан жағармай өндірудің жолын көрсетсе, Ресей әлемде теңдесі жоқ атом электростанциясын салу жобасын ұсынды. Шығыс Қазақстан да Халықаралық көрмеде қойылған кейбір жобаларды өндіріске енгізуді ойлап отыр. Мәселен, жел қуаты күшті Ұлан, Жарма аудандарында жел мен күн электр станцияларын салу жұмыстары басталды. 


   
«Менің мектебім» жобасы бастау алды

«Рухани жаңғырудың» облысқа әкелген бастамасы - бұл аймақ басшысы Даниал Ахметовтің өзі ұсынған «Менің мектебім» атты демеушілік көрсету бағдарламасы. Аталған бастаманың негізінде Өскемен қаласында тұңғыш рет «Туған жер» форумы өткізіліп, кәсіпкерлер аукцион арқылы мектепті қолдау қорына 2,3 млрд теңге қаржы аударды. Мұндай аукциондар облыстың өзге де аудандарында өткізіле бастады. 



Медициналық сақтандыру шегерілді

1990 жылдардың соңында медициналық сақтандыру қорын құру жұмысы басталғанымен, кейін тоқтап қалған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі биыл тағы да қолға алынды. Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап медициналық сақтандыру қорына жұмысқа қабілетті тұрғындар өзінің жалақысының 1%-ын аудара бастаса, әлеуметтік жағынан қорғауды талап ететін азаматтар үшін үкіметтің өзі қаржы құя бастады. Дегенмен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі биыл қолданысқа енгізбек болған жүйені бір жылдың ішінде жасап үлгермесін сезген соң, бұл маңызды шаруаны 2020 жылға дейін шегере тұруға шешім шығарды. Нәтижесінде қорға қаржы тек екі жылдан кейін ғана жиналатын болды. Алайда 2018 жылдан бастап жұмыс берушілер жалақаның 1,5 пайызына тең соманы қорға аударып отыруға міндеттелді. 



ҰБТ-ның жаңа форматы дауға айналды

ҰБТ-ға өзгерістер енгізу туралы бірнеше жыл айтылып келді. Жаңа формат бойынша оқушылар екі сынақтан өтуі тиіс еді. Ең алдымен, оқушылар мектепте емтихан тапсырып, мектепті бітіргендігі жөнінде аттестат алады. Бұл оқушының нағыз ҰБТ-ға қаншалықты дайын екендігін көрсетті. Ал одан кейін ЖОО-ға түсу үшін тестілеуден өту керек. Мұнда үш міндетті - математикалық сауат, сауатты оқу және Қазақстан тарихы мен бір таңдау, бір бейінді пән бойынша тестілеуден өтті. Барлығы 140 сұрақ беріліп, 210 минут уақыт бөлінді. Республика бойынша 140 балл алған бала болмады. Алайда 139 балл жинаған Алматылық оқушы болды. Ал жеті оқушы 138 балл жинаған. Оның ішінде Аягөз ауданында бітірген шығысқазақстандық оқушы бар еді.  
Биыл облыста 6239 оқушы ҰБТ тапсырып шықты. Олардың үштен бір бөлігі биология пәнін таңдаған. Биылғы түлектер арасында дәрігер болуды қалағандар көп болды. Сондықтан биология пәнін таңдаған, «Алтын белгіні» алған кейбір түлектер мемлекеттік грантқа іліге алмай жатты. Білім министрлігі бұл ақаудың орнын толтырып, біршама уақыттан кейін тізімге ілінбей қалған, алайда жоғары балл алғандардың ісін қайта қарап, оларға грант берді. 



Электронды күнделік пен жаңа кітаптар

Білім саласындағы реформа жаңа ҰБТ-мен шектеліп қалған жоқ. Биылғы оқу жылында 2, 5 және 7-сынып оқушыларының оқу бағдарламасында жаңалық пен өзгерістер болды. Атап айтқанда, бұл сынып оқушылары жаңа мазмұндағы кітаптармен қамтылды. Жаңа оқулықтар 2015-2016 жылдар аралығында жасалып, 2017 жылы бекітілген. Бесінші және жетінші сынып оқушыларын бағалау жүйесі де өзгерді. Яғни, балаларға баға емес, ұпай қойылып, оқу үлгерімі балмен есептеле бастады. Ата-аналар үшін тағы бір маңызды жаңалық болды: ол - электронды күнделік жүйесі. Биылдан бастап министрлік еліміздегі барлық мектептерінде электронды күнделік жобасын енгізу жоспарланған болатын. Дегенмен, облыста тек ғаламтор жүйесі тартылған мектептер ғана электронды күнделік жүйесіне қосылды. Яғни, облыста 650-ден астам мектептің 350-ге тарта мектебі ғаламтор күнделігін пайдалануға мүмкіндік алған. 



Смартфонға тыйым салынды

Прокуратура мектепте ұры-қарылықты азайту үшін, ал білім беру мекемесі оқушылардың телефонға деген кіріптарлығын жою үшін мұғалімдермен, ата-аналармен ақылдаса отырып, мектепте смартфон қолдануға тыйым салған. Атап айтқанда, облыста орналасқан 659 мектептің 579-ында смартфон пайдалануға тыйым салынды. Қалған 80 мектепке ұялы телефон операторлары тартылмаған мекендерде орналасқандықтан, оларға тыйым салынған жоқ. 


Уақытша тіркеу әлегі

2016 жылдың 22 желтоқсанында Президент терроризмге қарсы күрес шараларын күшейту жөніндегі заңға қол қойды. Ол бойынша жалға берушілер пәтерлерде тұрып жатқан адамдарды тіркетуге міндеттелді. Нәтижесінде 1 ақпаннан бастап ішкі істер органдары қызметтік міндеттерін орындау не жедел іздестіру кезінде тұрғындардың тіркелуіне қатысты тексеріс жүргізе бастады. Егер Қазақстан азаматтары тұратын не уақытша келген жері бойынша он күннің ішінде тіркеуге тұрмаған болса, онда оған 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы тиіс еді. Ал хабардар болған азаматтар Жаңа жыл бітісімен-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылды. Халықтың дүрлікпесін басу үшін органдар тексеріс жасауды тағы екі айға шегерді. Ал бір айдың ішінде елде 240 мың адам уақытша тіркеуге тұрған. 



Полицейлер «ала таяқсыз» қалды

Бірінші қаңтардан бастап полицейлер  жолдағы тәртіпті қадағалаудың жаңа тәртібіне көшіп, алатаяқ ұстаудан бас тартты. Көлікті тоқтату үшін ысқырық не дыбыс күшейткішті қолданады. Сонымен қатар, облыстағы тәртіп сақшылары жаңа киім формасына ауысты. Жол патрульдік полициясы әдеттегі фуражканың орнына енді жазғы бейсболка, көйлек орнына футболка мен жеңіл күрте киетін болады. Киімдер көк түсті матадан тігілген. Күртенің қысқа және ұзын түрі бар. 

Бензин бағасы шарықтады

«Бұл жыл несімен есте қалды?» деген сауал қойылса, елдің үштен бір бөлігі "жанар-жағармай қымбаттады" дер еді. Өйткені Аи-92 маркалы бензин бағасы жылдың басында, ақпан айында, 137 теңгеден 139 теңгеге, наурызда 141 теңгеге, ал қыркүйекте оның бағасы 151 теңгеге дейін бір-ақ шарықтады. Елдің кейбір өңірлерінде аталған маркадағы бензин 165 теңгеге дейін өсіп кетті. Ал Үржар ауданында бензин бағасы рекорд орнатты. Мұнда жанармай бағасы 180 теңгеге дейін қымбаттады. Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттары жөнделіп біткен соң, баға біршама тұрақтаған болды. Алайда айтарлықтай арзандай қоймады. Желтоқсан айында баға 157 теңгеге дейін түскендей болды, бұрынғы баға бұлбұлдай ұшты. Яғни, бір жылдың ішінде бензиннің литрі 20 теңгеге дейін қымбаттап үлгерді. 

Зейнетақы өсіп, «жасы» ұлғайтылды

Зейнетақы 1 шілдеден бастап 20 пайызға өссе, келесі жылдан бастап 8 пайызға өсетін болды. Одан бөлек, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгертіліп, 10 жылдан аз және еңбек өтілі жоқ азаматтар 15274 теңге базалық зейнетақы алса, он жылдан артық еңбек өтілі бар адамдардың зейнетақысы әрбір жыл үшін 2 пайызға көбейтіліп тағайындалатын болды. Жаңа жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы бір жыл сайын жарты жылға ұзартылып отырмақ.  Демек, 2019 жылы әйелдер 59 жастан бастап, 2021 жылы 60 жастан бастап қана зейнетке шыға алады. 

Следующая →