Усть-Каменогорск
ясно
-12°
  • Усть-Каменогорск
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -3°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +8°
  • Атырау
    -2°
  • Караганда
    -4°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Табиғи қалып қашанда сәнді

Сән индустриясы сан салалы әрі әр қилы болғандықтан кейде, тіпті, өзіңе жарасатын үлгіні таңдау қиынға соғады

Сән индустриясы сан салалы әрі әр қилы болғандықтан кейде, тіпті, өзіңе жарасатын үлгіні таңдау қиынға соғады. Алайда осы орайда мамандар көмегі тиеді. «Алдаспан» газеті  заманауи тренд, өзін-өзі күту құпиялары мен түрлі пайдалы кеңестер беретін «Sulu-2018» премиясының қатысушыларымен оқырмандарды таныстыруды жалғастырады.

Премияға үміткерлердің арасында үздік тырнақ әрлеу, шугаринг, қас әрлеу шеберлері мен лэшмейкерлер, шаштараздар мен өзге де сән саласының мамандары бар. 


Көз – адамның айнасы

Көз жанары адамның ішкі жан дүниесінен сыр шертеді. Қалың әрі әдемі кірпікті тұңғиық терең көзқарас – әр бикештің арманы. Алайда көзқарасты айқындай түсетін ұзын кірпіктер әркімге табиғатынан беріле қоймаған. Табиғат бермеген сыйды бүгінгі күнде шеберлер жасай алады. 

- Менің қызметіме бірнеше мәрте жүгінген қыз-келіншектерге қарап, кірпік ұзарту үрдісі өз кірпіктеріңізге анау айтқандай зиян келтірмейтінін байқадым, - дейді жарты жылдық жұмыс тәжірибесі бар кірпік ұзарту шебері Кристина Андреева. - Алайда, бір немесе екі ай көлемінде кірпіктеріңізді қалпына келтіру  үшін демалтып алған жөн. Мен ұзартылған кірпіктердің үстінен түзету жасамауға тырысамын. Өйткені түзету жасаған кезде кірпіктер арасындағы косметика қалдықтары тазаланбай, көз терісін тітіркендіреді. Егер бойжеткен кірпік ұзартып, екі аптадан кейін келсе ғана түзету жасауға болады. Жалпы, ұзартылған кірпіктер бір айға дейін шыдайды. Сондықтан, бір айдан кейін ұзартылған кірпіктерді алып тастап, жаңасын жасатқан дұрыс. Негізінен жалған кірпіктер көп күтімді қажет етеді: көзді жуу үшін құрамында майлы заттары жоқ сулы негіздегі құралдарды пайдалану керек, механикалық зақым тидірмеу, сүрме қолданбау әрі ұзартылған кірпіктерді өз еркіңізбен арнайы құралдардың көмегінсіз шешпеген абзал.

Кірпікті ұзарту үрдісінің оң және теріс жақтары да бар. Мәселен, үрдіс екі-үш сағат уақытты талап етеді, монша мен саунада буға отыруға болмайды, алайда жуынуға тыйым жоқ. Сонымен қатар, аллергиясы бар адамдарға кірпік ұзартуға тыйым салынған. Бірақ кірпік ұзарту арқылы бойжеткендер күнделікті макияжға кететін уақытын үнемдейді, әрдайым әдемі көзқарас, көпке дейін жететін әсерге қол жеткізеді.

Көз – жан дүниеңнің айнасы болса, әдемі қас адам ажарын айшықтай түсері сөзсіз. Соңғы уақыттарда қалың, қанық қастар сәнге айналып барады. Алайда мамандар барынша табиғи болуға ұсыныс білдіреді. 

- Клиенттер перманентті макияж бен татуаждың айырмашылғын түсінулері керек, - дейді перманентті макияж шебері Наталья Попова. - Татуаж - терінің терең қабатына бір рет әрі мәңгілікке жасалатын татуировка. Ал перманентті макияж 1,5-2 жыл уақытқа жасалады. Бір кездері қара немесе қоңыр түспен жасалған татуаж қолданылған материал немесе адам ағзасының ерекшелігіне байланысты біраз уақыттан кейін көк немесе қызыл түске айналып кетеді.  

Наталья Попова - қас пен ерінге перманентті макияж жасау шебері. Шебердің айтуынша, бұл үрдіс қаста екі жылға дейін сақталады, ал ерінде әсері бір немесе бір жарым жыл сақталады. 

- Мен өз клиенттеріме перманентті макияж жасалғаннан соң біршама уақыттан кейін түзету жасатуға кеңес беремін. Өйткені біздің теріміз сурет салып, оны қайта өшіре салуға қолайлы қағаз парағы емес қой. Бірінші үрдісте нобайы сызылса, түзету кезінде қажетті реңк қосамыз. Бүгінгі таңда барынша табиғи образ сәнде. Ал перманентті макияж табиғи қасты айқындай түсіп, қасқа форма береді. Мәселен талшықты техниканың табиғилығы сондай, кез келген адам сіздің перманентті макияж жасатқаныңызды оңай аңғара алмай қалады.

Бір жылға жуық жұмыс тәжірибесі бар маман ерінге перманентті макияжды акварельді техникамен жасатуды ұсынады. Осылайша ерінге сәл көлем беріп, пішінін өзгертуге болады. 

- Мен әрқашан да ерінге арналған татуажды ашық реңктермен жасатуға кеңес беремін. Сол кезде ғана оның әсері көпке дейін қуантатын болады. Ал перманентті макияж орны үш-жеті күн ішінде жазылатын болады. Сол уақытта макияжды түзету үрдісіне келсеңіз, алдағы бір жыл, бір жарым немесе екі жыл бойы макияж жасауда қиналмайтын боласыз.

Сұлулық құрбандықты талап етеді

Арулар әсемдікті сөз еткенде қозғалатын тақырыптардың бірі – бет және денедегі түктерден арылу мәселесі. Қазіргі таңда мінсіз келбет үшін тек қана қас пен кірпік, ерін әдемілігі аздық етеді. Бүгінгі күннің сылқымдары бет және денесіндегі артық түктерден де арылудың жолын тапқан. Оған шугаринг шеберлері көмектеседі. Шугаринг үрдісі жанға батқанымен, терінің нәзік әрі балғындығы үшін таптырмас әдіс.  

- Біреулер «сұлулық құрбандықты талап етеді» десе, мен «сұлулық тамсануды талап етеді» дер едім, - дейді шугаринг шебері Алиса Шмурыгина. -  Көбі шугаринг – денені ауырсындыратын үрдіс деп ойлап, шеберлердің көмегіне жүгінуге жүрексініп жатады. Алайда барлығы сіз ойлағандай қорқынышты емес. Негізінен, шамалы ауырсыну байқалатын үш аймақ бар. Дегенмен, менің клиенттерім үрдіс барысында бойларындағы барлық стресс сыртқа шығатындығын алға тартады. Тіпті, егер ешқандай қауіп жоқ болса, дәрігерлер жүкті әйелдерге де шугаринг үрдісін жасатуды ұсынады. Босануға екі-үш апта қалғанда болашақ аналар эпиляция жасатуға келіп жатады. Ал бикини аймағына шугаринг жасату үшін төртінші аптада келеді. Егер үрдісті осы жиілікте қайталаса, ауырсыну деңгейі шамалы бәсеңдейді. Аяқ эпиляциясы бір ай немесе одан да ұзақ уақытқа сақталса, ал қолтық түктеріне жасалған эпиляция екі аптадан астам уақытқа жетеді.

Айта кеткен жөн, шугарингтен кейін денедегі талшықтар жұқа әрі жұмсақ болып өседі. Сондықтан қолайсыздықтар азаяды. Маман егер денеңіздегі түктерді ұстараның көмегімен жойған болсаңыз, тек бес-алты күн өткеннен кейін ғана шугаринг жасатуға келген жөн екендігін айтады. Сонымен қатар, өз ісіне адал маман клиенттеріне тері күтіміне қатысты ұсыныстары мен ақыл-кеңестерін аямайтын көрінеді. 


Сән бір орында тұрмайды

Үй жағдайында маникюр жасаудың машақаты жетіп-артылады. Осыдан біраз уақыт бұрын боялған тырнақты кептіру үшін қыз-келіншектер түрлі әрекеттер жасап, әуреге түсетін. Қазір арнайы гель-лак пайда болғалы бері арулардың барлығы тегіс маникюр жасайтын аппарат пен шебердің ғана көмегіне жүгінетін болған. 

- Гель-лак бүгінде мол сұранысқа ие, - дейді тырнақ әрлеу шебері Дарья Ветлугина. - Аталмыш маникюр екі-үш апта, кейде одан да ұзақ уақытқа дейін сақталады. Тырнақ қабаты өскенімен, тырнақ үстіндегі лак жабындысы ауыр болғандықтан, ол өз пішінін өзгертуі мүмкін. Айта кету керек, гель-лак маникюрін жасатуда шек жоқ. Өйткені лакты сыдыру барысында біз тырнақ қабатына зиян келтірмейміз. Арнайы аппарат тек тырнақ үстіндегі материалды алуға арналған.

Төрт жылдық тәжірибесі бар маман қазір құрамдастырылған (кесіп жасалатын және аппаратты маникюр) маникюр сәнге айналғанын айтады. Әр арудың қолдары мен тырнақтары әр түрлі. 

-Тіпті, бір қыздың тырнағында гель-лак мүлде ұсталмай қалған оқиға да басымнан өткен. Бірақ мен бұл мәселенің шешімін тауып, акрилдың көмегімен бекіттім. Осы сынды мысалдар жетіп-артылады. Бастысы келген клиенттер кез келген тырнаққа сапалы гель-лак маникюрін жасауға болатындығын түсінуі керек. 

Сән бір орында тұрмай, әр маусым сайын өзгеріп отыратындығы айдан анық. Қазір Жаңа жыл қарсаңында қыздар тырнақтарына ұлпа қар, Аяз ата қалпағы сынды жаңажылдық белгілерді салдыруды бастайды. Маманның сөзіне сүйенсек, негізінен соңғы уақыттарда базалық түстер трендке айналып, тек бір қолдағы тырнақтарды ерекшелеу белең алған.  Соңғы тенденция – көлемді бедерлеу.

Следующая →