Усть-Каменогорск
пасмурно
-4°
  • Усть-Каменогорск
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -3°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +5°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -5°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Уральск
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Мемлекеттік қызмет абырой ма?

Кейбір басшылар тұрғындардың көпшілігі мемлекеттік қызметке келгісі келмейтіндігін, бұл салада жұмыс жасауға ниетті адам аз екендігін айтады

Кейбір басшылар тұрғындардың көпшілігі мемлекеттік қызметке келгісі келмейтіндігін, бұл салада жұмыс жасауға ниетті адам аз екендігін айтады. Алайда мемлекеттік қызмет істерін бақылаумен айналысатын орган бұл салада жұмыс жасауға өтініш білдіретіндер көп деп отыр.

Ал қарапайым халықтың бір тобы мемлекеттік мекемеде жұмыс жасаудың болашағы зор деп болжаса, бірі бұл салада жұмыс жасауды мүлдем абырой көрмейді. Еңбекақы аз болғандықтан, мемлекеттік мекемеде біліксіз мамандар қызмет етеді, сондықтан ел басқару мен маңызы бар шешім қабылдауда көптеген қателіктер мен кемшіліктер жібереді деседі. 

- Мемлекеттік қызметте, оның ішінде құқыққорғау органдарында жұмыс істеп жүрген достарымнан кеңес сұрап, «осы салада қызмет етудің қандай оңды тұстары бар?» деп сұрап көрдім. Көбі еңбекақы мен еңбек демалысы уақытылы беріледі, сыйақысы да қомақты, алайда жүктелетін міндеті көп, салмағы ауыр деп бұл салада жұмыс жасамауға кеңес берді, - дейді төртінші курс студенті Ерасыл Мұхтарұлы.

Ел басқару мен оны үйлестіру жұмысында басшылық етіп жүрген кей қызметкерлер де мемлекеттік мекемеге келуге  жүрексінетіндер көп екендігін айтады. Мәселен, Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының ШҚО филиалының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханұлы шенеуніктердің тәртіптік ісін қарауда барынша шынайы болуды, шамалы жұмсартылған жаза қолдануды құп көреді. Өйткені мемлекеттік қызметкерлерді үркітіп алмау керек.

- Қазір мемлекеттік қызметке адам аз келеді. Мемлекеттік қызметкер мен қоғам арасында үлкен қайшылық бар. Сондықтан «Шаш ал десе, бас алмай» мұндай мәселеге тиянақтылық танытып, абайлап қараған жөн, - дейді Әнуарбек Мұхтарханов.

Қоғам белсенділері мен мемлекеттік қызметкерлер арасында қарама-қарсылық пен кереғарлық қазірде күшейе түскен. Мемлекеттік қызметті барынша ашық көрсету ел деңгейінде қолға алына бастағандықтан, бүгінде көптеген шенеунік пен қызметкер қарапайым тұрғындардың жіті қадағалауында жүр. Осыдан бір жарым ай бұрын Өскемен қалалық әкімдігінің мемлекеттік көліктеріне белгі қойып, жедел желі телефонын жазған соң-ақ, тұрғындар шенеунік атаулының әр қадамына сұқтана бастаған. Өйткені жоба іске қосылған уақытта-ақ әкімдікте істейтін үш шенеунік бірдей жазаға ұшыраған еді. Қоғам тарапынан қысымның күшейгенін шенеуніктер де енді түсіне бастаған сынды. Халықтың сөз-дамайынан қашқан бір басшы ертеңінде-ақ жұмыс көлігінен бас тартып, басқа мекеменің қолданысына «сыйлап» жіберген.

Дегенмен, үкімет тарапынан да, халық тарапынан қысым күшейсе де, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызметке келушілер саны жыл сайын артып келе жатқанын айтып, үкімет берген жұмысқа елдің қызығушылығы бар екенін алға тартады.

- Облыс бойынша 2015 жылы 1175 адам, 2016 жылы 1718 адам, 2017 жылдың 11 айында 1608 адам мемлекеттік қызметке қабылданды, яғни, жыл сайын мемлекеттік қызметке қабылданғандар саны өсіп отырған, - дейді департамент басшысы Жанна Қабдолдақызы.

Облыста барлығы 8237 мемлекеттік қызметкер бар. Алайда 670 жұмыс орны бос тұр. Қызметкерлердің жұмыстан босауына басты себеп - жалақының аздығы мен жүктелген міндеттің көптігі.

- Мемлекеттік қызметтен босаған жандармен ауызша және жазбаша сұхбат өткіземіз. Мақсатымыз мемлекеттік қызметкерлердің неліктен жұмыстан кеткісі келгенін білу, басшылық тарапынан қысымның болған не болмағанын анықтау. Ал мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан шығуының басты екі себебі бар. Бірі - жұмыс көлемінің көптігі мен еңбекақының аздығы. Екіншісі - басқа қалаға, елдімекенге көшу. Алайда олардың ешбірінде басшылық тарапынан қысым не күш көрсету болмаған. Барлығы - өз еркімен босағандар, - дейді Жанна Қабдолдақызы.

«Мемлекеттік қызметке келушілердің саны сиреп бара жатқан жоқ па?» деген сауалға департамент басшылары қарсы пікір білдіріп, қарапайым тұрғын арасында мемлекеттік қызметке орналасқысы келетіндер көп екенін айтады. 

- Біздің деректерімізге сүйенсек, мемлекеттік қызметте жұмыс жасағысы келетін үміткерлер көбейіп келеді. Соған қарағанда тұрғындар арасында да бұл салада жұмыс жасауға қызығушылық бар деген сөз, - дейді департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Жанар Смекенова.   

Мемлекеттік қызметкерлерге қысым күшейтпес үшін Әдеп жөніндегі кеңестің өзі тәртіп жөніндегі істерді негізсіз, дәлелсіз жүргізбейтін болған. 

- 2015 жылы 40 тәртіптік іс қаралса, 2016 жылы - 27 тәртіптік іс, 2017 жылдың 11 айында 18 тәртіптік іс қаралып, барлығы жазаға тартылды. Яғни, жыл сайын тәртіптік жазаға тартылғандар азаюда, - дейді Жанна Қабдолдақызы.

Дегенмен, айыбы көп шенеуніктер жазаға тартылып, кейбірі жұмыстан қуылды. Мәселен, Көкпекті ауданы сәулет, құрылыс бөлімінің Капчиков есімді басшысы мердігерге жұмыс жасатып алып, ақшасын бермей қойғаны үшін жұмыстан қуылса, министрлікке қарасты Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы қызметкерлеріне сыйақыны дұрыс үлестірмей, өзінің туысын жұмысқа алғаны үшін қызметтен босатылды. Бұл екі шенеунік те кейін сотқа арызданған. Алайда сот оларды ақтамады. 

Егер мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өссе, бұл салада жұмыс жасауға тілектестік білдіретіндер көбейер еді. Алайда еңбекақы мәселесі де әлі шешімін таба қоймаған. 

- «100 қадам» атты мемлекеттік бағдарламасында қызметкерлер жалақысын кезең-кезеңімен өсіру туралы айтылған. Алайда еңбекақыны өсіру туралы нақты мемлекеттік құжат әзірленген жоқ. Ендігі жылдан бастап бұл шаруа қолға алынуы мүмкін, - дейді Жанна Қабдолдақызы.

Қалай десек те,  мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өссе, бәсекелестік те артар еді деген ой қаншама жұмыскердің көкейінде жатыр...

Следующая →