Усть-Каменогорск
ясно
+10°
  • Усть-Каменогорск
    +10°
  • Алматы
    +19°
  • Нур-Султан (Астана)
    +14°
  • Актобе
    +16°
  • Форт-Шевченко
    +19°
  • Атырау
    +16°
  • Караганда
    +13°
  • Кокшетау
    +13°
  • Костанай
    +11°
  • Кызылорда
    +19°
  • Павлодар
    +11°
  • Петропавловск
    +11°
  • Тараз
    +22°
  • Уральск
    +10°
  • Шымкент
    +23°
$
478.93
-0.03
534.96
+1.93
¥
67.8
+0.18
5.16
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Қойылым бір жарым сағаттан аспауы тиіс

Өнер адамдары жастайынан мамандық таңдап таусылмайды. Қай салада еңбек еткісі келетіндігін бала күнінен армандап, мақсат қойып өседі. Көлденең көк аттының айтқан кеңесіне бас ұрып, ұсынған кәсіпке келісіп кетпейді. Өйткені ол өнерді сүйеді әрі бар талантын халықты тәрбиелеуге жұмсайды

Өнер адамдары жастайынан мамандық таңдап таусылмайды. Қай салада еңбек еткісі келетіндігін бала күнінен армандап, мақсат қойып өседі. Көлденең көк аттының айтқан кеңесіне бас ұрып, ұсынған кәсіпке келісіп кетпейді. Өйткені ол өнерді сүйеді әрі бар талантын халықты тәрбиелеуге жұмсайды.

«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, бүгінгі кейіпкеріміз - жастайынан спорттың сан түрімен шұғылданып, әртүрлі өнер үйірмелеріне қатысып, зор тәжірибе жинаған әрі бар қуатын танымал актер болуға арнаған жан. Облыстық жастар театрының актері Абай Хасенов Астана қаласында дүниеге келсе де, өнер жолын, ең алдымен, Өскемен қаласынан бастаған.

- Абай, әңгімемізді туған жерің мен өскен ортаң - отбасыңнан бастасақ...

- 1994 жылы Астана қаласында дүниеге келдім. Анам - әнші, домбырамен ән айтады. Әкем - суретші. Атам - сәулетші, әжем - ақын. Яғни, өнерлі жандардың отбасында, атам мен әжемнің қолында тәрбие алдым. Жастайымнан домбыра үйірмесіне қатысып, ұлттық аспаппен ән айтуды үйрендім. Хорға да қатысып жүрдім. Мектеп бітірген соң, Астана қаласындағы «Шабыт» өнер университетінің актер мамандығына оқуға түстім.

- Актерлік саланы таңдауыңызға не себеп болды?

- Он жасымда қазіргі Қазақ ұлттық өнер университетінің қазақ өнерін таныту мақсатымен АҚШ еліне ұйымдастырған гастрольдік сапарына қатыстым. Мұнда домбыра мен қобыз тартып ән айтатындар, сырнай мен саксафон ойнайтындар болды. Олардың арасында мен ең кішісі едім. АҚШ-тың жарты штатын аралап шықтық. Мен домбырамен ән айтып, америкалықтарды таңқалдырғаным бар. Елдің астанасы Вашингтон қаласында орналасқан газеттердің біріне сұхбат беріп, «Жас дарын» атандым. Сөйтсем, Америка халқы балаларын жастайынан өнерге баулымайды екен. Мектеп бітірген соң, колледжге оқуға түсер алдында ғана өнер мамандығын таңдататын көрінеді. Сондықтан бүлдіршін балалардың арасында музыка аспаптарын ойнайтындар аз. Ал мен небары он жасымда домбыра ойнап, шырқап ән айтқаным оларға таңсық көрінсе керек. Өз елімнің өнерін өзге құрлыққа танытып қайтқаныма қуандым. Бұл маған қанат бітірді.

Лос-Анджелес қаласындағы «Жұлдыздар аллеясын» тамашалап жүріп, актер болуға деген ынтам оянды. Голливуд актерлеріне ұқсап, танымал тұлға болуды армандадым. Яғни, он жасымда-ақ актер боламын деп шешім қабылдағам. Кейін хорда ән айтып жүріп, Түркияға, Мәскеуге барып, өнер көрсеттік. Мұның барлығы өнерге бір табан жақын болуыма, бүйрек бұрып, көңіл тоқтатуыма септігін тигізді.

- Жүрек қанша қаласа да, кәсіби тәжірибе болмай, адам жетістікке жете алмасы белгілі. Өнер университетінде оқып жүріп, қандай кәсіби білім мен тәлім ала алдыңыз?

- Өнер академиясында «Сахна қозғалысы» және «Сахна сайысы» деген екі пән бар болатын. Сабақты елдің танымал актері Нұржан Садыбеков жүргізді. Сахнадағы қимыл-қозғалыстың әдіс-тәсілін, қыр-сырын жетік білетін шебер жан еді. Сальто, фляк жасауды, қылыш, найза, балта, қалқан қолдануды үйретті. Төбелес тәсілдерін меңгертіп, каскадерлік шеберлікке баулыды. Мектепте де спортпен көп шұғылданғандықтан, сахна қозғалысын жасау маған ауыр болмады.

- Қандай спорт түрлерімен айналысқан едіңіз?

- Баланы жастайынан спортқа баулыған дұрыс қой. Бір ғана спорт түрімен шектеліп қалмай, бірнеше спортты байқастап көру керек. Кейін өзіне ұнағанын таңдай жатар. Мен бокс, күрес, дзюдо, кикбокс, жеңіл атлетикаға қатыстым. Бразилияның жауынгерлік өнері капоэйрамен шұғылданып, қайық пен ескек есуді де үйрендім. Бокстан спорт шеберіне үміткермін. Қазір Өскемен қаласына келгелі тауға шығуды әдетке айналдырдым. Жылқыға мініп, әскери соғыс айла-амалдарын жасауды ұнатамын.

- Өскемен қаласына қалай жолыңыз түсті? Сол жайында айта отырсаңыз...

- 2015 жылы жоғары оқу орнын тәмамдадым. Сол жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі өңірде жаңадан жастар театрының ашылғанын хабарлап, бізді Өскеменге шақырды. Жас болған соң, бойыңда ерік-жігер, қайрат-қуат тұнып тұр. Жаңа дүниені көргің, істегің келеді. Істей алмаймын-ау деген күмәнді ой күдік туғызбайды. Танымал актер болып қалыптасуға тәжірибе керек болды. Содан Астана қаласынан он бір адам бір топ болып, Өскеменнің жаңа театрына келіп, жұмысқа орналастық. Егер Астанада қалар болсақ, онда мүмкіншілік те аздау болар еді. Өйткені Астанада не көп?! Театр мен актер көп. Онда көпшіліктің ортасында, қапталда, көлеңкеде қаласың. Ал жаңа ашылған театрда мүмкіндік мол. Оны дамыту, жетістікке жетелеу өзіміздің қолымызда. Қазір көп тәжірибе жинадым. Қорқыныш пен қобалжу аз. Сенім күшейді.

- Алғаш сомдаған рөлдеріңіз жайлы айта отырсаңыз...

- Алғашқы рөлдерімнің бірі Кен Людвигтің «Жұлдызды сәт» спектакліндегі әнші Тито Мереллидің рөлін сомдадым. Біздің театр көпұлтты театр болғандықтан, бір қойылымға түрлі ұлт өкілдері қатысып, рөл бөліседі. Ал Тито Мереллидің қосымша рөлін орыс театрының актері Михаил Иванов сомдап жүрді. Премьерада әншінің рөлін мен емес, Михаил ойнап шықты. Ал премьераны тамашалауға облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі келген еді. Кейін «Сүйіңдерші, адамдар!» спектаклінде жетімнің, ҚР «Еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Камиевтің режиссерлігімен қойылған «Жасасын махаббат!» («Пай-пай, жас жұбайлар-ай!) комедиясында Қасымның, «Құрметті, Елена Сергеевна» драмасында Володя есімді мажордың, «Тендерге түскен келіншек» спектаклінде Серега есімді қаңғыбастың рөлін сомдадым.

- Рөлге қалай дайындаласыз?

- Рөлге енудің, оған дайындалудың өз тәсілі бар. Әр актер өзінше дайындалады. Мәселен, мен «Тендерге түскен келіншек» спектаклінде қаңғыбас Сереганың рөліне ену үшін баспанасыз адамдар, үй-күйі жоқ кезбелер жайлы көп деректі фильм, көркем фильм көріп, ғаламтордан мәліметтер іздедім. Қаңғыбастың суретін күнделігіме іліп, ұялы телефонның басты бетіне орнатып қойдым. Қойылымның премьерасына дейін бір апта бойы жуынбай, шашымды тарамай жүрдім. Күйі жоқ адамдар сияқты жыртық-шұрық киініп, үйде шашылып жатқан жерде ұйықтап, өзімді қаңғыбас ретінде сезінуге күш салдым. Егер рөлдің қызығына кіріп кетсең, бірнеше күн ұйықтамай, шабыттанып кетуге болады. Кейде театрда түнеп қаласың.

- Бір қойылымды дайындауға қанша уақыт кетеді?

- Әдетте, бір спектакльді дайындауға бір айдан үш айға дейін уақыт кетеді. Естуімше, Ресейде бір қойылым қою үшін бір жыл, төрт жыл, кейде жеті жыл уақыт кетеді екен. Өйткені спектакль төрт-бес сағатқа дейін созылады. Бізде қойылымды бір жарым сағаттан артық қоюға болмайды. Өйткені елдің төзімі жетпейді. Егер қойылым бір жарым сағаттан асып кетсе, көрермен тағатсыздана бастайды. Алды есіктен шығып, кейбірі ұйықтап қалады (күліп)...

- Қойылым көруге келген халыққа қандай кеңес бересіз?

- Ең бастысы, жанында отырған адамға және актерге кедергі келтірмеуі керек. Театр этикасы бойынша шапалақ қойылым басталғанда және аяқталған соң ғана соғылады. Ал біздің көрермендер қойылым болып жатқанда, шырқау шегіне жеткенде не қандай да бір оқыс ситуация туғанда қол шапалақтай бастайды. Бұл дұрыс емес. Концертте мұндай сәтте қол шапалақтауға болады. Ал театрда артық қошемет актердің шабытын, ойын бұзып жіберуі мүмкін. Қазақ кешіккенді жақсы көреді ғой. Алайда театр мәдениетін сақтап, қойылымға кешігіп келмеуге тырысу керек.

- Театрға кімдер көп келеді?

- Біздің театрға, әрине, жастар көп келеді. Тек қазақтар ғана емес, орыс ұлтының өкілдері де жиі келіп, қойылым көреді. Айтуларынша, Жастар театрының кәсіби актерлері, харизмасы мен дарындылығы ұнайтын көрінеді. Өйткені театрда жұмыс жасайтын актерлердің барлығы - кәсіби маман иелері. Дайындықтан өткен, сахна мәдениеті мен қозғалысын жетік меңгерген жандар. Ал кәсіби өнер адамды қашанда еліктіріп, құмарландырып тұрады. Келген көрермендер қойылымды беріліп көреді. Шынайы әсер алады. Актерлермен бірге күліп, бірге жылайды. Халықтың театрға деген қызығушылығы күннен-күнге артып барады. Біртіндеп сахна мәдениетін де түсініп келеді. Елдің эстетикалық білімі артып келеді дер едім.

Следующая →