Усть-Каменогорск
ясно
+17°
  • Усть-Каменогорск
    +17°
  • Алматы
    +18°
  • Нур-Султан (Астана)
    +22°
  • Актобе
    +19°
  • Форт-Шевченко
    +14°
  • Атырау
    +16°
  • Караганда
    +20°
  • Кокшетау
    +21°
  • Костанай
    +20°
  • Кызылорда
    +24°
  • Павлодар
    +15°
  • Петропавловск
    +18°
  • Тараз
    +22°
  • Уральск
    +13°
  • Шымкент
    +26°
$
443.44
+1.86
480.51
+0.51
¥
61.36
+0.17
4.88
+0.02
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Темір жол - қауіпті аймақ

Елімізде жыл сайын жүздеген адам немқұрайлығы мен салғырттығының кесірінен пойыздың астына түсіп, өлім құшады не мүгедек болып қалады

Елімізде жыл сайын жүздеген адам немқұрайлығы мен салғырттығының кесірінен пойыздың астына түсіп, өлім құшады не мүгедек болып қалады.

Ал облыстағы темір жол желілік полиция қызметі пойыздардың шұғыл түрде жиі тоқтатылатындығын айтып дабыл қағуда. Мәселен, былтыр пойыздар 236 рет шұғыл түрде тоқтатылған. Ал бұл көрсеткіш республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда көп әрі облысымыз осы деректер бойынша алдыңғы орында тұр. Оның ішінде 48 шұғыл тоқтату адамдардың кесірінен болса, 168-і малдың кесірінен, ал екеуі тоқтату кранын абайсызда басып қалу кесірінен орын алған. Ал пойыз рельсте тұрып қалған көлікті қағып кетпеу үшін он жеті рет шұғыл тежегішті іске қосқан.


Пойызды шұғыл тоқтату - шығын

Мамандар пойызды шұғыл түрде тоқтату оның локомотиві мен вагонын зақымдап, мемлекетке, жолаушыларға қызмет етуші фирма мен жолды жөндеуші кәсіпорындарға зор шығын әкелетінін айтады.

- Пойыз автокөлікке қарағанда баяу тоқтайды. Өйткені локомотивтің өзі 250 тонна, ал жүк тиелген пойыздың орташа салмағы 6 мың тоннадан асады. Пойыздың жылдамдығы 110 км/сағат болса да, оны тоқтату үшін 400-500 метр қашықтық қажет. Ал локомотив тоқтағанша, тағы жарты шақырымдай жер керек. Мұның барлығы рельске, пойыздың дөңгелегі мен вагондарының бүлінуіне, жолаушылардың жарақат алуына себеп болуы мүмкін, - дейді Защита станциясындағы Ішкі істер желілік полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Лариса Бектасова.

Ал пойыз мал мен көлікті басып кеткен жағдайда локомотивтің шамы мен терезесі сынуы мүмкін. Бұл да зор шығын. Мұндай шығынды бір адам өмір бойы өтей алмай кетуі мүмкін.


Машинист жазаланбайды

Тұрғындардың көпшілігі пойыз адамды не малды басып кетсе, оған пойыз машинисі кінәлі, сол жауап береді деп ойлайды. Алайда, шындап келгенде, заң бойынша машинистің жазалана қоюы екіталай. Оның үстіне, елдің сот тарихында пойыз машинисі ешқашан жазаға тартылып көрген емес.

- Машинист темір жол маңындағы не рельсте тұрған қандай да бір нысанды көрген жағдайда 800 метр қашықтықтан сигнал беріп, дабыл қаға бастайды. Оған көнбеген болса, онда шұғыл тежегішті іске қосады. Алайда жолаушылар пойызын толықтай тоқтату үшін 300 метр, жүк пойызын тоқтату үшін бір шақырымдай жол қажет. Машинист қаншалықты жылдам қимылдаса да, мұндай ауыр күш пен жүкті дереу тоқтата алмайды. Оның үстіне, оның әрбір әрекеті локомотивтің компьютерлік желісіне толықтай жазылып отырады. Пойыздың өзінің бейнетіркеу камерасы да болады. Машинист әр қимылын нұсқаулыққа сай жасайтындықтан әрі пойызға отырар алдында арнайы медициналық тексеруден өтетіндіктен, оны сот жазалай алмайды. Төтенше жағдай мен оқыс оқиғаға тек тұрғынның өзі ғана кінәлі болып шығады, - дейді Лариса Азанбекқызы.

Өйткені тұрғын пойыздың дабылын естіп, рельсті босатқан жоқ, қауіпсіздік сақтаған жоқ. Сол үшін кінәлі болып табылады.


Малды пойыз қақса, оған иесі кінәлі

Халық "малымды пойыз басса, неге ол үшін мен жауап беруім керек?!" деп ашулануы мүмкін. Алайда заң тұрғындарды өз мүлкіне ие болуға үгіттейді. Ал қарапайым халыққа мал мен жер - бас ауыртар басты мәселе. Малдан айырылып есеңгіреп отырған тұрғынға тәртіп сақшыларының келіп, малдың жазатайым болуына иесін кінәлап айыппұл салып кетсе, тіпті, ауыр.

Желілік полиция қызметкерлері мұны түсінсе де, заңның аты - заң. Оны орындаудан басқа амалдары жоқ. Мәселен, былтыр Шалабай ауылында пойыз жеті бірдей жылқыны басып кеткен. Бұған машинист емес, тағы да тұрғынның өзі кінәлі болып шыққан. Өйткені ол малына ие болмаған, өріске бағып шықпаған. Соның кесірінен жылқының иесіне 5 айлық есептік көрсеткіш есебімен 11 мың теңгеден астам айыппұл салынған.

- Әкімшілік кодекстің 30-тарауы түгелдей көлік пен жол шаруашылығына арналған. Кодекстің 559-бабында "Темiржол көлiгiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу" туралы айтылған. Тұрғындардың барлығы осы бапты оқып, түсініп алуы қажет. Аталған баптың 1-тармағында "Темiржол арқылы ат арбамен (шанамен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу ескерту жасауға немесе бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады" деп көрсетілген. Яғни, бақташы темір жол бойына малды қараусыз жібергені үшін жауап береді әрі оған 5 АЕК есебінде айыппұл салынады, - дейді полиция майоры.

_VIT7226.jpg

Устинка LIVE/ фото редакция мұрағатынан


Тәртіп сақшылары малдың иесін бірден тауып алады. Өйткені жол дистанциясы қызметкерлері елді мекенде тұратын шаруалардың барлығын тексеріп, малының тізімін жасап, ен-таңбасын анықтап жүреді. Тәртіп сақшылары мал иесін таба алмаған жағдайда, оларды анықтауға темір жол жұмысшылары көмектеседі.

Малдың иесі үкіметке айыппұл ғана төлеп қоймай, пойыздың техникалық жағдайына да зиян келтіріп, локомотивтің шамы мен терезесі сынса оның шығынын да өтеуі мүмкін. Сондықтан желілік полиция қызметкерлері тұрғындардан мал мен жанына ие болып, сақ болса деп өтініш білдіреді.


2017 жылы 236 пойыздың шұғыл тоқтатылуы болған.

Оның ішінде пойыз 48 рет адамның, 168 рет малдың, 17 рет рельске тұрып қалған көліктің кесірінен, 2 рет тоқтау кранының басылып кетуінен шұғыл тоқтатылған.

Бес адам пойыздың астына түссе, екеуі өлім құшқан. 


Пойызға тас лақтыратындар бар

Желілік полиция қызметкері балалардың пойыз бен рельсті қызық көріп, көп шалағайлыққа баратындығын айтады. Мәселен, Өскемен қаласындағы Согра, Бабкина Мельница, Защита ауданындағы балалар мен мектеп оқушылары темір жолды заңсыз жерден жиі кесіп өтеді әрі жазда рельстің бойына велосипедтерін тастап, өз жөнімен кетіп қалатын көрінеді. Арасында пойыздың қалай өтетіндігін қызық көріп, рельстің үстіне тас үйіп қоятындары да бар.

- Ал пойыз үйілген тастан бір рет, екі рет, үш рет... өтіп кетті делік. Бірақ түптің түбінде пойыздың темір дөңгелегі сынып, вагонның аударылуына әкеп соғуы мүмкін ғой. Мұнымен ойнауға болмайды. Бұл - адамның тағдыры, - дейді Лариса Азанбекқызы.

Балалар мен жасөспірімдердің, кейде маскүнемдердің арасында пойызға қарай тас лақтыратындары бар екен. Мәселен, лақтырған тастың пойыздың терезесін сындырып, сынған шыны вагонда отырған бір жастағы баланың көзіне кіріп кеткен, не болмаса, ұшқан тастың вагон ортасындағы темекі шегетін орынға шыққан ер адамның басына кеп тиген кездері болған.

Былтыр осындай бір оқиға болған. Өскемен қаласы маңында жүріп бара жатқан пойызға тас лақтырған адам - мас тұрғын болып шыққан. Қуанышқа орай, пойызда жолаушы болмаған.


Тоқтау кранын басуға болмайды

Жолаушылардың басым бөлігі тоқтау кранының не екенін әрі оны қасақана қолданудың неге соғарын білмейді. Облыста былтыр тоқтау кранын басып қалған екі жолаушының кесірінен пойыз шұғыл тежегішті іске қосқан.

- Өскеменнен Алматыға бара жатқан бір жолаушы үстіңгі төсектен түсіп келе жатып, байқамай тоқтау кранын басып қалған. Пойыз кілт тоқтап, жолсерік қызметкерлердің барлығы жолаушыға дауыс көтере бастаған. Ал жолаушы өзінің не істеп қойғанын түсінбеген. Заңнамада азамат қандай құқықбұзушылық жасасын не жасамасын, оның зардабы шықса, онда ол міндетті түрде жауапқа тартылуы тиіс. Жолаушы тоқтау кранын абайсызда басып қалса да, оған айыппұл салынады. Бұл жайында Әкімшілік кодекстің 560-бабының 1-тармағында көрсетілген, - дейді полиция майоры.


Тұрғындар абай болуы қажет

Қалай десек те, темір жол бойындағы қауіпсіздікке, ең алдымен, адамның өзі жауапты. Адамның өмірі мен денсаулығы өзінің қолында. Әрбір ісіне де өзі жауапты.

- Егер тұрғындар темір жол бойында қарапайым ғана қауіпсіздік шараларын орындап, оны әдетке айналдырса, жоғарыда айтылған оқиғалардың бірде бірі болмас еді. Темір жолдан өтер алдында маңайына мұқият қарап, пойыздың келе жатқанын не жоқ екендігін анықтап алуы қажет. Пойыз ұзақта келе жатса да сигнал беріп жүреді. Сондықтан дыбысқа мән берген жөн. Кейін темір жолдан көпір мен жүргіншілер жолы арқылы өту қажет. Асықпаған жөн. "Асыққан етегіне сүрінер" дейді халқымыз. Ал оқыс оқиғаның көбі асығудан болады. Әйтпесе, алыста келе жатқан пойыздың адамды бірден қағып кетуі мүмкін емес. Адамдар пойыздың жақындап қалғанын біле тұра, асығып жолдан өтіп кеткісі келеді, - дейді Лариса Бектасова.

Маман кеңесі - фото С (2).jpg

фотода Лариса Бектасов/ фото С. Сухановтікі


Былтыр облыста бес адам пойыздың астына түскен. Оның екеуі оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал қалғандары ауыр жарақат алған. Сондықтан мүлт кеткен қателік біреудің тағдырын шешуі мүмкін.

Полиция қызметкері темір жол бойында қауіпсіздік сақтаудың кейбір ережелерін түсіндіріп берді.

- Пойыз жақындап келе жатқанда платформаның шетінде тұруға болмайды. Пойыз жақындаған кезде артқа қарай бес метр шегініп тұру керек. Ал тальго пойызының жылдамдығы жоғары болғандықтан, жақын тұрған адамның өзін рельске қарай ұшырып әкетуі мүмкін. Сондықтан темір жолдан барынша алыс тұрған жөн. Темір жол маңында ойнап, босқа жүгіріп, артық қимыл жасамаған дұрыс. Құлаққап киіп жүруге болмайды. Өйткені пойыздың дабылын естімей қалуыңыз мүмкін. Вагондардың астынан өтуге тыйым салынған, - дейді желілік полиция қызметкері.

Егер жолаушы аталған қауіпсіздік шараларын бұзған болса, оған ескерту жасалады не 5 АЕК есебінде айыппұл салынады. 

Следующая →