Алтай қаласындағы "Жас сарбаз" сыныбының оқушылары ант қабылдады
Алтай қаласындағы №8 орта мектептің оқушылары жылдағы игі дәстүрге сай "Жас сарбаз" сыныбына қабылданды
Оқушылар өз елінің патриоты болуға әзір екендіктерін салтанатты түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Жас сарбаз" қатарына іліккен бозбала жан-жақты, саяси тұрғыдан сауатты, өзгелерге үлгі болуы тиіс. Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдегендей, салтанатты шарада Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы ортаға шығарылып, әнұран орындалды. Осыдан кейін жиынның ең жауапты сәті - ант қабылдау рәсімі өтіп, "Жас сарбаз" ұйымы қатарына қабылданушыларға арнайы куәліктер табысталды.
Жас өрендер мектеп қабырғасында алған машық-дағдыларын, игерген саптық амалдары мен дефилесі көпшіліктің назарына ұсынылды.
Мен үшін бүгін қуанышты әрі жауапты күн. Бұдан былай мен өз қатарластарыма сабақта да, мектептен тыс уақытта да үлгі болуым керек. Өз елімнің нағыз патриоты болуға салтанатты түрде ант етемін, – дейді жас сарбаз Аниев Санжар.
Алтай қаласындағы №8 ортамектебінде қазіргі таңда "Жас сарбаз" сыныбы жемісті жұмыс істеп келеді. Мұнда болашақта Отан қорғаушылар қатарын толтыратын, келешегін әскери қызметпен байланыстырғысы келетін балалар тәлім алып жатыр.
Жас сарбаздар осы уақыттан бастап жүктелген міндет пен тапсырмаларды мүлтіксіз орындауды, сабақтарын жақсы оқулары тиіс. Мектебімізде құрылған мұндай сынып әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуге бағытталған, - дейді сынып жетекшісі Бекзат Құнанбаев.