Алматы-Өскемен тас жолында жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады
Екі дәрігер жарақат алып, ауруханаға жеткізілді
Жол-көлік оқиғасы Жетісу облысындағы Алматы-Өскемен тас жолының 337-ші шақырымында орын алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Жетісу облыстық ПД ақпаратына сүйеніп.
Жетісу облысының Ақсу ауданында үш автокөліктің қатысуымен орын алған жол көлік оқиғасында екі медицина қызметкері зардап шекті. Жол апатын тексерумен аудандық полиция қызметкерлері айналысуда.
Оқиға «Алматы-Өскемен» автожолының 337 шақырымында орын алды, онда «Мазда-626» жеңіл автокөлігі, «Камаз» жүк көлігі және «JAC» минивэн (жедел жәрдем көлігі) соқтығысты. Жол апатынан екі дәрігер зардап шекті, олар әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің бірі кейін амбулаториялық емделуге жіберілді, - делінген хабарламада.
Автокөліктер арнайы автотұраққа орналастырылып, іс жүзінде қажетті сараптамалар тағайындалды.
Аймақ полициясы автокөлік жүргізушілеріне ауа райының нашарлауы туралы ескертеді және көлік жолдарында аса сақ болуды сұрайды. Облыс аумағында соңғы бірнеше күнде қар, боран және көктайғақ орын алады.