Өскеменде үздік сарбаздар марапатталды
Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің 1-мотоатқыштар және шабуылдау батальонында мерзімді әскери қызметінде жүрген сарбаздардың үздіктері анықталды

Жауынгерлік және дене дайындығында жоғары нәтижелер көрсетіп, әскери тәртіп пен қызметтік міндеттерді үлгілі орындаған бірқатар сарбаз әскери бөлім командирінің бұйрығымен "Үздік сарбаз" төсбелгісіне ие болды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Үздік сарбаз" төсбелгісі – жас жауынгерлер үшін жаңа жетістіктерге жетелейтін маңызды ынталандыру. Бұл марапат – сарбаздардың күнделікті қарқынды даярлықтағы табандылығының, жауапкершілігінің және әскери борышқа адалдығының айқын көрінісі. Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін жауынгерлер физикалық төзімділікпен қатар, тактикалық машықтарын жетілдіріп, бөлімшенің жауынгерлік әзірлігін нығайтуға өз үлестерін қосуда.
Бүгін марапатталған сарбаздар – батальонымыздың мақтанышы. Олар жауынгерлік дайындықта, дене шынықтыруда және тәртіпте жоғары деңгей көрсетті. Мұндай сарбаздар әскери қызметтің мәнін терең түсініп, Отан алдындағы борышты абыроймен атқарудың үлгісін көрсетіп жүр. Алдағы уақытта да осы қарқынды сақтап, өзгелерге өнеге болады деп сенемін, – деді батальон командирі майор Нұрсұлтан Иманғали.