Өскеменде Конституция күніне орай аналар шеруі өтті
Оған Шығыс Қазақстан облысының орталығы мен аудандарынан келген аналар мен балалары қатысты

Көпбалалы аналар өзара сайысқа түсіп, жиылған көпшілікке ән мен биден шашу шашты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ҚР Конституциясы және қала күні қарсаңында ұйымдастырылған "Ана – ұрпақтың шамшырағы" шеруінде ақ кимешекті әжелер мен ақ жаулықты аналар Үлбі өзенінің бойымен жүріп өтті. Шараны Өскемен қалалық әкімдігінің қолдауымен жергілікті "Jan Ana" қоғамдық бірлестігі мүшелері ұйымдастырған.
Конституциямыздың 30 жылдығы мен қала күні баршаңызға құтты болсын! Бұл шара Өскемен қаласының тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау үшін және ұлттық өнерді көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осы іс-шараға атсалысқан "Jan Ana" қоғамдық бірлестігіне алғысымды білдіремін, - деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит.
Көпшілікті әсем әнмен тербеп, би билеп, мерекелік көңіл күй сыйлаған ақ жаулықты аналар мен балаларының өздері.
Конституция күні мен қала күніне арнап көпбалалы отбасылардың шеруі ұйымдастырылды. Осылайша туып-өскен жерімізді ұлықтап, кейінгі ұрпақтың бойына патриоттық сезімнің дәнегін себуді мақсат еттік, - дейді "Jan Ana" қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Гүлжамал Қаржауқызы.
"Казцинк" ЖШС демеушілігімен Аналар мен олардың балалары арасында үш кезеңнен тұратын сайыс өтті. Байқау шарты бойынша сайыс қатысушылары ұлттық киім үлгісін көрсетіп, қала күніне өз арнауларын тарту етіп, қолөнер туындыларын таныстырды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байқау қорытындысы:
- Бас жүлде - жеті баланың анасы Нұргүл Жанарбекқызы
- 1-орын – алтын құрсақты Уазира Қабыл
- 2-орын - төрт баланың анасы Нұрай Айдарханова
- 3-орын - бес баланың анасы Айымгүл Көккөзова