Тарбағатай ұлттық паркінде сирек көзге түсетін "сабаншы" (манул) жүр
Ұлттық парктің "Тарбағатай" (зоологиялы) қаумалы аумағын бақылау кезінде қызметкерлердің назарына жабайы мысық іліккен
Елімізде 1976 жылдан бастап сабаншыны (манул) аулауға тыйым салынған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Еліміздегі 13-ші ұлттық Үржар ауданында орналасқандығын еске сала кетейік.
Сабаншының видеоға іліккені ұлттық парктің ғылыми зерттеу жұмысы үшін үлкен жаңалық, - дейді мекеменің ғылыми бөлімінің басшысы Жаңылхан Әлімсейітова. - Аталған тіршілік иесі өте сирек кездесетін және саны аз болғандықтан Ресейдің, Тәжікстанның, Қырғызстанның және Қазақстанның Қызыл кітаптарына енген. Сабаншы ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет ететін жабайы жануардың түрі болғандықтан ұлттық парктің ғылыми қызметкерлері алдағы уақытта айлалы жыртқышқа зерттеу жұмыстарын жалғастырады.
Мамандардың айтуынша, сабаншы – аса сақ әрі жасырын тіршілік ететін жыртқыш сүтқоректі аң.
Мысықтар тұқымдасына жататын жануар денесінің бір шаршы сантиметрінде 9 мыңға дейін түк өсуі мүмкін. Сондықтан олар -50°C суыққа шыдайды. Бір орында қоныс аудармай тіршілік ететін жыртқыш аң. Қорегін ымыртта және түнде іздейтіндіктен, оның тіршілік әрекеттері туралы ғылыми деректер аз.
Тарбағатай ұлттық паркінің қызметкерлері ұсынған ақпаратқа сүйенсек, інін тас қуыстарына салып, суырлардың індерін де пайдаланады. Көбіне жеке жүреді, тек көбейер кезде ғана жұп құрып, жылына бір рет ұрпақ береді. Ақпан-сәуір айларында мауығып, аталықтары бір жерге топтанғанда мысықтың дыбысына мүлдем ұқсамайтын иттің үргеніндей жіңішке шыңғырған ащы дыбыс шығарады. Сәуір-мамыр айларында 3-4 күшік туады. Туғанда күшіктерінің көздері жұмулы, денесі қалың түкті болады.
Сабаншы қауіп төнген кезде денесімен жер бауырлап қимылсыз жатып алып айламен жасырынатынын бейнематериалдан көруге болады. Айбат шегіп жауына сес те көрсете алады. Таралу саны көп емес. Елімізде 1976 жылдан бастап аулауға қатаң тыйым салынған. Ол көбіне суырлармен, шақылдақтармен, тоқалтістермен, ұсақ құстармен қоректенеді. Басты жауы – қасқыр, - дейді ұлттық парктің ғылыми бөлімінің басшысы Жаңылхан Әлімсейітова.