Оралхан Бөкей атындағы "Ауыл хикаялары" республикалық байқау жеңімпаздары марапатталды
Оралхан Бөкей атындағы тұңғыш байқауға еліміздің әр өңірінен қатысқан жас жазушылар Өскемен қаласында бас қосты
Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО филиалы және Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған бұл байқау жыл басында басталып, жазушының туған күнінде мәресіне жетті.
Байқаудың "Ауыл хикаялары" деп аталуының да өзіндік мәні бар. Жазушының осы шығармасының атауымен "Ауыл хикаялары" деп жарияланған байқаудың мақсаты – ауылды және ауылдағы нағыз қазақтарды дәріптеу; ел мүддесін қара сөзбен жеткізетін қаламгер дарындарды қолдау, қанаттандыру.
Оралхан Бөкей атындағы байқауға еліміздің Абай, Ақтөбе, Астана, Павлодар аймақтарынан қатысқан жас қаламгерлер кеше Өскеменге ат арытып жетті.
Оралхан Бөкейдің туған күніне орай ұйымдастырылған шараның алғашқы қадамы ЖМК ықшам ауданындағы Оралхан ескерткішінен басталды. Алыстан ат терлетіп, жазушының жандүниесіне үңілген жас қаламгерлер мен қаламдастары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Алтайдың "Кербұғысын" еске алды.
Кейін қонақтар Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы №44 мектепке барып, қаламгердің музейімен танысты.
Кейбір азаматтар Оралханның ескерткішінде дүниеге келген күнімен, қайтқан күнін жазу керектігін айтып жатыр. Менің ойымша, сол ескерткішке жазылмағаны дұрыс. Өйткені Оралхан Алтайда тірі адам! Жазушының шығармалары өміршеңдік күшке ие, - дейді Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі Асқар Алтай.
Артынша облыс орталығындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапханаға келіп, жеңімпаздарды марапаттау кешіне қатысты.
Байқауға еліміздің әр облысынан 30-дан аса шығарма келіп түсті, - деп мәлімдеді кітапхананың баспасөз қызметі. - Оралхан Бөкейдің жан досы, рухани сырласы, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, "Парасат" орденінің иегері Әлібек Асқаров; Оралхан Бөкейдің өзі "Асқар Алтай" деп атаған жазушы, Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, "Құрмет" орденінің иегері, Халықаралық "Сорос" қоры байқауының жеңімпазы Асқар Алтай және Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев әділқазы болып, үздік шығарманы таңдады.
30-дан астам шығарманың арасынан Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының қызметкері Қуат Қиықбай "Аран" әңгімесі жеңімпаз деп танылды.
Ал 2-орын Ақтөбе облысы, Байғанин аудандық білім бөлімінің әдіскері Бақыт Жалиеваның "Аққұмдағы хикаясына" бұйырса, 3-орын өскемендік Ақиқат Сәрсембаевтың "Үкілеген үміт" шығармасына лайық деп танылды.
Басқа қатысушылар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Айта кеткен жөн, байқауға қатысушылардың ішіндегі жасы ең кішісі 14-те. Яғни, қазақ әдебиетінің көші ешқашан тоқтамайтындығына тағы бір мәрте көз жеткендей.
Келер жылы Алтайдың мұзбалағы Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толады. Осыған орай, бұндай әдеби шаралар әлі де жалғасын табатын болады.