Алакөлдің маңынан көне қала орны табылды
Үржар ауданынан табылған бұл қала ХІІ-ХІІІ ғасырларға жатады
Археологтар Үржар ауданынан шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын көне қала орнын тапты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Абай облысы әкімдігінің ақпаратына сүйеніп.
Аумағы 10 мың шаршы метрді алатын тарихи орындағы ғимараттардың қабырғалары жақсы сақталған. Мамандар осыған дейін еліміздің шығыс өңірінде қала мәдениетіне қазба жұмыстары жүргізілмегендігін айтады.
Абай облысы әкімдігі мәлімдегендей, табылған шаһар айналасына терең ор қазылған. Сол себепті археологтар мұны Үгедей ханның қорғаны болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Тарихта Ертіс маңында 12 қала болғандығы жайлы деректер бар. Анықталып отырған көне шаһар солардың алғашқысы болуы мүмкін. Ол Алакөлге жақын маңда орналасқандықтан, келешекте туристер тамашалайтын тарихи орынға айналуы мүмкін.
Алакөл маңында ірілі-ұсақты жиырма шақты қаланың орындары бар. Бұл солардың арасындағы көлемі жағынан ең үлкені. Төрт мұранасы конус тәрізді, төрт қақпасы бар. Шығыс, батыс, оңтүстік қақпалары доғал. Солтүстік қақпасы төртбұрышы. Ішінде мықты қорғаныс жүйесі бар. Солтүстік қақпа өте құпия жолмен жасалған тәрізді. Өйткені ішінен де, сыртынан да ор қазылып, су толтырып, қорғаныс жүйесі жасалған, - дейді археолог Ерден Оралбай.