Бүркіттөбедегі құсбегілер чемпионаты мәресіне жетті
Ұлан ауданының Бозанбай ауылында құсбегіліктен ересектер арасындағы XVII ҚР чемпионаты өтті
Республиканың түкпір-түкпірінен келген құсбегілер биыл Бозанбайдағы Бүркіттөбеде осымен екінші рет бас қосып тұр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Құсбегілер үш күн бойы қырандарының бабын, қаршығасы мен ителгісінің алғырлығын сынады.
Ұлттық спорт қауымдастығының ақпаратына сүйенсек, сайысқа еліміздің 12 облысынан 59 бүркіт, 14 қаршыға, 21 ителгі әкелінген. Қатысушылардың арасында әлемге аты белгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы да бар.
Сайыстың бірінші күні құсбегілер үшін оңайға соққан жоқ. Өйткені облыс аумағында қатты жел мен ақ түтек боран басталған еді. Алайда қазақ халқының қанына сіңген бегзада өнерді дамытып жүрген құсбегілер ауа райының қолайсызыдығына қарамай, жарысты жалғастырды.
Жарыс нәтижесі бойынша атыраулық құсбегі Сармат Әбдікәрімұлының қыраны 2024 жылғы чемпион атанды. Ал 2-орын Аян Сейітжанға (Алматы), 3-орын Алан Ысқақовқа (Павлодар) бұйырды.
Өңірде құсбегілік өнердің дамуына облыс әкімі мен жергілікті әкімдік қолдау көрсетуде. Оның үстіне Бозанбайға аты әлемге танымал бүркітші қыз Айшолпан да отбасымен көшіп келген.
Біраз уақыт болды, Бозанбай ауылына келіп қоныстанып жатырмыз. Осында қоныстануымызға облыс әкімі мен аудан әкімі қолдау көрсетті. Енді Бозанбай ауылында бүркітшілер орталығы ашылады деп жоспарлануда. Сол орталық арқылы ұлттық өнерімізді насихаттауға, жастарға үйретуге үлес қоссам деген ой бар. Бұл жолғы жарыс жақсы өтіп жатыр, - дейді Айшолпанның әкесі, құсбегі Нұрғайып Ырысұлы.
Жарыс жеңімпаздары Астанада өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын болады.