Шығыстың кикбоксшылары Үндістанда үздіктер қатарынан көрінді
8-11 ақпан күндері Үндістан мемлекетінің Дели қаласында кикбоксингтен “INDIA OPEN” халықаралық турнирі өтті
Жерлесіміз Мақсат Ерланұлы мен Ернұр Қайырбеков тұғыр сатысына жайғасты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Нью-Дели қаласында өткен ауқымды аламанға әлемнің 10-нан астам мемлекетінен 200-ге жуық спортшы қатысты.
Осы бәсекеге тыңғылықты әзірлік жүргізіп барған жерлесіміз Мақсат Ерланұлы 75 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, қарсылас шақ келтірмеді. С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да "Дене шынықтыру және спорт" мамандығының 2-курсында білім алатын студент бірнеше мықтыны жолынан ығыстырды. Айтуынша, қарсыластары шетінен мықты. Әсіресе алтын медальді сарапқа салғанда Ирактан келген кикбоксшының қарқыны қатты болған.
Сапалы дайындық нәтижесінде жарыс кезінде біршама жеңіл тиді. Бапкерлер нұсқаулығын бұлжытпай орындап, финалға дейін сүрінбедім. Шешуші сында бар мүмкіндігімді паш етіп, жеңіске жеттім, - деді Мақсат Ерланұлы.