Катонқарағайдағы ұсақ малы індет жұқтырғандарға өтемақы төлене ме?
Наурыз айының басында Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай, Жаңа Үлгі ауылдарында ұсақ малдан ауру анықталған болатын
Мүйізді ұсақ мал арасында қой күлі (оспа) ауруының пайда болуына байланысты бұл ауылдарда карантин жарияланған еді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Негізі алғашқы жағдай осы жылдың 17 ақпанында тіркелген. Қазіргі таңда ауырған малдың саны 200-ден асқан. Бірақ өлгендері жоқ.
Қазір елді мекендерде республикалық эпизоотияға қарсы жасақ жұмыс істеп жатыр. Мамандар арнайы техникамен 18 мың шаршы метр аумақты залалсыздандырды. 8 мың ұсақ малға вакцина салынды. Карантиндік шаралар жалғасып жатыр, – деді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанұлы.
Мал шығыны болған жоқ, сондықтан да шаруаларға өтемақы төленбейді.
Бұл дертке ұшыраған мал сойысқа жарамды. Оның үстіне аталмыш ауру өңге ірі қараға және адамға жұғып кетпейді. Карантиндік шаралардан кейін шаруалар малын емін-еркін өрістете береді. Сондықтан өтемақыға қатысты ауыл адамдары да арыз-шағым айтпады, - деді Катонқарағай ауданының әкімі.