Қазақстан мен Ресей суретшілері Катонқарағайда бас қосты
Катонқарағай ауданында "Табиғаты кербез, тарихы терең өр Алтай" атты Халықаралық пленэрі өтті
Плэнерді ұйымдастырған Топқайың ауылының тумасы, бүгінде астанадағы ARTUMAR галереясының директоры, өнертанушы Гүлфайруз Нүріскенова, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі жергілікті "Арай" басылымына сілтеме жасап.
Екі апта уақыт бойы Жұмақын Қайрамбаев, Досбол Қасымов, Хамза Кикімов, Бақытнұр Бүрдесбеков, Геймран Баймұқанов Абай Шұншалинов сынды танымал суретшілер Белқарағай, Топқайың, Катонқарағай, Берел қорық-музейінің аумағына саяхат жасап, өр Алтайдың тұмса табиғатын, ауыл көріністерін қылқаламмен бейнелеген.
Шығыс Қазақстан, соның ішінде Катонқарағай жері білгенімізше, тарихымен ғана емес, адамды өзіне ғашық етер ерекше сұлулығымен де бай екеніне көзім жетті, - дейді Ресей Суретшілер Одағының мүшесі, профессор, суретші-кескіндемеші Геймран Баймұханов. - Әр сай-саласы, тау-тасы, орман-тоғайы, мекен етіп жатқан адамдардың өмірі тұнып тұрған тарих. Тарихы терең, табиғаты әспетті осындай жерді ақын-жазушылар өз шығармаларында қалай жырласа, суретшілер салған бейнелері арқылы өзінше баян етеді. Суретшінің жүрегі өте нәзік болып келеді. Қарапайым адамда оны әсте түсіне бермейді. Ал нәзіктік ол сұлулықты қалап тұрады. Алтай табиғатының сұлулығы таң қалдырады, өзіне тартады, сүйсіндіреді. Осы жаққа келген сапарым соңғы емес деп ойлаймын, реті келіп, жол түссе, міндетті түрде қайта ораламын.