Катонқарағайда фототұзаққа сілеусін ілікті
Сирек кездесетін әрі тылсым жыртқыш Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орнатылған фотокамераға түсіп қалған

Сілеусін аса сақ аң болғандықтан ол фототұзаққа да жиі іліге бермейді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі
Сілеусін – сүтқоректілер класы жыртқыштар отрядының мысықтар тұқымдасына жататын жыртқыш аң, өте сақ, есту қабілеті күшті. Сілеусіннің құлағында қылшықты шашағы, ал екі ұртында сәнді сақалы болады. Сілеусін таулы алқаптардың қылқан және жалпақ жапырақты орман өскен белдеулерінде таралған. Оның дене тұрқының ұзындығы 87-104 см, салмағы 13,2 - 23,2 кг дейін жетеді.
Осы фототұзақ бұған дейін тау шыңдарының патшасы - қар барысын да түсірген еді. Осы сирек кадрлардың арқасында біз жабайы табиғаттың таңғажайып әлемін жақсырақ түсіне аламыз, - дейді ұлттық парк қызметкерлері.