Енді Қазақстаннан тікелей Мумбайға ұшуға болады
Сәуірден бастан Алматы-Мумбай бағыты бойынша Үндістанға рейстер ашылады

Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етпек, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі ұшулар географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша ұшулар санын арттыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.
Осылайша, туризмді дамыту мақсатында биылғы жылдың 20 сәуірінен бастап "Air Astana" әуекомпаниясы Алматы – Мумбай бағыты бойынша Үндістанға рейстер ашады. Рейстер аптасына үш рет Airbus ұшақтарында орындалады. Осылайша, елдер арасындағы жолаушылар рейсі 3 әуе компаниясының 4 әуе бағыты бойынша аптасына 21-ге дейін артады.
Айта кеткен жөн, қазіргі уақытта Алматы – Дели (Air Astana және IndiGo әуе компаниялары аптасына 7 рейс орындайды), Алматы – Гоа (SCAT – 2 рейс) және Астана – Гоа (Fly Arystan – 2 рейс) бағыттарында тұрақты әуе қатынасы жүзеге асырылады.
Алматы–Мумбай бағытындағы рейстер Airbus ұшақтарымен аптасына үш рет: жексенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері орындалады. Алғашқы рейс Алматыдан 20 сәуір күні 04:30-да ұшып, Мумбайға келесі күні жергілікті уақыт бойынша 09.55-те келіп қонады. Мумбайдан қайтатын рейс 11.00-де ұшып, Алматыға 14.45-те жетеді. Алматыдан Мумбайға дейін ұшу уақыты 4 сағат 50 минутты, кері бағытта 4 сағат 20 минутты құрайды, - деп мәлімдеді "Air Astana" әуекомпаниясының баспасөз қызметі. - Билеттердің екі жаққа бағасы барлық алымдар мен салықтарды қоса алғанда, эконом-класта 210 201 теңгеден, ал бизнес-класта 588 202 теңгеден басталады. Билеттер airastana.com сайтында қолжетімді.