ШҚО-ға өзге өңірлерден былтырдан бері 500-ден астам адам көшіп келген
Ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы бойынша өзге өңірлерден ШҚО-ға былтыр 372 адам, ал жыл басынан бері 159 адам көшіп келген
Солардың бірі - Иристаева Гузал Эргашбековна, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ол былтыр наурыз айында жұбайы екеуі Түркістан облысынан қоныс аударып, қазіргі таңда Шемонаиха ауданында тұрып жатыр. Рулиха орта мектебінде өзі ағылшын тілінен сабақ берсе, жұбайы информатика пәнінің оқытушысы болып жұмыс істейді.
Гузал Эргашбековнаға бағдарлама шеңберінде материалдық төлем түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді: көшуге өтемақы, сондай-ақ тұрғын үйді меншікке сатып алғанға дейін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды өтеуге төлемдер алды, - дейді Шемонаиха ауданы бойынша Мансап орталығының маманы. - Бағдарлама аясында ол экономикалық ұтқырлық сертификатын пайдаланып, Рулиха ауылында тұрғын үй сатып алды.
Жалпы Шемонаиха ауданына Гузал сынды былтыр 61 адам қоныс аударса, биыл 4 адам көшіп келген.
Еңбек тапшылығы бар өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік теңгерімсіздіктер мен демографиялық теңгерімсіздіктерді жою мақсатында "Қуатты өңірлер - елді дамытудың драйвері" ұлттық жобасы шеңберінде ШҚО 3 қала мен 6 облыстан ерікті түрде қоныс аударушы адамдарды қабылдап, оларды жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етуде.
Шығыс Қазақстан облысына Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, Жетісу облыстарынан келуге ниетті азаматтарды қабылдау үшін биылға жалпы 641 квота бөлінген (қоныс аударушыларға 372, қандастарға 269 ), - дейді Еңбек мобильділігі орталығының маманы Күміс Жанұзаққызы. - Жыл басынан бері 13 мамырға дейін облысқа барлығы 159 адам, 57 отбасы қоныс аударған. Ал былтыр 372 адам, 128 отбасы ШҚО-ға өзге өңірлерден көшіп келді.
Ерікті түрде қоныс аударушыларға көрсетілетін материалдық көмек қандай?
- Көшуге арналған шығыстарды өтеу – бір уақытта бір басшыға және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде жүзеге асырылады.
- Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу жөніндегі шығыстарды өтеу тұрғын үй сатып алынғанға дейін ай сайын, бірақ он екі айдан аспайтын мынадай мөлшерде ұсынылады: бір адам үшін 20 АЕК мөлшерінде; отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болғанда 25 АЕК мөлшерінде; отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болған кезде 30 АЕК мөлшерінде.
Сондай-ақ, э кономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Бұл дегеніміз - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама шеңберінде тұрғын үй сатып алу кезінде тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна және (немесе) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары үшін ақшалай төлем нысанында материалдық көмек. Экономикалық ұтқырлық сертификаты қоныстанушы тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үй сатып алу кезінде және тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 1 160 АЕК-тен аспайтын мөлшерде ұсынылады.
Қазіргі таңда Өскемен мен Риддер қалаларына квотаға өтініштер толып қойды. Қоныс аударушыларға көбінесе Күршім, Марқакөл сынды шекаралық аудандар мен Үлкен Нарын мен Самар сынды жаңадан құрылған аудандарға көшуді ұсынамыз. Өйткені жаңа құрылған аудандарда барлық сала бойынша мамандар жетіспейді. Сондай-ақ, аудан әкімдіктері де қоныстанушыларға қолдау білдіруге дайын, кәсіппен айналысуға да көмектеседі, - дейді Еңбек мобильділігі орталығының маманы Күміс Жанұзаққызы.